Джосер пирамидасы - көп сатылы құрылыс

Мысыр пирамидалары

Жеті кереметтің ең ежелгісі әрі бүгінгі дәуірімізге жеткені — Мысыр пирамидалары. Олар Нілдің солтүстік-батыс жағалауындағы сансыз қабірлер мен ғибадатханалар орналасқан «өлілер қаласының» үстіне тұрғызылған.

Ең көне пирамида — шамамен 5000 жыл бұрын салынған Джосер пирамидасы. Оның сәулетшісі ежелгі Египетте дәрігерлік, философиялық және ғылыми еңбектерімен танылған Имхотеп болатын. Джосер пирамидасы — көп сатылы құрылыс: басқыштары бірінен соң бірі көкке өрлейтіндей әсер береді. Мұндағы ой — перғауындардың қарапайым халықтан биік, құдіретті екенін күллі әлемге паш ету.

Қаншама қажырлы еңбек пен адам өмірі жұмсалған бұл дәстүр кейін Хеопс, Хефрен және Микрен пирамидаларымен жалғасты. Көлемі жағынан ең үлкені — Хеопс пирамидасы: Хеопс перғауын 20 жыл ішінде осы алып құрылысты салдырған делінеді. Биіктігі 147 метр, әр қырының ұзындығы 232 метр. Құрылыста салмағы 2,5–3 тонна болатын 2 300 000 тас блок қолданылған.

Галикарнас кесенесі

Кіші Азиядағы шағын қалалардың бірі — Галикарнастың билеушісі Карий патшасы Мавсол б.з.д. 351 жылы дүние салады. Оның мұрагерлері атақты құрылысшылар мен қолөнершілерді әр жерден шақыртып, патшаның зиратын салғызады.

Кесене құрылысында шығыстың көпқырлы пирамидаға тән шешімдері мен гректің ионикалық стилі үйлестірілген. Екі қабаттан тұратын кесененің биіктігі 40–45 метр болған. Ол тек биіктігімен ғана емес, грек еліндегі әйгілі мүсіншілер — Скопас, Леохар, Бриаксид және Тимофей жасаған сан алуан мүсіндерімен де дараланды.

Мавзолей шамамен 1800 жыл бойы сақталған. Ағылшын археологы Ч. Т. Ньютонның дерегіне қарағанда, XV ғасырда крестшілер кесенені бұзып, оның құрылыс материалдарын Эгей теңізі жағалауындағы Қасиетті Петр қамалын (қазіргі Түркиядағы Бодрум қаласы) салуға пайдаланған. Мавсол патша мен оның әйелі Артемисияның табыттары, мүсіндері және өзге де жәдігерлері бүгінде Лондондағы Британ мұражайы мен Ыстамбұл археологиялық мұражайында сақтаулы.

Артемида ғибадатханасы

Артемида — гректердің аңшылық құдайы. Оның құрметіне б.з.д. VII–VI ғасырларда Эфес жерінде әйгілі ғибадатхана тұрғызылған. Сәулетші Херсифрон бұл құрылысты сол дәуірдегі кең тараған тәсілдердің бірі — ионикалық ордер стилінде салған.

Ғибадатхананың сәулеттік шешімі соншалықты сәтті шыққандықтан, Грекияның түкпір-түкпірінде осыған ұқсас үлгідегі ғимараттар бой көтере бастайды. Бірақ Артемида ғибадатханасының ғұмыры ұзаққа созылмайды: б.з.д. 356 жылдың 21 шілдесінде атаққа құмар Герострат түн ішінде келіп, ғажайып сарайды өртеп жібереді. Аңыз бойынша, дәл сол түні Ескендір Зұлқарнайын дүниеге келген.

Қайта тұрғызылуы және ауқымы

25 жылдан кейін Ескендір патша ғибадатхананы қайта салуға әмір береді. Сәулетші Дейнократтың басқаруымен тұрғызылған жаңа нұсқа бастапқы жобаны сақтағанымен, сәл биігірек болған. Ғибадатхананың ауданы 110×55 метр, айналасын қоршаған 127 бағананың әрқайсысының биіктігі 18 метрге жеткен. Ғимарат мәрмәрмен әшекейленіп, бағаналарды безендірумен Скопас айналысқан, ал ішкі көркемсуреттер Апеллес қолынан шыққан. Қаладан қасиетті орынға дейін арнайы порт та салынған.

Бұл ғибадатхана да ұзақ жасамады: III ғасырда, нақтырақ айтқанда 263 жылы Кіші Азияға басып кірген гот тайпалары оны қиратып кетеді. 1869 жылы ағылшын археологы Дж. Т. Вуд жүргізген қазба жұмыстары кезінде ғибадатхана орнынан тірек тақталар мен өзге де бұйымдар табылған.

Александрия маягы

Александрия маягы Египеттің эллиндік орталығы — Александрия қаласының маңында, Фарос аралының шығыс бөлігінде орналасқан. Қаланы әлемге танытқан бұл маяк б.з.д. III ғасырда тұрғызылған.

Тұтастай мәрмәрдан қашалып, аса шеберлікпен қаланған құрылыстың биіктігі 150 метрге жеткен. Ол заманда бұдан биік ғимарат болмаған деседі. Мұндай ірі нысанның авторы — Книдтен шыққан Сострат. Ол бір қабырғасына: «Книдтен шыққан Дексифананың ұлы Сострат бұл құрылысты теңізшілерді құтқарушы құдайларға арнадым», — деп ойып жазған. Кейін жазудың үсті саз балшықтың жұқа қабатымен жабылып, оның бетіне патша Птоломей Сотерді дәріптейтін мәтін түсірілген. Уақыт өте сылақ түскен соң, шынайы автордың есімі ашылады.

Маяк құрылысы кезінде Александрия ғалымдары ойлап тапқан құрылғылар қолданылған. Үш қабатты мұнараның төменгі бөлігі төрт қырлы болып, батыс, шығыс, солтүстік және оңтүстікке бағытталған. Екінші қабат сегіз қырлы болып, жел бағыттарына сәйкестендірілген. Үшінші қабатта күмбездің астында жеті метрлік Посейдон мүсіні және шырақ орналасқан. Бұл ғажайып нысан XIV ғасырға дейін сақталған.

Семирамиданың аспалы бағы

Тигр мен Евфрат жарыса аққан қосөзен аңғарындағы Месопотамия талай құпияны қойнына жасырған. Сол мұралардың ең әйгілісі — Вавилон патшасы Навуходоносор (б.з.д. 605–562) сүйікті жары Семирамидаға арнап салдырған аспалы бақ.

Аңыздың өзегі

Аңыз бойынша, Навуходоносор патша алыстағы таулы ел — Мидияның ханшасы Шамурматқа (грекше Семирамида) үйленіп, оны Вавилонға алып келеді. Бірақ туған жердің көк шалғыны мен хош иісті гүлдерін аңсаған ханша ыстық пен аңызақ жел басым қалада мұңға батады. Сонда патша сүйіктісінің көңілін табу үшін оның туған өлкесін көз алдына келтіретін айрықша бақ салуды бұйырады.

Патша сарайының кең ауласында кірпіштен әсем террасалар тұрғызылып, олардың үстіне оқшаулауға жанартаудың лавасы құйылған, одан кейін қорғасын плиталар төселген. Соның үстіне құнарлы топырақ үйіліп, әлемнің әр түкпірінен әкелінген жасыл желек отырғызылған. Мыңдаған құл күн сайын төменнен жоғарыға су айдап, жасанды тоғандарды толтырып отырған. Бақтың беті солтүстік-батысқа қарап, күнбатыстан соққан самал ханшайымның жабырқау көңілін сергітеді делінеді.

Вавилон құлдырағаннан кейін су тасқыны бұл өңірді шайып кеткені айтылады. Кейін 1898 жылы Роберт Кольдевей жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде аспалы баққа қатысты қалдықтар Ирактағы Хилла қаласы маңынан табылған.

Зевс мүсіні

Әлемнің жеті кереметінің бірі — Зевс мүсіні Олимпия қаласының орталық алаңындағы Зевс ғибадатханасында тұрған. Оны әйгілі грек мүсіншісі Фидий піл сүйегі мен алтынды ұштастыра отырып жасаған. Мүсіннің биіктігі 17 метр болған.

Зевстің бір қолында жеңіс құдайы Никаның шағын мүсіні, екінші қолында алтын мен піл сүйегінен жасалған қасиетті қыран бейнеленген ұзын балдақ ұстатылған. Отырғыштың арқасы мен аяқтары піл сүйегінен ойылған өрнектермен әшекейленіп, оның бетіне Олимп құдайларының бейнелері алтынмен безендіріліп салынған.

Балдақтың төменгі жағында әйгілі суретші Панэн туындылары мен билеп жүрген Никалар бейнеленген. Еденге қара көк элевсин тастары төселіп, піл сүйегін кеуіп кетуден сақтау үшін зәйтүн майы құйылған арнайы су алабы жасалған. Зевс мүсінін көру үшін Грекияның түкпір-түкпірінен жұрт ағылған. Ежелгі авторлардың айтуынша, оны көрген адам жарасынан айығып, дертіне шипа табады деген сенім болған. Жорамал бойынша, мүсін IV ғасыр шамасында Константинопольдегі орталық ипподромға көшіріліп, кейін ірі өрт кезінде жойылған.

Родос алыбы

Мүсінші Харестің қолынан шыққан күн құдайы Гелиостың алып мүсіні — Родос аралында тұрғызылған теңдесі жоқ ескерткіштердің бірі. Родостықтар Гелиосқа айрықша табынған, тіпті «ол аралды теңіз түбінен өз қолымен көтеріп шығарған» деген аңыз да бар.

Құрылысы мен тағдыры

Аралдың кіреберісінде орналасқан биіктігі 35 метр мүсіннің құрылысы 12 жылға созылған. Негізі балшық пен металдан жасалып, сыртқы бөлігі қоламен қапталған. Бұл алып ескерткішті тұрғызуға шамамен 13 тонна қола мен 8 тонна темір жұмсалғаны айтылады. Аңызға сенсек, мүсіннің екі аяғының арасымен үлкен желкенді кемелер еркін өткен.

Бар-жоғы 56 жыл тұрған мүсін б.з.д. 220 жылы аралдағы қатты жер сілкінісі кезінде қирап қалады. 977 жылы Родос аралын жаулап алған арабтар оның қирандыларын бір бай көпеске сатып жіберген.