Гүл түстері сан алуан

Тәрбие сағатының мақсаты

Сынып оқушыларына гүл түрлері, сәндік және үй өсімдіктерін өсіру, баптау, күту, гүлдердің ерекшеліктері мен мекен ету ортасы туралы мағлұмат беру мақсатында «Гүл — ғажайып дүние» тақырыбында тәрбие сағатын өткіздім.

Сабақ сынып жетекшісінің кіріспе сөзімен басталды. Табиғаттың бөлінбес бөлігі — өсімдік. Өсімдік адам баласына ас та, киім де, отын да, малға өріс те, өзіне қоныс та болған. Сондықтан халық даналығы: «Бір тал кессең — он тал ек», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Көкті жұлма — көктей соларсың» деп, өсімдікті қадірлеуге үндейді.

Неге гүл — ерекше?

  • Гүл — дүниенің көркі, табиғаттың ең нәзік сыйы.
  • Кейбір гүлдер қоршаған ортаға жағымды әсер беріп, көңіл күйді көтереді.
  • Мерекеде, туған күнде, қуанышты сәтте гүл сыйлау — құрметтің белгісі.

Кіріспе сөзден кейін «Гүл — табиғат байлығы» тақырыбындағы бейнематериал тамашаланды.

Оқушылардың ой-толғаулары

Табиғат туралы

«Табиғат — бүкіл тіршілік атаулының құтты қонысы, алтын ұя бесігі. Адам үшін табиғат — ең қасиетті де қастерлі ұғым. Сұлу табиғатты көзбен көріп, жаныңмен сезіп, сол қалпында сүйе білу — үлкен ләззат».

— 1-оқушы

«…Көктем келсе қар ериді, табиғат түрленеді, тіршілік жанданады» — деп Абай атамыз жырлағандай, көктеммен бірге жер де, көңіл де жаңарады.

— 2-оқушы

«Шымды жерде көресіз қара топырақ… Егер оған дым тиіп, күн жылынса, жан кіріп, шөп шығады гүл жапырақ» — табиғаттың жаңғыруын Шәкәрім жыры да дәл бейнелейді.

— 3-оқушы

Гүл туралы өлең шумақтары

«Гүлдер, гүлдер, көп гүлдер, қызыл гүлдер, көк гүлдер…
Таңмен бірге оянып, күн нұрына боянып, көрік бердің далаға».

— Т. Молдағалиев (4-оқушы)

«Өрт дегенім — гүл екен, отқа ұқсап тұр екен…
Сыйлайын деп анама, үзіп алдым біреуін».

— Т. Молдағалиев (5-оқушы)

Сыныптағы қыз балалар гүл бейнесінде киініп, ұл балалар гүлдерді көпшілікке таныстырды.

Гүлдер әлемі: таныстыру және деректер

Бәйшешек

Көктемнің көрікті гүлдерінің бірі — бәйшешек (кейде қарғалдақ деп те аталады). Биіктігі шамамен 15 см. Ерте көктемде, наурыз айының басында көктеп, бүршік жарады.

«Бәйшешекпін, көктесем қар астында, қыс ызғарын қаймықпай көтеретін…»

— Оразақын Асқар (7-оқушы)

Қызғалдақ

Қызғалдақ — лалагүлділер тұқымдасына жататын көпжылдық өсімдік. «Тюльпан» атауы түрік тіліндегі «бас киім» ұғымымен байланысты: түріктерде қызғалдаққа ұқсас «тюрбан» бас киімі болған.

Көп уақыт қызғалдақтың отаны Голландия деп есептелді. 2001 жылы Алматыда өткен «Қызғалдақ және адам» халықаралық фестивалінде қызғалдақтың бірінші отаны — Қазақстан, екінші отаны — Голландия екені айтылды. Ұлы Жібек жолы арқылы қызғалдақ әлемге таралғаны дәлелденген.

«Кім білмес қыр аруы қызғалдақты… Ұрпақтарым, қастерле, гүліңді де жүдетпе».

— Оразақын Асқар (9-оқушы)

Інжугүл

Інжугүл де лалагүлділер тұқымдасына жатады. Хош иісі мен нәзік көркі көпшілікті бейжай қалдырмайды. Айтылатын деректерге сүйенсек, мамырдың алғашқы күндері Парижде інжугүл мерекесі өткізіліп, бұл күн «Інжугүл күндері» деп аталған.

П. И. Чайковский інжугүлді «гүлдер патшасы» деп бағалаған. Қазақстанда інжугүл негізінен Орал өңірінде өседі.

«Көктемнің алғаш гүлінің, інжугүл атты бірімін…»

— Оразақын Асқар (11-оқушы)

Тұңғиық

Тұңғиық — су өсімдігі. Ерекшелігі — тез өседі: шамамен үш күн сайын жаңа жапырақ шығарады. Англиядағы Кью ботаника бағында тұңғиық гүлдеген сәтті тамашалауға талай адам жиналғаны жайлы дерек айтылады.

Гүлдерінің түсі әртүрлі: ақ, алқызыл, күлгін көк, қанқызыл. Қазақстанда аз мөлшерде Жайық өзені маңында кездеседі.

«Ақ көйлекті бойжеткен, қалқып жасыл қайықпен…»

— Оразақын Асқар (13-оқушы)

Қалампыр

Қалампыр Еуропадан тараған. Біржылдық, екіжылдық, үшжылдық түрлері бар. Гүлдері ақ, қызғылт, күлгін болып келеді. Қалампыр ерлік пен өрлікті дәріптейтін гүл саналғандықтан, көбіне ер азаматтарға сыйға тартылады.

«Ежелден халық бұл гүлді… батырларға сыйлайды».

— Оразақын Асқар (15-оқушы)

Бақытгүл

Бақытгүл — ерекше гүлдейтін өсімдік. Негізінен Қытай мен Жапониядан тараған. Халық арасында бақыттың нышаны ретінде танылып, қалыңдыққа және ең жақын жандарға сыйға тартылады. Түстері сан алуан.

«Үзсең де тұрар жиырма күн… бақытыңа күлімдеп, куә болар деседі».

— Оразақын Асқар (17-оқушы)

Раушан (райхан)

Раушан — хош иісті, ең әдемі әрі көрікті гүлдердің бірі, «гүлдердің патшасы» деп аталады. Раушангүлділер тұқымдасына жатады. Римде «Раушан күні» ерекше аталып өтетін болған. Раушан нәзіктіктің символы, рухани күш беретін шабыт көзі ретінде бағаланған.

Ақ раушан көбіне қалыңдыққа сыйланса, алқызыл және қызыл раушан аналарға, аруларға тарту етілген.

«Өзін-өзі қорғайтын, абайла — бар, тікені».

— Оразақын Асқар (19-оқушы)

Нарғыз

Нарғыз — гүлдері қатпарланып, шеңберленіп орналасатын әсем өсімдік. Отаны — Мексика. Ыстыққа да, салқынға да төзімді.

«Тамыз бен қыркүйегің келсе қалма гүл ашпай… ыстыққа да көңілі жай, салқынды да сүйеді».

— Оразақын Асқар (21-оқушы)

Бөртегүл (сирень)

Бөртегүл — әсем өсімдіктердің бірі. Қазіргі таңда оның жүзге жуық түрі белгілі. Гүлдерінің түсі сия көктен алқызылға дейін құбылып, сары, қызыл реңктері де кездеседі.

«Жұпар иіс сиренді, қазақша бөртегүл дейді…»

— Оразақын Асқар (23-оқушы)

Қоңыраугүл

Қоңыраугүл атауы гүлінің сыртқы пішініне байланысты қойылған. Қышқыл топырақты жерлерде өседі. Маусымнан қыркүйекке дейін гүлдейді. Түстері: ақ, сия көк, сары, күлгін.

«Ортасында тілі бар, қоңыраудан аумайды…»

— О. Асқар (25-оқушы)

Гүлбаршын (гладиолус)

Бұл гүлді халық арасында «Гүлбаршын» деп те атай береді. Көркі келісті, бойы сымбатты, гүлсағағы тік өседі. Той-думанда тарту етілсе, төрден орын алатын сәнді гүлдердің бірі. Әдебиетте Алпамыстың жарының атымен үндесіп, атауы да әсерлі айтылады.

«Атыңның өзін білмейсің, гладиолус екенін…»

— О. Асқар (26-оқушы)

Гүл туралы түйін

«Гүл дегенің — даланың жүрегі. Туған жердің, қаланың сұлулығы. Жан тербейтін нәзік гүлдерді күтіп-баптап, аялайтын — біз».

— О. Асқар (28-оқушы)

Гүл тілі: мағына және дәстүр

Негізгі мағыналар

Қызыл раушан:
махаббат белгісі.
Ақ раушан:
құпиялық, кіршіксіздік нышаны.
Лалагүл:
тазалық белгісі.
Нәркез:
шығыс елдерінде жаңа жыл нышаны.
Сүмбілшаш:
кездесу белгісі.
Інжугүл:
шабыт сыйлаушы гүл.
Қалампыр:
ерлік пен өрліктің белгісі.
Бақытгүл:
бақыттылық белгісі.

Елдердегі түсінік айырмашылығы

Кей халықтарда қалампыр мен бақытгүл бақытсыздықтың белгісі ретінде қабылданса, күншығыс елдерінде, сондай-ақ италиялықтар, гректер, ағылшындар арасында олар керісінше қадірлі гүл саналады.

Германияда қызыл раушан махаббат белгісі делінсе, Латын Америкасының кей өңірлерінде гүлдің қан түстес реңіне байланысты оны «өлім гүлі» деп қабылдап, ақ раушанды ерекше құрметтейді.

Дәстүр бойынша, қуанышты сәтте гүл сыйлағанда тақ сан, ал қабір басына апарғанда жұп сан болуы тиіс деп есептеледі.

Сауалнама: сүйікті түс нені білдіреді?

Қызыл

Белсенділік пен өмірлік күш-қуаттың белгісі. Бұл түсті батыл, табанды, ерік-жігері мықты адамдар ұнатады. Олар әсерлі, қызуқанды келеді және көбіне көшбасшылыққа бейім.

Қызғылт

Жалынның түсі. Мұндай түсті ұнататындар — ыстыққанды, жарқын, ортада көзге бірден түсетін адамдар. Мақсат жолында табанды, алға ұмтылысы күшті.

Сары

Жылу мен жарықтың түсі. Көпшіл, достыққа берік, еркіндікке ұмтылатын, шектеуді ұната бермейтін жандарға тән. Көңіл күйі тез өзгерсе де, көбіне оптимист болады.

Алқызыл

Нәзік, ұяң жандардың таңдауы. Олар өмірдің жарқын қырын көбірек аңғарып, әдемілік пен жайлылықты сүйеді. Сезімталдық пен ішкі сенім қасиеттері байқалады.

Ақ

Шаттықтың түсі. Ақ түсті ұнататындар әсерлі, еліктегіш келеді: кейде өз ықпалына, кейде өзгенің ықпалына тез берілуі мүмкін. Оларға демеп, бағыттап отыратын сенімді достар маңызды.

Көк

Адамдар арасындағы жарасымды қарым-қатынасты жоғары қоятын жандар. Достықты бағалайды, махаббатты биік ұстайды. Салқындықты, араздықты ұнатпайтын ақ тілек адамдарға тән.

Сауалнама тәрбие сағатына қатысқан ата-аналар мен ұстаздар арасында да жүргізілді.

Қорытынды және үндеу

Бүгін біз гүлдер әлеміне шағын саяхат жасадық. Табиғатта гүл түрі өте көп, ал олардың барлығын бір ғана тәрбие сағатында қамту мүмкін емес. Гүлдер бізді әсемдікке, ізгілікке тәрбиелейді.

Елбасының халыққа жолдаған «Жасыл ел» бағдарламасын жүзеге асыруға әрқайсымыз үлес қосуымыз қажет. Ол үшін сыныптағы бөлме өсімдіктерін күтіп-баптап, аялап отырайық. Мектеп пен өз үйіміздің айналасын көгалдандыруға, жасыл желекке айналдыруға атсалысу — бәріміздің ортақ парызымыз.

Осындай эстетикалық бағыттағы тәрбие сағаттары балалардың қоршаған ортаға оң көзқарасын қалыптастырып, ізгілікке тәрбиелейді.

БҚО, Орал қаласы, №44 ОЖББМ

Орынова Гүлбаршын Ермекқалиқызы