Рәсім қадамдары

Тақырып пен мақсат

Бұл сабақтың тақырыбы — «Қыз өссе — елдің көркі». Сабақтың мақсаты: қазақтың ұлттық тағамдарының ерекшелігін таныту, қазақ халқының қонақжай дәстүрін құрметтеуге баулу, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру және алған білімін тәжірибеде қолдануға үйрету. Сонымен қатар әр ұлттың шай құю мәдениетін салыстыра көрсету, оқушылардың бойына қыз балаға тән тәлім-тәрбие, ұқыптылық пен шеберлік қалыптастыру, өнер мен әсемдікке тәрбиелеу көзделеді. Оқушыларды дәлелді ой айтуға, нақты әрі мәдениетті сөйлеуге дағдыландыру да — басты міндеттердің бірі.

Сабақтың түрі
Сайыс сабақ
Пәнаралық байланыс
Әдебиет, сызу, тарих
Көрнекіліктер
Әр ұлттың тұрмыстық бұйымдары, интерактивті тақта

Сабақтың ұйымдастырылуы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен сәлемдесу, түгелдеу жүргізіледі. Жүргізуші сайыстың мақсатын таныстырып, қонақтарға қош келдіңіз айтып, қатысушыларды ортаға шақырады.

Жүргізуші сөзі: Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! «Қыз өссе — елдің көркі» атты сайысымызға қош келдіңіздер. Бүгінгі сайыста 5A сынып қыздары өз өнерлерін ортаға салады. Қатысушылар екі топқа бөлінеді, сайыс бірнеше бөлімнен тұрады.

Сайыс бөлімдері

  1. 1 Сәлемдесу
  2. 2 Сұрақ-жауап (технология пәні бойынша)
  3. 3 Тігін машинасын іске дайындау
  4. 4 Екі түрлі қағаздан гүл жасау (гофр және түрлі түсті қағаз)
  5. 5 «Тез әрі ұқыпты»: ілгекті матаға бекіту
  6. 6 Шаш үлгісі: шаш өру

Көрініс

«Шай демдеу және шай құю рәсімі» тақырыбында 2–3 оқушы шағын көрініс көрсетеді. Бұл бөлім қонақ күту әдебі мен әр халықтың шай мәдениетін түсіндіруге бағытталған.

«Өнерін көрсетіп, көрерменін тамсандырып, сайысқа қатысушы топтарды көпшілікке таныстырамыз».

Тапсырмалар мазмұны

1) Сәлемдесу

Әр топ өз атауын, ұранын және мүшелерін таныстырады. Таныстыру барысында сөйлеу мәдениеті мен сахна әдебі ескеріледі.

2) Сұрақ-жауап (карточкамен жұмыс)

  • Алжапқыштың өлшемін қалай алады?
  • Қауіпсіздік ережелері қандай?
  • Тігін машинасының түрлері қандай?
  • Қазақтың ұлттық тағамдарына не жатады?
  • Борщтың құрамы қандай?
  • Адам күніне неше рет тамақтануы керек?

3–6) Практикалық кезең

Тігін машинасын іске дайындау: қосылу және жұмысқа әзірлеу ережесін көрсету.

Қағаздан гүл жасау: гофр және түрлі түсті қағаздан екі үлгі дайындау.

«Тез әрі ұқыпты»: ілгекті матаға дұрыс және таза бекіту.

Шаш үлгісі: шашты ұқыпты өру, эстетика мен тазалықты сақтау.

Көрініс: қонақжайлық және шай құю мәдениеті

Қазақ дәстүріндегі қонақ күту

Қазақ халқы — ежелден қонақжай жұрт. «Құдайы қонақпын» деген адамды үй иесі жылы шыраймен қарсы алып, төр ұсынған. Жолаушы да ауылдың кез келген үйіне түсіп, «бөлінбеген еншім бар» деп қонақасы сұраған. Бұл — елдік тәртіп, ортақ жауапкершіліктің белгісі.

«Қырықтың бірі — қыдыр», «Қонақты қусаң — құт қашады», «Қонақпен бірге құт келеді» деген мәтелдер қонақ күту мәдениетінің түп мәнін айқындайды. Қонақты дұрыс күтпеу — ұят саналған.

Ең алдымен қонаққа қымыз, шұбат сияқты сусындар ұсынылады, содан кейін шай беріледі. Шайды бабымен демдеп, дәмін келтіріп құю — үйдегі әйелдер мен бойжеткен қыздар үшін үлкен сын. Шай құю әдебін сақтамаған қыз «тәрбиесіз» деп сөзге қалуы мүмкін болған.

Шайдан кейін асқа дейін қонақтың көңілін табу, жайлы отыруын қамтамасыз ету — үй иесінің міндеті. Ол үшін әңгіме-дүкен құрып, қонақпен бірге отырады.

Назар аударатын тұстар

  • Қонақты қарсы алу — тек әдеп емес, мәрттік өлшемі
  • Шай құю — қыз тәрбиесінің көрсеткіші ретінде бағаланған
  • Асқа дейін қонақтың «бабын табу» — дәстүрдің маңызды бөлігі

Қытай халқының шай рәсімі: Гунфу-ча

Қытайда дәстүрлі шай ішу рәсімі «Гунфу-ча» деп аталады: «гунфу» — асқан шеберлік, «ча» — шай. Бұл мәдениетте тыныштық пен ұқыптылық ерекше бағаланады. Рәсім кезінде аяқты малдас құрып отыру да, аяқ созып отыру да әдепсіздік саналады; аяқ жинақы ұсталады.

Шайдың рақатын толық сезіну үшін ыдыс-аяқ пен құрал-сайман мұнтаздай әрі сақадай сай болуы керек. Кесе мен шәйнек алдын ала шаймен шайылып, ыдысқа дәмнің сіңуі — дәстүрдің маңызды дағдысы.

Рәсімнің негізгі қадамдары

  1. 1 Қонақтарды қарсы алып, сый-құрмет көрсету.
  2. 2 Рәсімге қажетті аспаптарды дайындап, чабаньды (шай үстелін) әзірлеу.
  3. 3 Суды ірі көпіршіктер шығып, бұрқылдағанша қайнату.
  4. 4 Шайды чахэге салып, хош иісін сезіну.
  5. 5 Шәйнекті құрғақ шай жапырағымен толтыру.
  6. 6 Қақпағын жауып, сулықпен орап, шайқап араластыру.
  7. 7 Алғашқы тұнбаны құю: оны ішпейді, жапырақты «жуу» үшін қолданылады.
  8. 8 Ыдысты жылыту: кесені алғашқы шаймен шайып алу.
  9. 9 Вэнсянбэйді айналдыра ұстап, хош иісті сезінген соң алғашқы жұтымды ішу.
  10. 10 Шай таусылған сайын рәсімді қайталау: шай 3–7 ретке дейін, дәмі мен иісі кеткенше демделуі мүмкін.

Орыс дәстүріндегі шай ішу

Орыс халқының салт-дәстүрі көбіне мереке күндері айқын көрінеді. Үй иесі қонақты нан мен тұз ұсынып қарсы алады. Дастарқанға құймақ, тәтті нан, тоқаш сияқты дәмдер қойылады.

Шай арнайы самаурында қайнатылады. Кейде қою шайды кішкентай құманға (шайникке) бөлек демдеп, түсін қоңыр-қызыл етіп, хош иісін шығарып, қонақтардың кесесіне құяды. Шайдың дәмін сезіну үшін кей адамдар оны шай табақшаға құйып, суытып ішеді.

Қорытынды

Осылайша «Қыз өссе — елдің көркі» атты сайыс сабағы өз мәресіне жетеді. Оқушылардың орындаған тапсырмалары мен белсенділігі бағаланып, нәтижелері қорытындыланады.