Момышұлы анықтамасымен таныстыру

Семей қаласы • Шүлбі орта мектеп-кешені

Өзін-өзі тану пәні мұғалімі: Жұмыкбаева Бекзат Жекебаевна

Сабақтың тақырыбы: Адамның азаматтық тұлғасы

Сабақтың мақсаты

Жеке адамның қоғам алдындағы әлеуметтік және азаматтық жауапкершілігін сыни көзқарас тұрғысынан сезінуге үйрету. Мемлекеттік тілге құрметпен қарап, өз еліне мақтаныш сезімін қалыптастыру.

Сабақтың түрі

Аралас сабақ.

Көрнекіліктер

Слайд.

Әдіс-тәсілдер

  • Тыныштық сәті
  • Ойын
  • Пікірлесу
  • Шығармашылық жұмыс
  • Назар аударайық
  • Бейнеролик
  • «Жүректен жүрекке»

Сабақтың міндеттері

  • «Азаматтық тұлға», «азаматтық ұстаным» ұғымдарын түсіндіру.
  • Оқушылардың азаматтық ұстанымдары мен көзқарастарын қалыптастыру.
  • Саналы мақсат қоя білуге және қоршаған ортамен, қоғаммен саналы қарым-қатынас орнатуға тәрбиелеу.

Сабақтың жоспары

I. Ұйымдастыру

  • 1 «Нұрға бөлену» (тыныштық сәті).

II. Үй тапсырмасы

  • 1 «Аялай біл, сен деп соққан жүректі» тақырыбындағы шығарма.
    5 минут
  • 2 «Жалғасын тап» тапсырмасы.
    2 минут

III. Негізгі кезең

  1. Ойын: «Репортер» — сұрақ-жауап. 5 минут
  2. Негізгі ұғымды ашу: «Азамат деген кім?» 3 минут
  3. Б. Момышұлы естелігі — слайдтан оқу. 3 минут
  4. Дәйексөз және 1-тапсырма (27-бет). 5 минут
  5. М. Шаханов «Төрт ана» — таңдау бойынша мәнерлеп оқу, талдау, сызба. 3 минут
  6. Назар аударайық: Б. Момышұлы анықтамасымен танысу (түртіп алу). 5 минут
  7. Бекіту: анықтамалардың дұрыстығын анықтау (топтық жұмыс). 5 минут

IV. Қорытынды

  • Бейнеролик: «7 керемет». 7 минут
  • Ән: «Қазақтай ел қайда» (МузАРТ тобы). 3 минут

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру: «Нұрға бөлену»

Тыныштық сәтінен кейін оқушылармен қысқа пікір алмасу жүргізіледі:

  • Әуен сендерге ұнады ма?
  • Сабақ барысында белсенді жұмыс істеуге көңіл-күйіміз дайын ба?
  • Бейнероликтегі әдемі гүлдерді көргенде қандай ой келді?
  • Гүл сыйлау — жақындарымызға қуаныш сыйлау. Сендерге жақын адамдар кімдер? (ата-ана, достар, сыныптастар, ұстаздар, туыстар)

Жақын жандардың ішінде ең аяулысы — ана. Осы ойды жалғай отырып, үй тапсырмасына көшеміз.

II. Үй тапсырмасын тексеру

1) Шығарма

«Аялай біл, сен деп соққан жүректі» тақырыбындағы жұмыстар тыңдалады, мазмұны бойынша қысқаша ой бөліседі.

2) «Жалғасын тап»

Берілген ойды жалғастыру арқылы негізгі тақырыпқа көпір жасалады.

III. Негізгі кезең

Ой қозғау

Суреттер бойынша талқылау жүргізіледі: әрбір дүниеге келген сәби — индивид. Ол бастапқыда өзін қорғай да, өзіне толық қызмет ете де алмайды. Өсе келе адам жеке тұлғаға айналып, саналық, азаматтық, рухани-адамгершілік, моральдық және шығармашылық қабілеттерін дамытады.

Бүгінгі сабақтың тақырыбы — «Адамның азаматтық тұлғасы». Сабақта «азамат», «азаматтық», «саналылық», «адамгершілік» ұғымдарының мәні ашылады.

Ойын: «Репортер» (сұрақ-жауап)

Оқушылар өз пікірін дәлелді айтуға дағдыланады. Талқылауға арналған сұрақтар:

  • Алдыңа қандай мақсат қоясың?
  • Өмірдегі таңдауларың мен қызығушылықтарың қандай?
  • «Азамат» сөзін қалай түсінесің?
  • Азаматтың бойында қандай қасиеттер болуы керек?
  • Азамат болу үшін қандай құндылықтар мен қағидаларды басшылыққа алу қажет?

Негізгі ұғымды ашу: «Азамат деген кім?»

Азамат — ата-ана үмітін ақтаған арлы жан.

Азамат — талап қойып, биікке ұмтылатын, өз жолын таба білетін жас.

Азамат — қиын сәтте тәуекелге барып, жетім-жесірге, мұқтажға қол ұшын созатын ерен ер.

Азамат — ата-анасына, еліне, халқына бауырмал, ізгі жүректі жан.

Азамат — еңбекті өмірінің өзегі етіп, Отаны үшін адал қызмет ететін ел перзенті.

Азамат — заман қиындығына мойымай, батылдықпен биікке өрлей білетін тұлға.

Азамат — сүрінсе де қайта тұрып, мақсатына адал болатын; өзі құласа да тіккен туын құлатпайтын, күрес жолында қайсарлық танытатын біртуар ұл.

Сонымен қатар күнделікті құқықтық мағынада азамат — кәмелетке толып, жеке куәлік алған жас.

Саналылық

Ақылдылық, ойлылық — адамға ғана тән қасиет.

Адамгершілік

Ізгі қасиеттердің жиынтығы; борыш пен міндетті адал орындау.

Азаматтық

Адамның тұлғалық жақсы қасиеттерін қоғам игілігі үшін көрсете білуі.

Қазақ ұғымында АЗАМАТ — адамгершілігі мол, саналы, елінің қамын ойлайтын парасатты адам. Халық ондай жанға үлкен сенім артып, құрметпен қарайды.

Бауыржан Момышұлы естелігі

Менің балалық шағымда туған жылды, туған күнді емес, мүшел кезеңдерін тойлайтын еді. Алғашқы мүшел — нәрестенің қырқынан шығатын күні. Бұл күні үй ішінде ғана емес, ауыл-аймақта да көтеріңкі көңіл, көп шаттық үстем болатын.

Екінші мүшел — баланың жеті жасқа толған күні. «Жетіге келгенше, бала жерден таяқ жейді» деп тегін айтылмаған. Сол күні өреннің аяғы жерге нық басты деп санайды. Азаматтыққа бастар жолдың алғашқы қадамы да осы тұстан басталса керек.

Келесі мүшел — 13 жас. «Он үште — отау иесі» деген сөз бар. Бұл — енді оңың мен солыңды тани бастадың, ер санатына іліктің, сенімен есептесетін, ақыл бөлісетін кезең келді деген ұғым. Енді сен өзгенің жетегінен гөрі өзің тізгін ұстауды, ат жалын тартып мінуді қалайсың.

— Б. Момышұлы

Дәйексөз

«Ел мен үшін не істей алады?» деп сұрама, «Ел үшін өзім не істей аламын?» деп сұра.

Осы ойға сүйене отырып, оқулықтағы 1-тапсырма орындалады (27-бет).

Әдеби жұмыс: М. Шаханов «Төрт ана»

Оқушылар таңдау бойынша мәнерлеп оқиды. Мәтін талданып, негізгі ой сызба арқылы жинақталады.

Назар аударайық: Б. Момышұлы туралы қысқаша мәлімет

  • Туған жылы: 1910 жыл, 24 желтоқсан.
  • Туған жері: Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылы.
  • Әкесі: Момыш — еті тірі, қолы шебер, көкірегі ояу, терең ойлы, өлең шығарып, жиын-той мен айтысқа қатысқан өнерлі жан.
  • Тәрбиесінде: әжесі Қызтумас ерекше орын алған; немересін халық әні мен жырына, ертегі-әңгімеге сусындатып өсірген.
  • Анасы: Рәзия. Ол үш жасында анасынан айырылған.
  • Қайтыс болған жылы: 1982 жыл, 10 маусым. Алматы қаласында дүниеден өтіп, «Кеңсай» зиратына жерленді.

Түртіп алу

Оқушылар қысқаша деректерді дәптерге жазып, тұлғаның азаматтық ұстанымы мен өмірлік өнегесіне қатысты ой түйеді.

Негізгі ой

Азаматтық тұлға — білім мен мінездің ғана емес, жауапкершілік пен қызмет етудің бірлігі.

Бекіту: ұғымдар мен анықтамаларды сәйкестендіру (топтық жұмыс)

Ұғым Анықтамалар
1) Азаматтық Б) Адамның тұлғалық жақсы қасиеттерін танытатын ұғым.
2) Азамат В) Адамгершілігі бар парасатты адам.
3) Адамгершілік Ә) Адамдарға ізгі ниет, құрмет, жанашырлық пен сенім; кеңпейілділік; өзгенің мүддесі үшін жан аямай қызмет ету.
4) Кісілік Г) Ел үшін кісілік көрсетіп, борышын, міндетін, парызын адал орындауы.
5) Саналылық А) Ақылдылық, ойлылық — адамға ғана тән қасиет.

Топтар өз таңдауларын дәлелдеп, азаматтық ұстанымның өмірлік көріністерін мысалмен айқындайды.

IV. Қорытынды бөлім

Түйін

Адам табиғат пен Жаратушы сыйлаған бойындағы мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланып, өзіне, туған-туысына, еліне, Отанына және әлемге жақсылық жасай білуі керек. Ішкі әлеуетін («7 керемет») іске қосу арқылы әрқайсымыз азаматтық тұлғамызды дамытып, оның қадірін түсінуге тиіспіз.

«Мәңгілік Ел» идеясы аясында: «Ендігі ұрпақ — Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше, Қазақ елінің ұлттық идеясы мен болашағы — жастардың қолында» деген ой сабақтың өзегін тереңдете түседі.

Қорытынды әрекеттер

  • Бейнеролик: «7 керемет» 7 минут
  • Ән: «Қазақтай ел қайда» (МузАРТ) 3 минут

Есте сақтайық

Азаматтық — сөз емес, күнделікті әрекет: жауапкершілік, еңбек, құрмет, мейірім, әділдік.