Армысыздар балалар

Мақсат пен тәрбие бағыты

Мақсат — білімнің сара жолы мектептен басталатынын ұғындыру, білімнің кең дүниеде өмірге есік ашатынын сезіндіру. Оқушылардың білімге деген құштарлығын арттырып, мектепті — білім ордасын, ұстазды құрметтеуге, еңбекті бағалай білуге тәрбиелеу.

Әр баланы ата-анасына, Отанына адал ұл-қыз болуға жетелеп, ақыл-ойын, дүниетанымын, ой-өрісін дамыту — негізгі мұрат. Бастауыш сыныппен және білім есігін ашқан алғашқы ұстаздарымен қоштастыра отырып, балаларды жоғары буын мұғалімдеріне олардың жеке ерекшеліктерін таныстыра табыстау және сәт сапар тілеу көзделеді.

  • Бастауышта алған іргетас білімнің құндылығын терең сезіндіру.
  • Алғашқы ұстазбен қоштасу арқылы келесі кезеңге жауапкершілікпен қадам бастыру.
  • Мектепті, ұстазды, ата-ананы құрметтеуге және азаматтық қасиеттерді нығайтуға тәрбиелеу.

Салтанатты кештің ашылуы

1-жүргізуші сөзі

Армысыздар, мұғалімдер — әз жандар! Білім іздеп инемен құдық қазғандар. Сан ұрпақты тәрбиелеп, оқытқан өмір жолында — нағыз тарландар.

Бүгін — бастауышпен қоштасу күні. Кеше сәби болған ұл-қыздарымыз бүгін есейіп, жас ұлан атанды. Болашақтары шамшырақтай жарқырай берсін!

2-жүргізуші сөзі

Қош келдіңіздер, ақ жаулықты аналар! Жүздеріңізден мейірімнің нұры тамады. Алдарыңызда — жауқазындай құлпырған балғын шақтың балалары.

Қош келдіңіздер, өр тұлғалы әкелер! Қыран құстай болашағын мәпелеген асқар тіректер. Бүгін кешегі сәби еркелер азамат болып, бастауышпен қоштасады.

Қош келдіңіздер!

Құрметті қонақтар, қош келдіңіздер! Төрт жыл бойы біліммен сусындатқан бастауышпен қоштасар күн де келді.

Бастауыш — білімнің көзі. Өйткені бала ең алғаш әріппен, қаламмен, мектеп тәртібімен осы кезеңде танысады.

Кеше ғана мектеп табалдырығын именіп аттаған ұл-қыздарымыз бүгінде ойы толып, бойы өсіп, бастауыш сатысымен қоштасқалы отыр. Осыған орай 4 «Ә» сыныбының «Аттанайық бала шақтан болашаққа!» атты бастауышпен қоштасу салтанатына қош келдіңіздер!

Қол соғып қарсы алайық

Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да… Қол соғып, қошеметпен 4 «Ә» сыныбын ортамызға шақырайық!

(Оқушылар сахнаға шығады)

Құттықтау сөздер

Ұжымға бағыт беріп, әр баланың қамын ойлаған мектебіміздің директоры Жұматаев Мұхтар ағайға сөз беріледі.

Сондай-ақ салтанатымыздың рәсіміне орай бастауыш сынып бірлестігінің жетекшісі Төлепова Салтанат апайға сөз кезегі ұсынылады.

I бөлім — «Рахмет саған, бастауыш мектебім!»

Оқушылардың жырлары

Перизат

Қағылды міне, әуенге бөлеп, соңғы қоңырау…
Қалайша төрт жыл өте шықты — шындық па осы, япыр-ау!

Бекдәулет

Білім деген қауыздан гүл ашылған — оған керек таусылмайтын көп шыдам.
Бар білімнің, бар ілімнің атасы бастау алар бастауыш сатысынан.

Гүлжан

Енді міне, сағымдай боп өте шықты… Төрт жыл аз ба екен, кім біліпті?
Ұстаз-ана жасады мына бізден ел таңғалар азамат — бір-бір мықты.

Сағынай

Төрт жыл бойы саялы мекен еткен — қоштасайық енді біз бастауышпен.

Жандияр

Бастауышым — балбұлағым, алдың сенен балдың дәмін.
Әріп танып, білім алып, рахметімді жаудырам.

Бастауышым — балқұрағым, лаулап жансын шам-шырағың.
Өзің берген біліміңмен самғап ұшты тау қыраным.

Өтті сенде қызық шағым, бастауышым — балбұлағым.
Қоштасар күн жетті міне, қимастықпен қол бұлғаймын.

Барлығы бірге

Қош бол, балғын балалық! Қош бол, сүйікті бастауышым!

Хор

«Қош бол, бастауыш мектеп» (ән)

II бөлім — «Бар ізгілік тек білімнен алынар»

Бастауышта қаланған пәндік негіз

Біз бастауыш сыныпта жоғары сыныптарда өтілетін әдебиет, тарих, биология, алгебра, физика, химия сияқты пәндерге негіз болатын ана тілі, математика, дүниетану, орыс тілі пәндерін зер салып оқыдық.

Түрлі пәндерді оқитын болдық ержетіп… Қателік болса, тез түзетейік. Ұстазың мықты болса, мінді өзіңнен ізде: игере алмай қиналсаң, біреуден көрме.

Талаппек пен Зерделі қонақта

Талаппек

Армысыздар, балалар!

Зерделі

Армысыздар, халайық!

Талаппек

Бүгін ақыл-ойларың толысып, оң мен солды танып, жақсы мен жаманды ажырата алатын шәкіртке айналдыңдар.

Зерделі

Бізді сендердің бесінші сыныпқа дайындығыңды тексеруге Білім ханшайымы жіберді. Ендеше пәндердің маңызы туралы ойларыңды айтып беріңдер.

Пәндер туралы оқушы ойлары

Рахат — Математика

Ойланып есеп шығартып, төрт таңбаны білдірген — ғылымдардың патшасы, математика данасы.

Меруерт — Ана тілі

Анашымдай сыр шерткен, ақыл-білім үйреткен ана тілін ерекше құрметпен оқыдық. Ана тілін сүйеміз, құрметпен бас иеміз.

Мәншүк — Қазақ тілі

Сөйлем, сөз таптары, етістіктің шақтары, жалғау мен жұрнақ — ережесін жаттадық.

Қайсар — Дүниетану

Өмір сырын үйретер пәннің жақсы бірі — дүниетану. Жер байлығы көп екенін танытқан да осы сабақ.

Перизат — Ана тіл туралы толғаныс

Ана тіл — кәусар бұлағым, қана алмас сенсіз құмарым…
Әр әрпің маған — бір-бір тау, шыңыңа қалай шығамын?
Аққудай аппақ арымсың, ана тіл — сенен айналдым!

Даналықтан нәр алған көрініс: «Қария мен бала»

Ұлы ғұламалардың өнегесін бойымызға сіңірдік: Әйтекенің жарып айтқаны, Қазыбектің қазып айтқаны, Төлебидің тауып айтқан ұлағатты сөздері — бәрі де тәрбие мектебі.

1-оқушы

Ата, арман деген не?

1-қария

Арман — ақыл-ойдың шындығы. Құс ұшсам дейді, бала өссем дейді… Арманына адаспаған жетеді.

2-оқушы

Ата, дос табу оңай ма?

2-қария

Дос табу — ақылдыға қиын, ақымаққа оңай. Досың ақылды болса, өзің дана боласың.

3-оқушы

Ата, үйдегі алтын қазық кім?

3-қария

Үйдегі алтын қазық — ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем.

4-оқушы

Ата, өмір сүру үшін не қажет?

4-қария

Адамға өмір сүру үшін су, от, тұз, ақыл қажет. Су — тіршілік, от — өмір, тұз — дәм, ақыл — өмірдің нәрі.

5-оқушы

Ата, адамға ақыл беретін кімдер?

5-қария

Ақыл беретін — ата-ана, ұстаз, дос. Ата-ана баласына айтады, ұстаз шәкіртіне айтады. Достықтың көзі — ақыл.

Талаппек

Рахмет, балалар! Өнерлі де шебер екенсіңдер. Білім ханшайымына сендердің бесінші сыныпқа дайын екендеріңді айтып барамын.

Зерделі

Мол білімдеріңе қуанып тұрмыз. Ақыл-ойларың, саналарың, білімдерің бұдан әрі толыға түссін!

Хормен: Білімімізді шыңдап, биіктерге самғаймыз!

Алғыс сөз

Әр шәкіртін өз баласынан кем көрмей оқуға, жазуға үйреткен бастауыш сынып мұғалімі Райсова Хадиша апайға сөз беріледі.

III бөлім — «Ұстаз ұлағаты»

Ұстаз туралы ой

Абай айтқандай: «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға». Алғаш қолымызға қалам ұстатып, әріп танытып, білім нәрімен сусындатқан жан — ұстаз.

Ыбырай Алтынсарин: «Жақсы мұғалім — мектептің жүрегі» деген. Шын мәнінде, мұғалімсіз білім де, тәрбие де толық іске аспайды. Ғалым да, батыр да, ақын да, еңбеккер де — бәрі ұстаз алдынан өтеді.

Бауыржан Момышұлы: «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқорын да ұстаз өсіреді».

Ұстазға арналған жырлар

Жауқазын

Есімде ұстаздың алғаш қарсы алғаны, айқара есік ашып тастағаны…
Жетелеп бір сыныпқа алып барғаны.

Аймереке

Ұстаттың қағаз, қалам қолыма өзің, ерінбей үйреттің әр әріпті.
«Алғыр бол, әдепті бол, сабырлы бол» — деген сөзің жүректе мәңгі.

Дамир

Әріптерді үйретіп, жақын болған кім бізге? Десек, ол жан — мұғалім. Рахмет, саған, мұғалім!

Бекдәулет

Өзіңсің ағытқан білімнің бұлағын. Нұрыңмен көктедім. Сол үшін өзіңе алғысым көп менің!

Ерасыл

Сүйікті мұғалім, бес алсам ұнадым, екі алсам сынадың. Алдыңда әрқашан бас иіп тұрамын.

Досымжан

Жүрегімде ұстаз берген сабағы өн бойыма тамырланып тарады. Ұмытпаймын салған жолын, ақылын.

Мәншүк

Атағым Алатаудай болса биік, тұрса төбем өсіп, көкке тиіп —
Алдыңда әрқашанда тағзым етіп, «ұстазым» деп басымды иіп тұрамын.

Орыс тіліндегі алғыс

Наших чувств нерастраченных чашу,
И живое дыханье весны,
И любовь, и признательность нашу
Адресуем Онайкуль Алдабергеновне мы.

Гүлжан — Салтанат апай туралы

Кемшілікті кезінде кесіп айтар өзіне. Өнеге мол өзінде, өсиет көп сөзінде.
Ақ ниетті, кең пейіл — Салтанат апай осындай.

Барлығы бірге

Балалықпен тәртіп бұзсақ, кешірім сұраймыз.
Терең білім алуды енді мақсат етіп шыңдаймыз.
Алтын ұя мектеп даңқын даралап тағзым етеміз,
Білімді әрі жалғастырып, арманға біз жетеміз.

Хор

«Біздің апай осындай!»

Өнер сәті

Домбырашы қызымыз Перизаттың орындауында «Ауылдағы той» термесін тыңдаңыздар.

Алғашқы ұстазға сөз

Бастауыш сынып мұғалімі Кенже апайға сөз беріледі.

Ақылшы асыл ұстазым, өзіңе мен де ұқсармын. Жеткенше қайрат-күш-әлім, биікке самғап ұшармын.

Алғашқы ұстазымыз Жанар апайға да сөз ұсынылады (слайд арқылы көрсету).

Ант

Қане, құрбылар, бастауыш сынып мұғалімдеріне ант берейік:

  1. 1 Бастауыштағы қызықты күндерді мәңгі ұмытпауға.
  2. 2 Әліппе ұстатқан алғашқы ұстаздың еңбегін ақтауға.
  3. 3 Бастауыш патшалығының атына кір келтірмеуге.

Хормен: Ант етеміз!

Ата-аналарға сөз

Салтанатты кешімізге тілекші болып отырған ата-аналарға сөз беріледі.

Қорытынды

«Аттанайық бала шақтан болашаққа!» атты кешіміз осымен аяқталды. Зейін қойып тыңдағандарыңыз үшін шексіз алғыс білдіреміз.

Жұлдызыңды жақ! Бұл сөз тек сіздерге арналады, түлектер. Ұстаздарыңыз бен мектебіңіз әрдайым тілекші. Жолдарыңыз ашық болсын!

Аттанарда ұрпағым бақ жолына, түссін деп тура нақ жолына —
Арнайы ақ матадан жол төседік, ырым қып түлектердің ақ жолына!

Болашағы бейне қызыл қыр гүлі — бүлдіршінді аяласын күн нұры. Жаңа табыс жақсы күнге бастасын, бүгін соңғы қоңырау сыңғыры!

Бастауыш сатысының соңғы қоңырауы соғылсын!

(Ақ жолмен түлектер шығарып салынады)