Өлең жолдарын қайталау
Білімділік мақсаты
Балаларға еңбек және еңбексүйгіштік туралы түсінік беру.
Дамытушылық мақсаты
Еңбек ету дағдыларын дамыту.
Тәрбиелік мақсаты
Еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
Әрекет кезеңдерін көрсететін суреттер.
Мотивациялық-қозғаушы кезең
Шаттық шеңбері
Педагог балалармен бірге А. Меңжанованың «Болайықшы осындай» өлеңін қайталап айтады. Балалар шеңбер бойына жиналып, бір-бірімен амандасады.
Жақсы бала еңбекшіл,
Ер азамат болады.
Қиындықты жеңіп кіл,
Құшағы гүлге толады.
Еңбекшіл осындай
Болайықшы, досым-ай.
Ұйымдастырушылық-ізденушілік кезең
Сергіту сәті
Балалар қимыл-қозғалыс арқылы сергіп, сабаққа назарын шоғырландырады.
Әңгімелесу
Талқылау сұрақтары
- Еңбекқор бала деп қандай баланы айта аламыз?
- Сендер үйде және топта үлкендерге қалай көмектесесіңдер?
Балалардың жауаптары тыңдалып, педагог қорытынды жасайды: әр бала кішкентай болса да ата-анасына, отбасы мүшелеріне және топтағы үлкендерге көмектесіп, қолғабыс көрсетуі керек.
Күнделікті пайдалы әрекеттер
- Киімді реттеп қою
- Таңертеңгі жаттығу жасау
- Тіс тазалау
- Ойыншықтарды жинау
Үй мен ауладағы жұмыстар
- Гүлге су құю
- Ыдыстарды жинау және жуу
- Есіктің алдын сыпыру
- Үйді реттеу, еден жуу
Осы әрекеттерді тұрақты орындайтын баланы еңбекқор, тілалғыш, ұқыпты деп атаймыз. Жастайынан еңбекке бейім болған балаға жұрттың ықыласы артып, үлкендердің алғысы мен батасына бөленеді.
Әңгімелеу
Педагог балалардың еңбек және еңбексүйгіштік туралы түсінігін кеңейту үшін М. Т. Өрежановтың «Ертеңге қалдыруға бола ма?» әңгімесін оқып береді.
Ойын: «Мен еңбекқор баламын»
Топтық ойынБалалар дөңгелене тұрады. Ойын бастаушы допты бір балаға лақтырады. Допты қағып алған бала үйде қандай жұмыс істейтінін айтып, допты келесі балаға лақтырады.
Шығармашылық жұмыс: «Еңбек ер атандырады»
Педагог балалармен бірге үйден әкелген заттарды қарап, ата-аналары мен отбасы мүшелерінің қайда және қандай қызмет атқаратыны туралы әңгімелеседі. Балалар алғыс хаттар, құрмет грамоталары, медальдар мен ордендердің не үшін берілгенін айтып, сол материалдардан альбом, қабырға газеті немесе стенд дайындайды. Нәтижесінде «Еңбек ер атандырады» атты шағын көрме ұйымдастырылады.
Бұл жобаға отбасы мүшелерін қатыстыруға болады.
Дәйексөз
«Еңбек ер атандырады.»
Педагог бұл мақалдың мағынасын түсіндіреді: адамды біліміне, спорттағы жетістігіне және сіңірген еңбегіне қарай ел бағалайды. Еңбек адамға абырой әкеліп, көпшілікке танытады. Еңбек еткен адам алғысқа бөленіп, жеңіс пен қуаныш сезінеді.
Дәптермен жұмыс
Балалар дәптердегі суреттер бойынша әңгіме құрастырып, суреттерді бояйды.
Сергіту сәті (қимылмен)
Өлең мазмұнына сәйкес қимыл-қозғалыстар жасалады.
Мынау — менің жүрегім,
Бәрі осыдан басталған.
Мынау — басым ақылды,
Бәрін осы атқарған.
Мынау — менің оң қолым,
Мынау — менің сол қолым,
Барлық істі атқарған.
Венн диаграммасы: «Жақсы — жаман»
Балалар жақсы және жаман істер бейнеленген суреттерді екі шеңберге бөліп орналастырады. Тапсырма арқылы күнделікті әрекеттерді салыстырып, дұрыс таңдауға үйренеді.
Рефлексивті-түзетуші кезең
Қорытындылау
Бүгінгі сабақта балалар ата-анасының айтқанын тыңдап, тапсырманы ұқыпты орындау арқылы тілалғыш, жинақы, еңбексүйгіш болуды үйренді. Еңбек етудің қуаныш екенін, еңбектің бірлікке, достыққа және жақсылыққа жетелейтінін түсінді.
Жүректен жүрекке
Балалар шеңбер бойына тұрып, Н. Жанаевтың «Еңбек» өлеңін педагогпен бірге қайталайды.
Гүл өсірсең терлеп,
Мұның аты — еңбек.
Кесте тіксең зерлеп,
Мұның аты — еңбек.
Қырға шықсаң өрлеп,
Мұның аты — еңбек.
Қиындықтың бәрін
Еңбек қана жеңбек.
Мадақтау
Балалардың белсенділігі мен ықыласы атап өтіліп, еңбексүйгіштікке баулитын жақсы әдеттері мадақталады.
Күтілетін нәтиже
Нені білу керек
«Еңбек ер атандырады» мақалын және оның мағынасын.
Білу керек
Еңбектің барлық түрі қадірлі, пайдалы екенін.
Нені игерді
Еңбек етудің қуаныш екенін және еңбектің бірлікке, достыққа, жақсылыққа жетелейтінін.