Мектепалды даярлық тобының балаларымен өткізілетін мерекемізге қош келдіңіздер
Іс-шара туралы мәлімет
Өңір / аудан
ШҚО, Тарбағатай ауданы
Қабанбай ауылы
Мұғалім
Баяхметова Жанат Жанахметқызы
Мектепалды даярлық тобының мұғалімі
Мерекелік кеш
8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күні
Балалардың қатысуымен өткізілетін мереке
Мақсаты мен міндеттері
Білімділік
Қыз балалардың жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастыру.
Дамытушылық
Балалардың танымдық және шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын, шеберлігін дамыту.
Тәрбиелік
Көпшілік алдында өзін-өзі ұстай білуге, әдептілікке, мейірімділікке, сұлулықты бағалауға тәрбиелеу.
Кештің ашылуы
Тәрбиешінің құттықтауы
Құрметті ақ жаулықты аналар, ардақты әжелер, сұлу арулар! Сіздер 8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік кешке жиналып отырсыздар. Мектепалды даярлық тобының балаларымен өткізілетін мерекемізге қош келдіңіздер!
Алдарыңызда — сіздердің балаларыңыз, еліміздің болашағы, менің шәкірттерім. Бүгін олар өз өнерлерін көрсетпек.
Жүргізушілер
1-жүргізуші — Руслан
Армысыздар, құрметті әжелер, ардақты аналар, аяулы қыздар! Сіздерді 8 Наурыз төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз!
2-жүргізуші — Диас
Мектепалды даярлық тобында өтетін аналар мен қыздар мерекесіне қош келдіңіздер!
Өлеңмен бастау
Руслан
Той пердесін ашайық,
Тойға шашу шашайық.
Аналарды құрметтеп,
Әжелерді ардақтап,
Ән мен жырға басайық!
Диас
Бүгін — Наурыздың сегізі,
Сұлулықтың егізі.
Әдемі сөз адамның —
Анаға айтар лебізі.
Бағдарлама құрылымы
I бөлім: «Құтты болсын, аяулылар, мерекең!»
Бұл бөлімде топтың ұлдары аналарына, әжелеріне және құрбы қыздарына арнау айтып, ақ тілектерін білдіреді.
Сахналық көрініс
Ұлдар қолдарына гүл алып ортаға шығып, тақпақтарын айтып, аналарға гүл таратады.
II бөлім: «Қыз еркем, қылығымен көркем»
Бұл бөлімде топтың қыздары өз өнерлерін көрсетеді. Бағалауды ұл балалардың ата-аналары арасынан таңдалған қазылар алқасы жүргізеді.
Ескерту
Үш ата-ана әділқазылар үстеліне жайғасады.
I бөлім: Ұлдардың арнауы
Тақпақтар (гүл тарату сәті)
1-оқушы — Алдияр
Жанымызды жайнатқан
Сіздер ғой, ол аналар.
Зор денсаулық, мол бақыт
Тілейміз біз, балалар.
Аппақ мамам, ақ мамам,
«Ақ мамам» деп мақтанам.
Түн ұйқыңды төрт бөліп,
«Бөпешім» деп жатпаған.
2-оқушы — Арнұр
Мәпелейсің мені, анам,
Қолыңдағы құсыңдай.
Құлпыра өсіп, дем алам
Құшағыңда қысылмай.
3-оқушы — Нұрқасым
Анам — менің сүйіктім,
Тек өзіңе табынам.
Қасымда жүрсең — биікпін,
Алыстасаң — сағынам.
Анаң болса қасыңда,
Басқа бақыт не керек?
Аналардың жүрегі
Мейірімді ғой — керемет!
4-оқушы — Мағжан
Әр сөзіңді жаттағам,
Жүрегімде сақтағам.
«Анашым» деп мақтанам,
Айналайын ақ мамам.
Айтсаң болды — тіл алам,
Әйбат анам, әй, анам!
Сені көрсем — қуанам,
Сен керексің тек маған.
5-оқушы — Ислам Қалов
Өзің мені өсірген,
Айналайын ақ әжем.
Тентек болсам — кешірген,
Ауырмашы, ай әжем.
Әже деген көп шығар,
Әжемдей менің жоқ шығар.
Мейірімді бұл кісі,
Қандай ғажап күлкісі.
6-оқушы — Диашон
Адал бол деп баласын,
Әділдікке баулыған.
Жүрегінде мархабат —
Анамызға мың алғыс!
7-оқушы — Ернұр
Тірегі болып қасында
Бірге еріп жүремін.
Жанашырым жанымда —
Тек әжем деп білемін.
Анамды да жақсы көрем,
Айтқан тілін аламын.
Қасында әжем, анамның —
Шаттанып ойнап күлем.
8-оқушы — Расул
Ана — біздің күніміз,
Ана — біздің гүліміз.
Бізді ана қуантып,
Ұзақ өмір сүріңіз!
9-оқушы — Нұрасыл
Әлпештеген, аялаған,
Ақ сүт берген анатайым.
Шын жүректен бүгін сені
Мейрамыңмен құттықтаймын!
10-оқушы — Ақтілеу
Бөбегіңнің сыйлығын
Қабыл алшы, анашым.
Ұзақ өмір, жүз жасап,
Ауырмашы, анашым!
Жүргізушінің қорытынды сөзі
Аналарды сүйеміз, сөзін ойға түйеміз. Әжені де ардақтап, әдеппен бас иеміз.
Балалар бас иіп, гүлдерді отырған аналарға табыстайды.
II бөлім: «Қыз еркем, қылығымен көркем» байқауы
Байқау кезеңдері (5 бөлім)
-
1) «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды»
Арулар өздерін таныстырады.
-
2) «Мақал айтам майысып, мақал сөздің мәнін ұқ»
Арулар жаттап келген мақал-мәтелдерін кезектесіп айтады.
-
3) «Достығы жарасқан ел ұрпағымыз»
Әр ұлттың киімдерімен шығып, сән үлгісін көрсетеді және киімін қорғайды.
-
4) «Бал бармақты арулар»
Әр ұлттың ұлттық тағамдарын таныстырып, қорғайды.
-
5) «Таудай биік талабым, мен өнерлі баламын»
Өз өнерлерін көрсетеді.
Қатысушыларды шақыру
Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары жаны жаздай жайрандаған.
«Қыз өссе — елдің көркі» деген сөзді
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам.
Ержанқызы Камила
Қыздарымыз тамаша, келді гүлдей жараса.
Серікова Балғын
Көктеммен жүрек нұрланды, көңілге қуаныш жиналды.
Ақнұр
Өнерімен таң қылатын аруымыз.
Еркінова Еңілік
Ана үмітін ақтар үлбіреген бүлдіршін.
Аслия
Аспандағы жұлдыздай боп сүмбіле.
Ерболова Кәусар
Тал бойына талай өнер тоғытқан.
Алтынай (Ж.)
Әдемілік салтанатын құрайық.
Алтынай (А.)
Ай мен жұлдыздай жарқырап.
Бағалтаева Мадина
Жан жылуын жақыныңа көп сыйла.
Аяла
Өнерімен тамсандырар кіп-кішкентай ару.
Әр ару сахнаға шыққанда ұлдар гүл сыйлап тұрады.
I кезең: Таныстыру
Қатысушылар реті:
- Камила
- Балғын
- Ақнұр
- Еңілік
- Аслия
- Кәусар
- Алтынай (Ж.)
- Алтынай (А.)
- Мадина
- Аяла
II кезең: Мақал-мәтел
«Мақал айтам майысып, мақал сөздің мәнін ұқ» кезеңінде арулар кезектесіп мақал-мәтелдерін айтады.
Үзіліс нөмірі
Қыздарымыз келесі кезеңге дайын болғанша, сыныптың өнерлі ұлдары аналарына 8 Наурызға тарту ретінде топтық би ұсынады.
Флешмоб — ұлдар
III–V кезеңдер
III) Сән үлгісі
Әр ұлттың киімімен шығып, киімін таныстырады және қорғайды.
IV) Ұлттық тағам
Ұлттық тағамдарды көрсетіп, таныстырады.
V) Өнер көрсету
Әр қатысушы өз қабілетін ортаға салады.
Қорытынды бөлім
Алғыс және марапаттау
Байқауымыз өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы қорытынды шығарғанша, жыл бойы мектеппен тығыз байланыста болып, бала тәрбиесіне, біліміне және тазалығына жауапкершілікпен қарап, ерекше белсенділік танытқан ата-аналарға алғыс білдіріліп, марапаттау рәсімі өткізіледі.
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Құттықтау сөздер мен сыйлықтар
- Ата-аналарға құттықтау сөз кезегі беріледі.
- Ұлдар қыздарды құттықтап, сыйлықтарын табыстайды.