Проценті бойынша санды табу

Сабақ жоспары

Проценті бойынша санды табу

Бұл сабақта оқушылар процентке байланысты есептерді шығару дағдысын бекітіп, микрокалькулятор арқылы есептеудің ықшам жолдарын меңгереді.

Сабақтың мақсаты

  • Жас ерекшеліктерін ескере отырып, процент тақырыбы бойынша теориялық білімді есеп шығаруда қолдану және білімді тиянақтау.
  • Ұйымшылдыққа, бірлікке, достыққа тәрбиелеу.
  • Проценті бойынша санды табудың әртүрлі жағдайларын дамыта оқыту, өз бетінше жұмыс жасауға баулу.

Көрнекілік

  • Мазмұнына қатысты суреттер
  • Тірек-сызбалар
  • Тапсырмалар жинағы

Әдіс-тәсілдер және түрі

Қызығушылығын ояту Ойын Сұрақ–жауап

Сабақтың түрі: білім бекіту сабағы.


Сабақтың барысы

I. Бағдарлау – мотивациялық кезең

Қызығушылықты ояту

Қазақ халқында ұлттық ойындар көп. Соның бірі — асық ойыны. Оқушылардың зейінін шоғырландыру үшін мынадай ой-есеп ұсынылады:

Ой-есеп: «Асық саны»

«Ой ойласаң кең ойла,
Екі жағын тең ойла».

Ойыннан соң бірінші бала екіншісіне қарап: «Қанша асық ұттың?» — дейді. Екіншісі: «Онша көп ұта қойған жоқпын, сегіз асығым қалыпты», — дейді.

Үшінші бала асықтарын түгендеп тұрып: «Сендегі барлық асық менің ұтып алған асығыма тең екен», — дейді.

Бірінші бала мұңайып: «Ең көп асық ұтылған мен болдым», — дейді.

Сұрақ: Ойыннан соң әрқайсысында неше асық қалды?

Талқылау мұғалімнің жетелеуімен жүргізіледі.

Негізгі бағыт

Жаңа тақырыпты меңгеру үшін тірек-сызбаға сүйене отырып, микрокалькуляторды пайдалану арқылы: проценті бойынша санды табуды және бөлінді арқылы бөлінгіштің бөлгіштің неше процентін құрайтынын анықтауды үйренеміз.

Микрокалькулятормен: проценті бойынша санды табу

Мысал: 25%-і 175-ке тең болатын санды табайық.

  1. Калькуляторға 175 санын енгізіңіз.
  2. ÷ пернесін басыңыз.
  3. 25 санын енгізіңіз.
  4. % пернесін басыңыз.
  5. Индикаторда 700 саны шығады. Бұл — ізделінді сан.

Есептеу бағдарламасы

175 ÷ 25%

Өз бетімен жұмыс

1-тапсырма

Бөлінді бойынша бөлінгіш бөлгіштің неше процентін құрайтынын табыңыз:

  • 1 : 2
  • 3 : 4
  • 2 : 5
  • 1 : 5

2-тапсырма

Мектеп кітапханасында 2890 оқулық бар. Бұл — ондағы барлық кітаптың 85%-і. Кітапханада барлығы неше кітап бар?

II. Операциялық – орындаушылық кезең

Практика

Оқулықпен жұмыс

№ 1314, № 1321, № 1324

Оқулықтан тыс тапсырма

700 г йодтың спирттегі ерітіндісінде йод мөлшері 119 г. Ерітіндінің концентрациясы неше процент?

Есеп 1

Мектепте спорттық үйірмелерге 80 оқушы қатысады. Олардың 24-і еркін күреске қатысады. Спорттық үйірмелерге қатысатын оқушылардың неше проценті еркін күреске қатысады?

Шешуі

x — еркін күреске қатысатын оқушылардың проценті.

80 оқушы → 100%

24 оқушы → x%

x = 24 × 100 : 80

x = 30%

Жауабы: 30%

Осы есепке сүйене отырып, келесі екі есепті шығарыңыз:

Есеп 2

Домбыра жасайтын шеберхана бір айда 8 домбыра жасауы керек еді. Олар бір айда 2 домбыраны артық жасады. Шеберхана бұл айда жоспарын неше процент орындады?

Есеп 3

Тіктөртбұрыштың ауданы 90 дм2. Ұзындығы 15 дм. Тіктөртбұрыштың ені ұзындығының неше проценті?

III. Рефлексиялық – бағалау кезең

Қорытынды

Бекіту сұрақтары

  1. Проценті бойынша санды қалай табады?
  2. Микрокалькуляторда проценті бойынша санды табу бағдарламасын түсіндіріңіз.
  3. Бөлінді бойынша бөлінгіштің бөлгіштің неше процентін құрайтынын қалай табады? Осыны микрокалькуляторда есептеу бағдарламасын жазыңыз.

Үй тапсырмасы

№ 1325, № 1326, № 1327

Сабақты аяқтау

Сабақты қорытындылау, оқушылардың жұмысын бағалау және кері байланыс алу.