Сен кереметсің
Ортақ мақсат: ҰБТ-ға психологиялық қолдау
Бұл кездесудің негізгі мақсаты — ҰБТ кезеңінде оқушыға психологиялық қолдау көрсету, ата-ана, оқушы және мұғалім арасындағы өзара түсіністікті күшейту, сондай-ақ оқушылардың өзіне деген сенімділігін арттыру.
Қатысушылар
- 11-сынып оқушылары
- Мұғалімдер
- Ата-аналар
Көрнекіліктер
- Ақ қағаз, қаламсап
- Интерактивті тақта
- «Тілек ағашы» плакаты
- Кеме макеті, жапсырма қағаздар
- Үнтаспа
Негізгі ойлар
«Адам баласының құндылығы — оның білімінде һәм ойлана білуінде» (Жүсіп Баласағұни).
Ерік-жігер
Ерік-жігері мықты адам — нағыз мықты адам.
Арман
Армансыз адам — қанатсыз құспен тең.
Психологтың кіріспе сөзі
Адам өмірінде түрлі сипаттағы сынақтардан өтеді: сәби шақта көпшілік алдында тақпақ айту да, үйге келген қонақты күтіп, разы етіп шығарып салу да — сынақ. Бүгінгі күні мектеп бітірушілер үшін ҰБТ тапсыруға қоғамда ерекше мән беріледі. Сондықтан оқушылардың психологиялық дайындығы — өзекті мәселелердің бірі.
Емтихан, сынақ, тест — бәрі де оқушыларға ғана емес, мұғалімдер мен ата-аналарға да стресс тудырады. Бұл кездесудің мақсаты — осы қысымды жұмсартып, ортақ қолдауды күшейту.
Жаттығулар мен тренингтер
1) «Шілдір (паутинка)» жаттығуы
Топтық байланысТопқа тоқыма жіптің түйіні беріледі. Жіпті алған қатысушы қазіргі көңіл күйін, алдағы армандарын және топ мүшелеріне тілегін айтады. Жіптің ұшын өзінде қалдырып, жіпті келесі адамға ұсынады. Жаттығу соңында қатысушылар арасында «шілдір» пайда болады — ол бірлік пен қолдаудың бейнесі.
2) «Қар қиыршықтары» тренингі
Әртүрлілік- 1Ақ қағазды алып, ортасынан бүктейміз.
- 2Оң жақ жоғарғы бұрышын жыртып аламыз.
- 3Қайтадан бүктеп, сол әрекетті бірнеше рет қайталаймыз.
- 4Соңында қағазды ашып, «қар қиыршығын» қараймыз.
Талдау сұрақтары
- Кімде бірдей, айна-қатесіз қар қиыршығы шықты?
- Неліктен бір қағаз бен бір әрекет болса да, нәтижелер әртүрлі болды?
- Бұл айырмашылық біздің бір мақсатқа бірігуімізге қалай әсер етеді?
Қорытынды ой: әрқайсымыздың орнымыз, рөліміз, мінезіміз бөлек болғанымен, ортақ мақсат — ҰБТ-дан жақсы нәтиже көрсету.
3) «Сәлемхат»
Жылы сөзӘр қатысушы өз сәлемін немесе тілегін қағазға жазып, қорапшаға салады. Кейін сәлемхаттар араластырылып, қатысушылар кезекпен алып, топ алдында дауыстап оқиды. Сәлемхат өз иесінде естелік болып қалады.
Талқылау
- Сәлемхат жазу қиын болды ма?
- Өзіңіздің сәлемхатыңыз оқылғанда қандай сезімде болдыңыз?
- Сабақты әрі қарай жалғастыруға дайынбыз ба?
Негізгі бөлім: тапсырмалар
1-тапсырма: «Менің пікірім…»
Әр топқа сұрақтар ұсынылады. Мұғалімдер мен оқушылар берілген тақырыптарға қатысты ойларын ортаға салады.
1-топ (оқушылар)
Емтихан кезіндегі іс-әрекеттің жағымды және жағымсыз жақтары.
2-топ (мұғалімдер)
Емтихан кезінде өз-өзіңізді қалай тез жинақтауға болады?
2-тапсырма: ойды бейне арқылы айту
А) Күн астында қол ұстасқан балалар
Мұғалімдердің ойы: сыртқы түсі әртүрлі болғанымен, балалардың жан дүниесі ортақ. Ұлағатты ұстаз әр балаға күн сәулесіндей тең мейірім мен қолдау көрсете біледі.
Ә) Біреуді нұсқап тұрған сұқ саусақ
Оқушылардың ойы: біз біреуді көрсеткенде, қалған үш саусақ өзімізге қарай бағытталатынын байқай бермейміз. Біреуді кінәламас бұрын, өз үлесімізді де ойланып көрген дұрыс.
3-тапсырма: «Шынымды айтқанда…»
ШынайылықҚатысушылар аяқталмаған сөйлемдері бар карточкаларды бір-бірден алады да, көп ойланбай жалғастырып аяқтайды. Мақсат — ішкі сезімді ашық жеткізу.
Мысал сөйлемдер
- Шынымды айтқанда, алда келе жатқан ҰБТ туралы ойласам…
- Шынымды айтқанда, емтиханға дайындалған кезімде…
- Шынымды айтқанда, үйге келгенімде…
- Шынымды айтқанда, бос уақытым болғанда…
- Шынымды айтқанда, мен толқығанда…
- Шынымды айтқанда, ойымды жинақтай алмай қалсам…
- Шынымды айтқанда, күйзелгенде…
- Шынымды айтқанда, консультацияға келгенімде…
- Шынымды айтқанда, тренингке қатысқанымда…
Талдау
- Сөйлемдерді аяқтау қиын болды ма?
- Қазіргі сәттегі өмірлік ең маңызды мақсаттарыңыз қандай?
Топтық жоба: «Мен үшін ҰБТ…»
ҰБТ-ның қиындықтары мен жетістіктері, оның маңызы оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар көзқарасымен талқыланып, жоба ретінде қорғалады.
Қорытынды ой
Ұлттық бірыңғай тестілеу — заман талабы. Ол оқушыға оқу грантын жеңіп алу мүмкіндігін береді. Сол мүмкіндікті пайдалану — әркімнің өз қолында. Біліміне және еңбегіне сенген адам ғана өз өмірінің қожасы бола алады.
Релаксация және зейінді тұрақтандыру
Ерікті тыныс алу жаттығуы
- 1Тік тұрып, денені толық бос ұстаймыз. Терең, бірқалыпты тыныс аламыз.
- 2Демді ішке тартқанда, алақандар жоғары қарап, қолды кеуде тұсына дейін көтеріп, шынтақты бүгіп артқа қарай әкелеміз.
- 3Демді шығарғанда, алақандар төмен қарап, қолды төмен түсіреміз. Бұл сәтте қол, иық, іш және аяқ бұлшықеттерін қысқа уақытқа ширықтырамыз.
- 4Қол төмендегенде, ауаның қысыммен төменге бағытталғанын елестетеміз. Соңында бұлшықеттерді қайта босатамыз.
Жаттығуды өзіңізде сенімділік пайда болғанға дейін, ағзаның дайындық деңгейіне сай бірнеше рет қайталаңыз.
Медитативті жаттығу: «Мәселеге жоғарыдан қарау»
Өз мәселеңіз туралы ойланыңыз, уайым-сезіміңізді елестетіңіз. Енді ой көкжиегін біртіндеп кеңейтіңіз: үйіңізді, отбасыңызды, көршілеріңізді, мөлтек ауданды, қалаңызды, мемлекетіңізді, Жер шарын, Күн жүйесін, галактиканы, тұтас әлемді көз алдыңызға келтіріңіз. Өз-өзіңізді жұлдыздар арасында самғап жүргендей елестетіп, сол биіктен мәселеңізге төменнен емес, жоғарыдан қараңыз.
Талқылау сұрақтары
- Мәселеңізге сырт көзбен қарай алдыңыз ба?
- Мәселеге көзқарасыңыз өзгерді ме?
- Жағымсыз күштен арылудың әсері болды ма?
- Ата-ана мен мұғалім қолдауы сізге қаншалықты әсер етті?
Үй тапсырмасы: символдық модельдер
«Еңбек ағашы»
- Бұталар: мұғалім қандай болуы керек?
- Жапырақтар: мұғалімнің түпкі мақсат-мұраты
- Гүлдер: мұғалім еңбегінің нәтижесі
- Жемістер: шәкірт қандай болуы керек?
Қорытынды: сіздер «Еңбек ағашын» құрастыра отырып, еңбектің нәтижесі мен мақсаттың байланысын көресіздер.
«Кеменің бағыты»
- Теңіз толқыны: оқушы қандай болуы керек?
- Кеме: оқушының түпкі мақсат-мұраты
- Желкендер: оқушы еңбегінің нәтижесі
- Бағыты: шәкірт қандай болуы керек?
Қорытынды: мақсат айқын болса, қадам да нық болады.
Тәрбиелік әңгіме: «Жаңғырық туралы аңыз»
Әкесі баласымен бірге тауға барады. Жолда келе жатып, ұлы аяғын тасқа ұрып алып: «А-а-а!» — деп айқайлайды. Сол сәтте дәл сондай жауап естиді. Таң қалған бала: «Сен кімсің?» — деп сұрайды. Жауап та дәл солай қайталанады: «Сен кімсің?»
Ашуланған бала: «Қорқақ!» — дейді. Жауап та сол күйі қайтады: «Қорқақ!» Бала әкесінен не болып жатқанын сұрайды.
Әкесі жымиып: «Мені мұқият тыңда» — дейді де, тауға қарап: «Мен сені сыйлаймын!» — деп айқайлайды. Таудан жауап келеді: «Мен сені сыйлаймын!» Әкесі тағы: «Сен кереметсің!» — дейді. Жауап та қайталанады: «Сен кереметсің!»
Әкесі түсіндіреді: бұл құбылыс — жаңғырық. Ал шын мәнінде, бұл — өмір: не айтсаң да, не істесең де, бәрі өзіңе қайтып келеді.
Соңғы тілек
Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Білім жолындағы еңбектеріңіз бен төккен терлеріңіз алдарыңыздан жарқырап шығарына сенемін. Шаршамай, талмай еңбектеніп, ҰБТ-да жоғары нәтижеге жетулеріңізге тілектеспін. Сәттілік!
Ән: «ҰБТ-дан жетістікке жетейік!»
(«Біз дәуірдің түлегіміз» әнінің әуенімен)
1-шумақ
Арман, мақсат бір болған соң тілегіміз, ҰБТ деп бірге соққан жүрегіміз. Білім болған бастау алар тірегіміз, Әннен шашу шашайық.
Қайырмасы
Болашаққа қанат қаққан түлегіміз, Орындалсын үміт толы тілегіміз. Бәріміз де дайым Көрмей қайғы-уайым, ҰБТ-дан жетістікке жетейік.
2-шумақ
Жанымызға сенімділік серік болсын, Бірлігіміз әрқашанда берік болсын. Басымызға бақыт құсы келіп қонсын, Асулардан асайық.
Қайырмасы
Болашаққа қанат қаққан түлегіміз, Орындалсын үміт толы тілегіміз. Бәріміз де дайым Көрмей қайғы-уайым, ҰБТ-дан жетістікке жетейік.