Дәрілік өсімдіктердің пайдасы

Кіріспе

Адамзат баласы әсемдікке құштар. Адам өмірінде өсімдіктер дүниесінің маңызы айрықша. Бағзы заманнан-ақ ата-бабаларымыз өсімдіктерді зерттеп, танып-біліп, оларға ат қойып, жеміс-жидегін, дәнін азыққа, ал жапырағы, гүлі, тамырын дәрі-дәрмекке, тері илеуге және түрлі заттарды бояуға пайдаланған.

Өсімдіктер — оттегіні бөлуші, табиғаттың көркі, дәрілік шикізат, мал азығы және тағамдық өнім. Қазақстан аумағында шамамен 6000-ға жуық өсімдік түрі кездеседі, олардың 500-ге жуығы дәрілік өсімдіктерге жатады. Түрлік байлығы бойынша Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алдыңғы орындардың бірін алады. Осындай мол қазына жағдайында өсімдіктерді зерттеудің маңыздылығы өзінен-өзі түсінікті.

Мал шаруашылығымен ықылым заманнан айналысқан қазақ халқы шөптердің, жалпы өсімдіктердің емдік қасиеттерін ертеден білген. Сол себепті ел арасында дәрілік өсімдіктермен емдеу тәжірибесі ерте қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан. Әр өңірдің халқы дәрілік өсімдіктерді жергілікті ерекшелікке сай әртүрлі тәсілмен пайдалануы мүмкін.

Дәрілік өсімдіктерді қолдану түрлері

Дәрілік өсімдіктер көбіне кептірілген шөп, тұнба, қайнатпа, шай, ұнтақ түрінде қолданылады. Дәрі дайындауға жарайтын өсімдіктер шикізат ретінде арнайы іріктеледі, ал дәрінің басым бөлігі жабайы өсімдіктерден алынады. Көптеген шөптің емдік қасиеті бар, сондықтан оларды дәрілік өсімдіктер деп атайды.

Ескерту: кейбір дәрілік шөптер ұсынылған мөлшерден артық қолданылса, улы әсер беруі мүмкін. Сондықтан мөлшерді сақтау және маман кеңесін алу маңызды.

Ежелгі Қытайда халықтық медицина жақсы дамыған. Қытайлық емшілер көптеген емдеу әдістерін меңгеріп, емдік қасиеті бар шөптерден дәрі дайындап, тәжірибеде кең қолданған.

Қазақстандық фармацевтикадағы маңызды дерек

Әлемдік дәрі-дәрмек нарығына шыққан алғашқы қазақстандық отандық препарат — «Арглабин». Оның авторы — Қарағанды ғалымы, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Әдекенов. 2007 жылы ол ғылым және техника саласы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығымен марапатталған.

Аннотация

Бұл ғылыми жобалық жұмыс — Т. Аубакиров атындағы жалпы орта мектептің 4 «Ә» сынып оқушысы Пирназарова Дана Камалқызының Қазақстандағы дәрілік өсімдіктерді, соның ішінде өз өлкемізде кездесетін өсімдіктерді зерттеуге арналған еңбегі. Жетекшісі — Полатова Айгүл Жамантайқызы. Бағыты — гуманитарлық.

Тақырыптың өзектілігі

Қазақстан аумағында 6000-ға жуық өсімдік түрі бар, соның ішінде 500-ге жуығы дәрілік өсімдікке жатады. Түрлік алуантүрлілік тұрғысынан Қазақстан ТМД елдері арасында алдыңғы орындардың бірінде.

Зерттеу нысаны

Өлкемізде кездесетін бақбақ, түймедақ, жалбыз, жантақ, жолжелкен, шашыратқы, итмұрын, адыраспан өсімдіктерінің пайдалы қасиеттерін анықтау.

Зерттеудің мақсаты

Өлкеміздегі дәрілік шөптердің пайдасын анықтау, олардың тамыры, сабағы мен гүлін қолдану жолдарын көрсету, қайнатпа және тұнба арқылы емдеу тәсілдерін қарастыру.

Зерттеудің міндеттері

  • Дәрілік өсімдіктердің түрлерімен танысу.
  • Дәрілік өсімдіктердің пайдасын сипаттау.
  • Дәрілік өсімдіктерді ішкі ағзалар мен тері ауруларын емдеуде қолдану жолдарын қарастыру.

Ғылыми жаңалығы

  • Шашыратқы: сабағы мен гүлінен тұнба жасап, жас балалардың денесіне ыстықтық шыққанда тұнбамен шомылдырады.
  • Жалбыз: тұнбалары жүрек пен өт жолдарына пайдалы.
  • Бақбақ: тамырын қайнатып, шай сияқты ішеді; бауырды сауықтыруға қолдануға болады.
  • Адыраспан: қайнатпасымен тері ауруларын емдейді.
  • Итмұрын: тұнбасын тұрақты ішсе, тәбет ашады және суық тиюдің алдын алуға көмектеседі.
  • Түймедақ: гүлдерін бір стақан суға тұндырып, ауыз қуысын шаюға пайдаланады.

Жұмыстың құрылымы

Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Жоспар

  1. 1 Кіріспе.
  2. 2 Негізгі бөлім: а) Қазақстандағы дәрілік өсімдіктер.
    ә) Дәрілік өсімдіктердің құрылысы мен құрамы.
    б) Дәрілік өсімдіктердің пайдасы.
  3. 3 Қорытынды.
  4. 4 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.