Шәкіртіне аяулы, Нұрын төккен ұстазым

Салтанатты ашылу

Фанфарлар ойнайды. Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалады.

1-жүргізуші

Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, ата-аналар, шәкірттер! Бүгін бәріміз үшін ерекше күн. «Бастауышым – балбұлағым!» атты мерекелік кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!

І бөлім

Осыдан төрт жыл бұрын 1-қыркүйекте мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер бүгін бойы да, ойы да өсіп, бастауышта білім нәрімен сусындап, орта буынға қадам басқалы отыр. Талаптарыңа нұр жаусын, қадамдарыңа гүл бітсін! Суаткөл негізгі мектебінің көңілді де алғыр 4-сыныбын ортаға шақырайық!

Музыка ойнайды: «Өз елім»

Қош келдіңіздер! Түлектердің сәлемдесуі

Мағжан

Армысыздар, осындағы көпшілік! Сәлем бердік бәріңізге бас иіп. Тұрған біздер — төртінші сынып оқушылары. Көңілді өтсін бүгінгі бастауышпен қоштасу кешіміз!

Назым

Армысыздар, мұғалімдер — әз жандар! Білім іздеп, инемен құдық қазғандар. Құшақ жайып қарсы аламыз сіздерді: бүгін би биленіп, ән де шырқалар.

Алихан

Қош келдіңіздер, ақ жаулықты аналар! Жүздеріңізден мейірім мен нұр тамар. Алдарыңызда жауқазындай құлпырған — біз, алаңсыз балғын шақтың балалары.

Аңсар

Бүгін біз көзімізді ашып, көкірегімізді оятқан, білім нәрімен сусындатып, ілімнің ірге тасын қалаған бастауыш мектебімізбен қоштасамыз.

Қорғанбек

Сондай-ақ ыстығымызға күйіп, суығымызға тоңып, оңымыз бен солымызды танытқан, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге баулыған алғашқы ұстазымызбен қоштасқалы отырмыз.

Мерей

Мектепте білім ала жүріп, «мектеп», «ұстаз», «әке», «ана», «дос», «Отан» ұғымдарын санамызға сіңіріп өстік. Егер әр оқушының жүрегінде ізгілік сәулесі болса — ол мұғалімнің еңбегі.

Мағжан

Сол нұрды жеткіншектің жүрегіне сіңіру үшін қаншама тер төгілді десейші! Адамды тәрбиелеп, азамат етіп қалыптастырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ шығар.

І бөлім: «Ұстаз ұлағаты»

5 оқушының ортақ сөзі

Алихан

Ұ — ұлағатты

Мағжан

С — салмақты

Назым

Т — танымал

Қорғанбек

А — ардақты

Мерей

З — зиялы

Аңсар

Балғындарға баянды сырын төккен ұстазым! Шәкіртіне аяулы нұрын төккен ұстазым! Есейіп ертең кетсек те — шәкіртіңізбіз ұстаз алдында. Білім-ойдың сұлуын асу еткен ұстазым, жүрегінің жылуын шашу еткен ұстазым!

Осы жылы сөздермен алғашқы ұстазымыз Шаин Имаковнаны ортаға шақырамыз!

Мерей

Сүйікті мұғалім! «Бес» алсам — қуандым, «екі» алсам — сынадыңыз. Алдыңызда әрқашан бас иіп тұрамын, сүйікті мұғалім!

Мағжан

Мұғалімді анамдай жақсы көрем, қиналамын қымбат теңеу таба алмай. Өз баласын үйінде қалдырып, ел баласын оқытады — қажымай.

Назым

Ұлылықты ардақ тұтар үнемі алтын ұя — ақ босаға киелі. Бастауышта білім алған өзіңізден күллі шәкірт басын иеді.

Қорғанбек

Атағыңыз Алатаудай болып биік, төбеңіз өсіп, көкке тиіп. Алдыңызда әрқашан тағзым етіп, «Ұстазым» деп басымды иіп тұрармын.

Аңсар

Анадай бесік тербеткен, түн қатып сансыз дәптерге қанша түнейсіз. Суарып білім шәрбатпен, дүниеден бізге жақсылық қана тілейсіз.

Алихан

Ұстазым — әліппені үйреткен, көкейіме көрік беріп гүл еккен. Мені оқытқан, өркенімді өсіріп, жанарымды нұр еткен.

Ортақ алғыс

Рақмет сізге, Ұстаз!

Бүкіл ұстаздар қауымы шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, ыстығы мен суығына төзеді. Біз күлсек бірге күліп, көңіліміз болмаса жанашырлықпен сұрайтын ұлағатты ұстаздар — ең аяулы жандар.

Ән (хор): «Үйретеді мектепте»

Жүргізуші

Күндіз-түні ойладыңыз бала қамын, тынымсыз атып жатыр әрбір таңың. Осы ұжымды директор болып бастап, баршаны аяладыңыз алақаның. Ендеше мектебіміздің директоры Есілбаев Азамат Жұмабекұлына сөз берейік.

ІІ бөлім: «Алғыс білдіру»

Құрметті ұстаздар, қонақтар! Келесі бөліміміз «Алғыс білдіру» деп аталады. Шексіз алғысымызды айта отырып, әртүрлі номинациялар бойынша сіздерді дипломдармен марапаттаймыз.

«Баға жетпес, мәртебелі»

Мектеп директоры: Есілбаев Азамат Жұмабекұлы

Сөз сөйлесе — жарқын-ақ, күніміздей жарқылдап. Бізбен ойнап күледі, сырымызды біледі. Қасымызда қашан да қамқор болып жүреді.

Түлектердің алғысы

«Қамқор және мейірімді»

Оқу ісінің меңгерушісі: Жакина Гүлден Жолдыбаевна

Анамдай мейірімді құшақ ашып, тұрасыз амандасып. Әрдайым жылы сөзіңіз шабыт беріп, болашаққа қадам басамыз.

«Тапқыр ұйымдастырушы»

Тәрбие ісінің меңгерушісі: Есілбаева Динара Жанатовна

Кемшілікті кезінде кесіп айтар өзіңізге. Өнеге мол бойыңызда, өсиет көп сөзіңізде. Ақ ниетті, кең пейілді — біздің Динара тәтей осындай.

«Қадірлі емші»

Мектеп медбикесі: Капарова Гүлнар Имаковна

Адамға деген мейіріміңізден бойыңыздағы жылылықты сезінеміз. Ақ халатты абзал жан, Гүлнар тәтей — мың алғыс, ризамыз сізге!

«Дәмі тіл үйірер»

Құрметті аспазшылар: Гүлнар тәтей және Анаргүл тәтей

Рақмет дәмдеріңізге! Ризалық берсін бәріңізге. Аман болсын бастарыңыз, жүзге жетсін жастарыңыз.

Жүргізуші

Құрметті ұстаздар! Бойымызға сіңірген ерен еңбектеріңіз үшін оқушылар атынан мың да бір алғыс айтамыз.

Ән: «Бала тілегі»

Ата-анаға алғыс

Мағжан

Бас иіп, шексіз алғысымызды ақ жаулықты аналарға және қадірлі әкелерге білдіреміз.

Аңсар

Біздің қуанышымыз бен жеңісімізге ортақ болып, бізбен бірге уайымдаған — ата-ана. Олар бізге дүниедегі ең жақын, ең қадірлі адамдар.

Назым

Ыстық-ау кім-кімге де әке деген: суыққа шалындырмай, мәпелеген. Өмірдің соқпағымен өрге тартып, «алдымен адам бол» деп жетелеген.

Мерей

Дүниеге әкелген — ол да сенің анаң. Ақ сүт беріп өсірген — ол да сенің анаң. Тіл алмасаң кешірген — ол да сенің анаң. Мәпелеген баласын, аман болсын анашым!

Алихан

Әкешім тілеуімді тілеп жүрген, аумайсың жарығы мол ашық күннен. Шаршайсың жұмыс істеп біздер үшін — ақылды балаларың соны білген.

Қорғанбек

Кеудемнен сезім селі ақтарылсын, болармын күні ертең-ақ мақтанышың. Білім алып, тер төгем, еңбек етем — өзіңнің сеніміңді ақтау үшін!

Мағжан

Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым! Сәбиді әлдилеумен түн қаттың. Ақ сүтіңмен тал бойыма нәр бердің, кең құшағың аясындай гүл бақтың.

Жүректен шыққан тілек

Аман болсын аяулы анамыз, асқар таудай әкеміз! Ата-анаға мың да бір рахмет!

Ән: «Анашым, қартаймашы»

2-жүргізуші

Ата-аналар атынан сөз кезегі беріледі. (Ата-аналардың ыстық лебіздері)

1-жүргізуші

Өнерді жанымменен түйсінемін, қашанда өнерлі жасқа сүйсінемін. Қазақ биін мың бұралып билесін — бименен шашу шашсын бишілерім!

Би: «Қара жорға»

Куәлік табыстау сәті

Мұғалімнің сөзі

Армандасаң да, қиялдасаң да балалық шағың көз алдыңа келеді. Өйткені биік асуға беттеген аяулы ғұмыр, ғажайып өмір — осы бал күлкілі балалық шақтан басталады. Бүгін біздің бүлдіршіндер өміріне өшпес із қалдырған бастауыш сыныбымен қоштасып, тағы бір белеске қадам басқалы отыр. Ендеше бастауыштағы естеліктер ескерткіш болсын деп әр оқушыға куәлік табыс етеміз.

Куәліктерді табыстау үшін ортаға мектеп директорын шақырамыз.

Оқушыларға арналған мінездеме-тақпақтар

Куәлік оқылады, әр оқушыға арналған тақпақ айтылады.

Қорғанбек

Мінезі бар жанға жайлы, ешкімді еш уақытта алдамайды. Күліп жүр өмірде дәл осылай, қиындық кездессе — болма қайғы.

Назым

Адал жүрек, ақкөңіл қыз — сыйлаймыз жақсы қыз деп сіз бен біз. Өнері бар бойында тұнып тұрған, жолың болсын қашанда, кішкене қыз.

Алихан

Еңбекқор, әзілкеш — қате істі әрқашан мойындатар. Әр ісіне жауапты Алихан — арманың болашақта орындалар.

Мерей

Көңілің ақ, жүзің жылы — кең дархан, сәбидей пәк жүрегің бар. Айтар сөзім, тілегім: көп жинап, білім деген тірегіңді ал.

Аңсар

Қуаныш көп болсын сүйікті елде, ақылды адам — бәрінен биік пенде. Аңсар, болашағың жарқын болсын, жұлдызың әр кез биіктерде.

Мағжан

Бос жіберме ешқашан уақытыңды, аялай біл ақылың — жақұтыңды. Мағжан, сен ел сыйлар азамат боп, болашақтан табарсың бақытыңды.

Ән: «Мектебім»

Бастауышпен қоштасу — жүрек сөзі

Аңсар

Бастауышым — балбұлағым, лаулап жансын шамшырағың. Өзің берген біліміңнен самғап ұшты тау қыраның.

Мағжан

Өтті қызық шағым, бастауышым — балбұлағым. Қоштасар күн жетті міне, қимастықпен қол бұлғаймын!

Назым

Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма? Бастауышта айтылмаған сыр бар ма? Бастауышта алған білім, жырларым — азық болар мәңгі талай жылдарға.

Мерей

Бастауышым — бал бұлағым, алдым сенен балдың дәмін. Әріп танып, білім алып, рахметімді жаудырамын.

Қорғанбек

Жақсылықты әрқашанда жақтаймыз, сөздеріңді есімізге сақтаймыз. Үміт күтіп қарайтын болашақта, ұстаздарым, сеніміңді біз ақтаймыз.

Алихан

Қош бол, құтты бастауыш! Алғыстарым көп менің. Ақыл-білім, тәрбиені ой-санаға еккенің.

Жүргізуші

Енді 4-сынып түлектерінің орындауында «Қоштасу вальсін» тамашалаңыздар. Осымен «Бастауышым – балбұлағым!» атты кешіміз аяқталды. Зейін қойып тыңдағандарыңыз үшін шексіз алғысымызды білдіреміз.