Қауіпсіздік ережелерін айта отырып, ұқыпты таза жұмыс жасай білуге тәрбиелеу
Ұйымдастырылған оқу қызметі: «Сиқырлы қарлар»
Пәндер
Сөйлеуді дамыту, сурет салу, мүсіндеу
Әдіс-тәсілдер
Әңгімелесу, түсіндіру, сұрақ-жауап, ойын
Көрнекіліктер
Слайд, мазмұнды суреттер, үлестірмелі материалдар, үлгі, жасанды қар, тақтайша, сулық қағаз, тіс пастасы, ойынға қажетті заттар
Билингвальды компонент
Қыс — зима, қар — снег, аққала — снеговик
Мақсаты
- Балалардың қыс мезгілі және ақ ұлпа қар туралы түсінігін кеңейту.
- Сөздік қорын молайту, тіл байлығын және есте сақтау қабілетін дамыту.
- Саусақ моторикасын жетілдіру.
- Қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, ұқыпты әрі таза жұмыс істеуге тәрбиелеу.
Мотивациялық-қозғаушылық кезең
Сәлеметсіздер ме, балалар! Бүгін бізге қонақтар келді. Қане, бәріміз шеңберге тұрып, қонақтармен амандасайық.
Шаттық шеңбер
Арайлап атқан таңға сәлем!
Жылуын шашқан күнге сәлем!
Жайнап өскен бізге сәлем!
Білім беріп, тәрбиелеген апайларым, сіздерге сәлем!
Жарайсыңдар, балалар! Енді орындарыңа отырыңдар. Ашық оқу қызметін бастамас бұрын экранға назар аударайық.
Сұрақ-жауап арқылы бақылау
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Қыс мезгілінде неше ай бар? Атап көрейік.
- Қыс мезгілінде ауа райы қандай болады?
- Айналаны және үйлердің шатырын не басып тұрады?
- Қар қайдан жауады?
- Қардың түсі қандай?
- Қыста қандай ойындар ойнайсыңдар?
Ұйымдастырушылық-ізденістік кезең
Балалар, қыс мезгілі сендерге ұнай ма? Қыс туралы қандай тақпақтар білеміз?
Бүгін біз 3 топқа бөлініп, шығармашылық жұмыстар орындаймыз.
1-топ: Жасанды қардан аққала жасау
Алдымен жасанды қарды алақанның ортасына салып, домалақтаймыз. Содан кейін бөліктерді бір-бірінің үстіне қойып, жабыстырамыз.
2-топ: «Қар жамылған ағаш» суретін салу
Жұмыс барысы үлгі бойынша түсіндіріледі. Саусағымызды ақ түсті тіс пастасына батырып, ағаштың үстіне қар түскен бейнені саусақпен бейнелейміз.
3-топ: Қақпақтардан түрлі бейнелер құрастыру
Қақпақтарды пайдаланып, әртүрлі пішіндер мен бейнелерді құрастырамыз. Түстерді үйлестіруге және ойды нақты жеткізуге көңіл бөлеміз.
Қауіпсіздік және тазалық
Материалдармен мұқият жұмыс жасаймыз: тіс пастасын көзге жақындатпаймыз, қолды ауызға апармаймыз, жұмыс орнын таза ұстаймыз, соңында қолымызды сүртіп, қажет болса жуамыз.
Қорытындылау
Бір баланы ортаға шақырамыз: өзіне ең ұнаған жұмысты таңдап, не себепті ұнайтынын қысқаша түсіндіреді.
Дидактикалық ойын: «Шыршаны безендір»
Мақсаты
Түстердің реңктері бойынша топтастыра білуге үйрету.
Шарты
Шарларды түстеріне сәйкес таңдап алып, шыршаға дұрыс орналастыру.
Рефлексиялық-түзетушілік кезең
Балалар, бүгінгі оқу қызметі сендерге ұнады ма? Ендеше алған әсерлеріңді смайликтер арқылы білдіріңдер.
Бекіту сұрақтары
- Біз қардан не жасадық?
- Аққала неше бөліктен тұрады?
- Қардың түсі қандай?
Балалардың жұмыстарын талдап, мадақтаймыз. Оқу қызметін аққала туралы әнмен аяқтаймыз.