Алты бақан
Қазақтың ұлттық ойындары
Қазақ халқының ұлттық ойындары — ат үстіндегі ептілік пен қайратты, дәлдік пен сабырды, тапқырлық пен ұйымшылдықты қатар тәрбиелейтін бай мұра. Олар той-думанда, маусымдық мерекелерде және ауылдың күнделікті тіршілігінде кең тараған.
Атаулы ойындар
- Көкпар
- Аударыспақ
- Қыз қуу
- Күрес
- Мойын арқан
- Теңге ілу
- Алтын қабақ (жамбы ату)
- Асау үйрету
- Ақ сүйек
- Сақина салу
- Тымпи
- Бастаңғы
- Ине жасырмақ
- Алты бақан
- Тоғыз құмалақ
- Асық ойыны
Көкпар
Көкпарда қазақ арасында екі тәсіл кең тараған: дода және жеке тартыс. Екі жағдайда да ат пен жігіттің мықтылығы сыналады. Қазіргі кезде көбіне дода тартыс ойналып жүр, ал жеке тартыс тәсілі сирек қолданылады.
Жеке тартыс
Шарт бойынша қарсылас топтардан екі-екіден тартыскер шығып, төрт жігіт күш-қайратын көрсетеді. Серкені бір бала өңгеріп алып, алдын ала белгіленген шамамен 1,5 шақырым жерге апарып тастайды.
Жігіттер серкеге жеткен соң, жерден іліп алуға таласады. Кім бұрын іліп алса, тақымына басып, қарсыласына ырық бермеуге тырысады. Қарсыласы да жармасып, тартыс жалғасады. Серіктері бір-бірін демеп, көкпарды жұлып алған ойыншы оны жолдасына беріп, ол топқа қарай ала қашады. Ұсталып қалса, қайта тартысады. Көкпар көрерменге жақындай бергенде, ұтып алған жігіт оны қарсылас топ жағына апарып тастауға ұмтылады. Ал аты ұшқыр, жүйрік жігіттер қолына іліккен лақты бірден жеткізбей кетуі мүмкін.
Дода
Біраздан кейін серкенің терісі жыртылып, сүйегі сөгіле бастағанда, ел жапа-тармағай тартысқа кіріседі — бұл дода деп аталады. Мұнда да мықты жігіт пен жақсы ат көзге түседі.
Қуатты жігіттер көкпарды топтан шығарып, жүйрік атты ойыншыларға береді. Олар ала қашып, ерекше сый-құрмет көрсетілетін үйге апарып тастайды. Салт бойынша ол үй жаңа көкпар береді, әрі қарай ойын көбіне дода тәсілімен жалғасады.
Көкпарға араласа алмайтын қарттар мен балалар да көкпаршылардың ойынын тамашалап, жүйрік ат пен қайратты жігіттің үйлесіміне сүйсінеді.
Аударыспақ
Аударыспақ — салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып түсіруге арналған сайыс. Оған қайрат-күші мол, батыл, төзімді әрі ат құлағында ойнайтын шапшаң жігіттер қатысады.
Ежелден келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезеңде жауынгердің найза ұстап, қылыш шабуға қажет қасиеттерін қалыптастыруға ықпал еткен. Қазір де шопандар тойында, мерекелерде спорт ойыны ретінде көрсетіледі.
Қыз қуу
Өтетін орны мен қашықтығы
Ойын біртегіс, жұмсақ топырақты жазық жерде өткізіледі. Мәре қашықтығы шамамен 300 метр, ені 30–40 метр болуы шарт. Алаңның қарсы бетінде, бұрылыста жалауша қадалған бақылау пункті тұрады.
Ереже
Қыз бен жігіттен жұптар жасалады. Сөре сызығында қыз жігіттен шамамен 15 метр алда тұрады. Төреші белгі бергенде екеуі қатар шабады. Қыз бұрылысқа бірінші жетуі тиіс. Егер жігіт бұрылысқа дейін қуып жетсе, жеңімпаз ретінде қызды құшақтап, сүюге тиіс. Ал үлгермесе, кері қайтқан жарыста қыз жігітті қамшымен тартып өтеді.
Бұл ойын барысында екеуі де тапқырлықты, ептілікті және шабандоздық шеберлікті көрсетуі керек.
Күрес
Күрес — қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан, тарихы терең ойын. Мұнда адамның жеке күш-қайраты сыналады. «Күш — атасын танымас» деген сөз күшті дарақылыққа итермелеу емес, керісінше, сайысқа түскен жігіттің қайсарлықпен күресе білуін меңзейді.
Қазақ күресі күні бүгінге дейін сақталып, халық оның тәлімдік мәнін жоғары бағалап келеді.
Мойын арқан
Мойын арқан — жекпе-жек түрінде күш сынасатын көне халық ойыны. Ол көбіне тойда, жазғы сауықта ойналады. Көгал алаң таңдалып, ортасынан белдеу сызық сызылады.
Ұзын арқанның екі ұшы тұйықталып түйіледі. Ойынды басқарушы арқанды сайыскерлердің мойнына кигізіп, екі саласын қолтықтың астынан өткізеді. Белгі берілгенде екеуі екі жаққа қарай тартады. Қарсыласын ортадағы белдеу сызықтан шегіншектете сүйреп өткізген ойыншы жеңеді.
Теңге ілу
Теңге ілу — бозбалалар мен жігіттердің атпен ойнайтын ойыны. Көбіне қыз ұзату мен сүндет тойдың думанында өтеді. Бұл сайыста жігіттің атқа мығымдығы, ат үстіндегі шапшаң қимылы және дене тепе-теңдігін меңгеруі сынға түседі.
Кейде ырым үшін жас келін өзінің шолпысын не алқа-күмісін орамалға түйіп, қолдың басы ғана сиятын, бір қарыстай қазылған шұңқырға салады. Сәйгүлік мінген жігіттер 100–150 метр жерден екпіндетіп шауып келіп, шұңқырдағы орамалды іліп әкетуі керек. Бұл тұста тоқтауға да, аттың шабысын бәсеңдетуге де болмайды.
Орамалды іліп әкеткен жігіт оны жас келіннің тартуы деп біліп, өзі алып қалмай, қалаған адамына сыйға тартады.
Алтын қабақ (жамбы ату)
Алтын қабақ (жамбы ату) — шауып келе жатқан аттың үстінен нысананы дәл көздеп атып түсіру өнері. Бұл ойынның ұқсас нұсқалары басқа халықтарда да кездеседі. Шығу тегі әскери дайындықпен байланысты болып, қажеттігі XVIII ғасырға дейін сақталған.
Мерекелерде биік бағана не ұзын сырық қадалып, ұшар басына нысана ретінде жамбы (күміс құймасы) ілінген. Оны қылмен немесе жібек жіппен байлаған. Шауып келе жатқан мерген садақпен жамбыны атып түсіруге тырысқан. Кей жағдайда жерде тұрып немесе ат үстінде отырып мылтықпен ату да қолданылған.
Жамбы ату шабандоздық пен мергендікті қатар дамытатын, тәрбиелік маңызы жоғары сайыс болған.
Асау үйрету
Ел жайлауға шығып қонғаннан кейін бес-алты күн өткен соң биебау орны таңдалып, желі тартылады. Осы уақытқа дейін құлындар жетіліп, ширай түседі. Жігіт-желең жылқыны шашау шығармай қайырып тұрса, құрық ұстаған епті жігіттер құлындарды бұғалықтап ұстайды.
Асау құлынның басына ноқта кигізіп, желіге байлаған соң, әжелер бастаған қыз-келіншектер желі басына дастарқан жаяды. Ырымдап желі қазығына айран құйып, құлындардың маңдайына қатық жағып, ақ тілектің батасын береді.
Ас ішілгеннен кейін асау тай мен құнанды үйрету басталады: асауды құрықтап ұстап, ерттеп мінеді. Асау тулап, бұлқынып, үстіндегі салмақты түсіруге ұмтылады. Мінген жігіт осы арпалыста құлап қалмаудың амалын тауып, батылдығымен елді сүйсіндіреді. Асау үйрету — екінің бірінің қолынан келе бермейтін, жігітті шыңдайтын сын.
Ақ сүйек
Ақ сүйек — ай сүттей жарық түндерде, жаз мезгілінде қыз-жігіт, бала-шаға араласып ойнайтын ойын. Кешкі мал қораланғаннан кейін ауыл шетінде басталады. Ертеде ірі қараның қу жілігі пайдаланылған: күн көзінде ұзақ жатқан сүйек ағарып, алыстан жарқырап көрінеді. Ойын атауы да осыдан шыққан.
Қатысушылар екі топқа бөлінеді. Бастаушы ақ сүйекті алысырақ лақтырады, өзгелері ай сәулесіне шағылысқан сүйектің түскен жерін шамалайды. «Іздеңдер!» деген бұйрықтан кейін бәрі іздейді. Тапқан ойыншы «Мен таптым!» деп айқайлап, сүйекті көрсетіп, сөреге қарай жүгіреді. Қарсыластар қуып жетіп ұстаса, сүйек қолға өтеді. Қай топтың ойыншысы ақ сүйекті сөреге жеткізсе, қарсы топ ән айтып айып өтейді.
Сақина салу
Сақина салуда жеребе арқылы бір қыз бен бір жігіт ортаға шығады. Қалғандары екі қолын уыстап, тізесінің үстіне қойып отырады. Қыз қолындағы сақинаны әр ойыншының уысына салғандай ыңғаймен бәрін аралап өтеді де, жігітке «Сақинаны тап!» деп бұйырады.
Жігіт өзі ұйғарған ойыншыдан «Сақинаны бер!» деп сұрайды. Тапса — сақинаны жасырған ойыншы айып тартады, таппаса — іздеуші айып төлейді. Айып өтеуі көпшіліктің қалауымен орындалады: ән салу, жұмбақ шешу, жаңылтпаш айту, салмақ көтеру секілді көңілді тапсырмалар беріледі. Бұл ойында сақина салушы — қыз, іздеуші — жігіт. Іздеуші әзіл айтып, күлдіріп жүріп, сақинаны сезіктендіріп табуға тырысады.
Тымпи
Тымпида қатысушылар шеңбер жасап отырады да, бір жүргізуші сайланады. Ол: «Ойынды бастаймыз, бәрің түгел тым-тырыс тымпи!» — деп бұйырады. Бұдан кейін ойыншылардың ешқайсысы дыбыс шығармауы, сөйлемеуі керек. Тек жүргізуші ғана сөйлей алады.
Жүргізуші әзіл-қалжың айтып, күлкілі қимыл жасап, біреуді күлдіруге немесе сөйлетіп қоюға тырысады. Біреу абайсыз күліп жіберсе не сөйлеп қойса — айып тартады: өлең айтады, ән салады немесе би билейді. Сондықтан жүргізуші тілмар, тапқыр, күлдіргі болуы шарт.
Бастаңғы
Бастаңғы — ауылдың үлкендері қонаққа кетіп, үй іші саябырлаған кезде қыз-келіншектердің бас қосып өткізетін дәстүрлі отырысы. Қазақ тәрбиесінде «Қызға қырық үйден тыйым» қағидасы қыздың ар-намысы мен отбасының абыройын жоғары қояды. Сондықтан бастаңғы — қыздардың үй ішіндегі шаруаны өз бетімен ұйымдастырып, жауапкершілікке үйренуінің бір жолы.
Дастарқан және тәрбие
Қыздар әрқайсысы үйден тәтті-дәмді, құрт-май алып келіп, ортақ дастарқанға қояды. Тамақты өздері әзірлейді. Мұның астарында қонақ күтуді, табақты мүшелеп тартуды іс жүзінде үйрену секілді тәрбиелік мән бар.
Тәртіп шарты
Көп жағдайда «өлең айтылмайды, шу болмайды» деген шарт сақталады, бірақ басқа ойындар ойналып, көңіл көтеріледі. Үлкендер байқамай келіп қалса, көзге түспеу үшін үй маңына сенімді, тіл алғыш балаларды қарауыл қылып қояды.
Ине жасырмақ
Ине жасырмақ — жастар бас қосқанда, көбіне үй ішінде ойналатын ойын. Қажетті бұйымдар: ине және домбыра (немесе басқа музыкалық аспап).
Алдымен бастаушы сайланады: ол тәртіпті қадағалайды, күй тартатын адамды табады және екі ойыншыны таңдайды. Бір ойыншы бөлмеден шығып кетеді, ал қалғаны инені киіміне жасырады немесе біреуге ұстатады. Белгі берілгенде іздеуші қайта кіріп, инені қатысушылардың жағасынан, бас киімінен іздейді.
Домбыраның «бағыттауы»
Іздеуді жеңілдету үшін домбырашы әуенді өзгертіп отырады: іздеуші нысанаға жақындаса — күй күшейіп, ал алыстаса — бәсеңдейді. Ине табылса, жасыра алмаған ойыншы ән айтып немесе әзіл айтып айып төлейді; табылмаса — іздеуші айып тартады.
Алты бақан
Алты бақан — көктем, жаз кештерінде далада ойналатын көңілді сауық. Қатысушылар санына шек қойылмайды.
Тербелетін тұғыр жасау үшін ұзындығы 3,5–4 метр алты бақан және үш мықты арқан керек. Алты бақан үш-үштен мосы тәрізді құрастырылып, төбелері түйістіріле орнықтырылады да, арасына көлденең ағаш байланады. Үш арқан соған бекітіледі: біреуі аяқ тіреуге, екеуі отыруға арналған.
Әдетте қыздар мен бозбалалар жұп-жұп болып алма-кезек тербеліп, ән шырқайды. Қалғандары қосылып, думан түннің біраз уағына дейін созылады.
Тоғыз құмалақ
Тоғыз құмалақтың жеке, жеке командалық және командалық түрлері бар. Ойын арнайы ағаштан жасалған тақтада ойналады: екі қатарға тоғыз-тоғыздан ойылған ұя (кіші отау) және әр тарапта бір-бірден қазан (үлкен отау) болады.
Екі ойыншыға барлығы 162 құмалақ беріледі (бұршақ немесе жүгері дәні де жарайды). Әр ұяға 9-дан салынады. Қажет болса, ұя мен қазанның кескінін қағазға сызып немесе жерден қазып та ойнай береді.
Тақта құрылымы
Әр ұяның 1-ден 9-ға дейін реттік саны болады (солдан оңға қарай). 5-ұя — орталық ұя. Ойын жүрісі сағат тіліне қарсы бағытта таратылады.
Негізгі ереже
Ойыншы өзі таңдаған отауында бір құмалақты қалдырып, қалғанын қолына алып, ұяларға бір-бірлеп таратады. Егер соңғы құмалақ түскен қарсылас ұясындағы тас саны жұп болса (2, 4, 6, 8, 10...), сол ұядағы құмалақ түгел алынып, өз қазанына аударылады.
Тұздық және жеңіс
Егер ойын барысында ойыншының бір ұясында 2 құмалақ қалып, қарсыласы жүрісінің соңғы тасын дәл сол ұяға түсірсе, үш тас түгел алынады да, ұя ойын соңына дейін тұздық болады. Кейін сол ұяға түскен тастар тұздық иесінің қазанына көшеді. Әр ойыншы қарсыласының жағында тек бір ғана тұздыққа ие бола алады. Қазанына 82 құмалақ жинаған ойыншы жеңеді.
Асық ойыны
Асық ойыны негізінен ер балалар арасында кең тараған. Ең негізгі құрал — сақа. Сақа әдетте үлкен, оңқай асықтан таңдалып, шіге жағына қорғасын құйып ауырлатылады; тәйке жақ табаны мен шіге жақ беті тегістеліп, асық атуға ыңғайланады.
Ойын жазды күні тақыр жерде ойналады. Екі бала немесе бірнеше бала екі топқа бөлініп ойнайды. Негізгі мақсат — асық ұту. Ең көп тараған түрлері: үштабан және алтыатар.
Үштабан
Тақыр жерге көлденең сызық сызылады да, әр ойыншы бір-бірден кеней тігеді (арасы сиректеу). Балалардың сақаларын біреуі жиып иіреді. Сақасы түскен бала бірінші болып сақасын көннен алысырақ жерге иіреді. Сақамен тігулі кенейді атып, оны үштабаннан арғы жерге жіберуі керек. Үштабаннан кем кетсе немесе сақасы тимей өтсе, кезек келесі ойыншыға өтеді. Ойын көндегі кенейді ұтып біткенше жалғасады.
Алтыатар
Көндегі кенейлер бір-біріне тіркестіріле қойылады. Бір шетіне түпте қалған (сақасы шықпаған) баланың сақасы тігіледі. Көннің екі жағына 1 м жерден су сызығы, ал 5–6 м жерден қарақшы белгіленеді. Түптегі сақаны судан шығарып жұлып кеткен ойыншы бүкіл кенейді алады. Сақаға тимей кенейді ұшырса, судан шыққаны ғана соныкі болады. Ату саны — 6 рет. Алты рет атыстан кейін қалған кенейдің бәрі түпте қалған баланікі деп есептеледі.