Жұмыстың жаманы жоқ, балам

Қазақ әдебиеті сабағындағы шығармашылық жаттығулар

Әдебиет сабағында оқушыларды көркем шығарманың табиғатын терең түсінуге жетелейтін тиімді жолдардың бірі — шығармашылық жаттығулар. Әсіресе кітап оқу дағдысы бәсеңдеген кезеңде көркем туындыдағы образдар жүйесін, қаламгер стилін, сюжеттік байланыстарды әртүрлі тапсырма арқылы қызықтыра алу пән мұғалімінен үлкен жауапкершілік пен ізденісті талап етеді.

Студенттер (оқушылар) әртүрлі жанрда жазуға дағдылануы тиіс. Шығармашылыққа баулудың, өзіндік әрекетті ұйымдастырудың түрі көп: тірек сөздер арқылы әңгіме құрастыру, өлең жазу, мысал мен ертегіні сахналау, ертегі мазмұны бойынша сурет салу және т.б.

Жаттығу үлгісі: тірек сөздер арқылы еркін тақырыпта әңгіме

Студенттерге мына тірек сөздер беріліп, еркін тақырыпта әңгіме жазу ұсынылды: қайрақ, биік ғимарат, сызат, атамекен, адам, топырақ, боран, сағыныш.

  • шығармашылық дағдыны қалыптастыру;
  • ойды көркем жеткізуге үйрету;
  • сюжет құрып, оны белгілі бір проблема аясында дамыту;
  • өзіндік стильді қалыптастыру (тақырыпты студенттің өзі қояды).

Оқушы жұмысы: «Сезімдер шатқалында…»

Тұрапқали Дина

Сұрлануын-ай! Соншама сұрлануын-ай, шіркіннің! Көңілімді баса алмассың, баса алмассың бәрібір. Сағынышымды, жаным-ау, саған деген сап-сары сағынышымды сұрландырып сейілдіре алмассың!

Іңкәрімді, Құдай-ау, саған деген құштарымды қалай ғана қандырсам екен?! Көңілімнің еркіне салсам, бір сені құшағыма қысып, қысып, тіпті қатты қысып аймалар едім — амал нешік. Адамға ақылды аямай берген де, құшақ жағынан тарылтып қойыпты-ау, жарықтық.

Атамекенім-ай, сен менің атамның мекенісің-ау. Иіскейін бе? Мұрнымды төсеп тастап иіскейін бе? Атамның жұпарын қойныңда тығып жатқан боларсың…

Сол иісті қуалап, желіңе қарсы жүгіріп, сүрініп, соғылып — білмеймін — аспанға ұшып, құлдилап жерге түсіп — білмеймін, Құдай-ау, білмеймін — бір сені қойныма сыйдырып құшақтағым келіп тұрғаны-ай.

Қалай ғана дәті барды екен, қалай ғана аузы барды екен олай айтуға?! Апау, сені Дәнеш пен Қайрат жұтаң деді-ау, сортаң деді-ау; «Тұзы аспанға ұшқан топырақ, топырақтың кімге керегі бар?» деді-ау! «Бетіңді оймалап, жүзіңді жұлмалап жаңа ғимарат, биік ғимарат тұрғызу керек» деді-ау. Сол сәтте дымсыз кеп тығырыққа тірелдім де, үнсіз қалдым…

Отаным, туған аймағым-ай, мен сені ол жамандыққа қалай ғана қия алармын?! Жаныңа сызат түсіреді-ау! Олар біле алмас: жүзіңдегі әрбір әжімнің сырын түсіне алмас, ерке желіңнің сен туралы ысқыра салған әндерін сезіне алмас, тіпті ести де алмас.

Сен де мені сағынар едің… Ақ бораныңмен орап ап аймалап, қытықтап, шымшылап, әбден титықтатып ойнап, сосын жөніме қоя берер едің де, томсырайып жатып алар едің. Ал мен сол бір кезде аспанға секірер едім — ой, аспанға бір-ақ кеп секірер едім. Топырағыңа аунап, асырсап еркелер едім…

Бұл да өтті, кетті. Қайта айналып, құйрығын да ұстатпас енді. Енді көтермессің менің сол сотқарлығымды. Сен көтерерсің-ау: сен тіпті түйені де ауырсынбай көтергенсің ғой, бірақ…

Сенің жаныңды олар түсінбес, сырыңды сораптап та оқи алмас. Бірақ мен — құлының Жарасбек — тырысамын ғой, әр әжіміңді аялай сүйіп, қорған болуға.

Жаңа ғимарат… Биік ғимарат… Бұның бәрі жақсы ғой, тіпті керемет! Бірақ неге ғана қимайды екем, ой, шіркін-ай, неге сонша жанымды қинайды екем. Қолымды бір-ақ сілтемеймін бе бәріне?! Жоқ-жоқ, сілтемеймін!!!

Сен менің емшімсің ғой, жанымның, сағынышымның дәрігерісің ғой сен менің. Сол үшін де мен сені алып, жанымның қабығына орап, тіпті жүрегімнің түкпіріне салып, сақтап, тығып қояйыншы. Түш… Бірақ мұны ешкім білмесін…

Тақырыпты кеңейту: мәселе негізіндегі шығармашылық

Шығармашылық тапсырмаларды белгілі бір сөз тізбегімен ғана шектеп қою жеткіліксіз. Мұндай жаттығулар жалпы шығармашылық ойлауды және оны көркем жеткізу дағдысын қалыптастырады. Тапсырмаларды дамыта отырып, студенттерге нақты бір проблеманы тақырып ретінде ұсынуға болады: экологиялық, қоғамдық-әлеуметтік, ұлттық және т.б.

Оқушы жұмысы: «Бетперде»

Жаһандық мәселелер жайында Үлкен әлемді толғандырған проблемалар менің кішкентай әлемімді аса ойландыра қоймапты. Селқостық деп сөксеңіз де, мейліңіз. Алайда Үлкен әлемді құраушы адамдардың пенделік әрекеттері жайлы пайымым бөлек.

Мен үшін ең алапат апат — жасандылыққа ұрынған, рухани тажалға жақындаған адамдық күй. Алаңсыз отырған мен оның жақындағанын сездім. Бұрылып қараймын дегенше, қасыма келіп отыра кетті. Саудыраған сары жапырақты қолына алып, ұзақ үнсіз отырды да:

— Сенің сүйікті мезгілің, — деді.
— Иә. Әсте күз көңілсіз емес қой, — дедім оған үңіліп.
— Білмеймін…
— Неге жабырқайсың?
— Сенен шаршадым. Қашанға дейін бұйығы өмір сүрмекпін. Менің бұл дүниеде бар екенімнен күллі адамзат беймәлім ғой.
— Неге? Сені мен білемін, — дей беріп едім, сөзімді аяқтатпады.
— Иә, сен. Сен бірақ маған өмір сүруге мүмкіндік бермейсің. Білесің бе, өмір сүргім келеді, өмір сүргім келеді!

Оның соңғы сөздері тым қатты естілді.

— Сүре бер! Алайда мен сенің сұрықсыз өміріңді сүргім келмейді. Маған өз әлемім қызық, — дедім. Өз дауысымның тым бәсең шыққанын ұқтым.
— Қашанға дейін жасанды әлеміңде жүрмекпін деп ойламайсың ба, жалықпадың ба? — деді ол.

Оны одан әрі тыңдағым келмей, орнымнан тұрып жүгіріп кеттім. Ол қуа жөнелген жоқ — сол жерде отыра берді. Мен әлі жүгіріп келем. Өз-өзімнен, иә, өзімнен қашып келем.

* * *

— Бетпердеңізді алуыңызды өтінемін!
Жомарт жақын маңнан шыққан дауысқа елең ете қалды. Қасына кіп-кішкене сүйкімді қыз еш ескертусіз, рұқсатсыз келіп отыра кетті.
— Сіз маған айтып тұрсыз ба? — деді Жомарт бар ықыласын қызға аударып.
— Әрине, сізге. Және «сіз» демеңізші маған. Тұрпайы жасандылық, — қыз кескін-кейпін өзгерте тыжырынып алды. — Сіз жаман адамсыз.

— Оны қайдан білдің? — деді Жомарт жылы жымиып.
— Жаман адамның бетпердесін киген жақсы адам немесе керісінше, — деп қыз жеңіл ғана күрсінді. — Бала күнімде ата-анамнан артық жақсы адамдар жоқ шығар деп ойлайтынмын.
— Сөйтсең, олар жаман адамдар болып шықты ма?
— Жоқ. Олардан да басқа жақсы адамдар жер бетінде көп екен. Ал менің ата-анам өзге де жұмырбасты пенделер секілді бетперде киген тіршілік иелері. Артықшылықтары — олар менің ата-анам.

— Сіз де кішкентай кезіңізде қағаздан ойыншық ұшақ жасаған боларсыз?
— Иә.
— Өткенде мен бір кісіге ұшақ сыйладым. Кәдімгі қатты қағаздан жасалған ойыншық ұшақ. Ауыр жұмыстан шаршап-шалдыққан оған: «Үйіңізге жетіп алыңыз», — дедім. Ертеңінде «ұшақпен қалай жеттіңіз?» деп сұрағанда: «Рахмет! Өте жақсы ұшады екен. Бүгін үйімнің қасындағы автотұраққа қойып кеттім», — деді. Сол адамды қатты жақсы көріп кеттім.

— Кішкентай армандарға үлкен қанат бітіретін сондай жандар көп болса ғой! Мүмкін, сізге бұл әңгіме бес жасар баланың былдырлағы сияқты көрінер. Бірақ айтпағым басқа: біз жамандыққа құштармыз. Ақ парақтан қара нүктені оңай аңғарғанымыздай, дариядай жақсылықтан тамшыдай жамандықты да жылдам табамыз.

— Тоңбадың ба?
— Жоқ, мүлдем. Ал өзіңіз мынадай қақаған аязда жападан-жалғыз не себепті отыр едіңіз?
— Жалғыз емеспін. Қасымда сен барсың.
— Иә, мен. Мен қазір кетемін.

Қыз көз ілестірмес жылдамдықпен орнынан тұрды да:
— Қорықпаңыз, сіз жалғыз қалмайсыз. Мына жеріңізде, — деп жүрек тұсын нұсқады, — жүрегіңізде Жаратқаныңыз бар. Оны жоғалта көрмеңіз. Бетперде киген қоғам мүшелерінен де алыстамай-ақ қойыңыз. Ешкімге сенуге болмайды, алайда адамға сену керек!

Кейіпкерді таныту: портрет пен мінезді даралау

Жазушының шығармашылық лабораториясын даралайтын белгінің бірі — кейіпкерлер әлемін оқырманға таныта білуі. Образды айшықтайтын маңызды тетіктер: бет-бейне, сыртқы келбет, мінез-құлық. Қаламгердің тіл байлығы мен жазу шеберлігі де көбіне осы детальдар арқылы көрінеді.

Шығармашылық тапсырма үлгісі

Берілген сөйлемдерге 3–4 сөйлем қосып, кейіпкердің портретін жасаңыз:

Асығыс келе жатқан Айдардың ендігі бар үміті Жарқынбекте ғана. Тай құлындай тебісіп бірге өспесе де, екеуі бір өңірдің тумасы, бір-бірін сырттай жақсы білетін. Хатшы қыздан рұқсат сұрай кірген Айдарды құшақ жая қарсы алғандай болғанымен, Жарқынбектің сөзінен салқындық сезілді. Дегенмен сыр алдырар емес…

Студент жұмысы: Керімхан Мереке

Асығыс келе жатқан Айдардың ендігі бар үміті Жарқынбекте ғана. Тай құлындай тебісіп бірге өспесе де, екеуі бір өңірдің тумасы. Бір-бірін жақсы біледі.

Бұл күнде Айдардың жанары жас күніндегідей емес: көздері шүңірейген, өткен уақыт жүзіне із қалдырған, қиындықтар жүдеткен. Ақкөңіл жігіттің киген қара жейдесі оны тіпті арық көрсетіп, келбетінің абыржуынан сыр береді. Он жыл бұрын қайыра қоятын қайратты шашына да ақ түсе бастапты.

Тағдырдың сан соқпағында адам не көрмейді… Қапелімде арам ойсыз ер тұлпарынан жығылған соң, сенгені бір Жарқынбек болып еді.

Жарқынбек өзін үлкен кісілерше ұстайтын. Кез келген жағдайда да қалыпты мінезі көңіл күйіндегі өзгерісті бетіне шығармайды. Көк көзі қадалғанда, алдындағы жан өзінен ыңғайсызданып, именердей: тік қарасы әлдебір белгісіз үрей тудырады. Жүзіндегі болмашы жымиыс анда-санда пайда болса да, мейірімді етіп көрсетпейді. Бойын тік ұстап, қақпақтай жауырыны қағып кетсе оңдырмастай тұлғалы жігіттің болмысы жұмбақ.

Хатшыдан рұқсат сұрай кірген Айдарды құшақ жая қарсы алғандай болғанымен, Жарқынбектің сөзінен салқындық сезілді. Дегенмен сыр алдырар емес…

Диалогты баяндауға айналдыру арқылы портрет жасау

Шығармашылық жаттығудың тағы бір тиімді түрі — диалогты баяндау үлгісіндегі әңгімеге айналдырып, сол арқылы кейіпкер портретін ашу.

Тапсырма үлгісі (диалог)

— Ассалаумағалейкум, ата!
— Уағалайкумассалам. Амансың ба, балам!
— Ата, мұнда келіп отыра тұрасыз ба… андағы орындықтардың жанын тазалап алсам деп едім.
— Айтқаның болсын, балам. Жұмысыңа бөгет болмайын… Қарағым, бұрын көрмеген баласың ғой?
— Иә, ата, бұл жұмысқа жаңа тұрдым.
— Ауылдан келдің бе?
— Иә.
— Жұмыстың жаманы жоқ, балам. Еңбек еткен адам ғана өз мақсатына жетеді. Дегенмен жас екенсің, жоғары оқу орнына түсуге талпынбадың ба?
— Ондай жоспар бар, ата. Арманым орындалып, жоғары оқу орнына түссем деп жүрмін. Ауылда қарт әке-шешем бар. Бұйыртса биыл оқуға құжатымды тапсырып көрем, ата.
— А, шырағым, дұрыс екен. Тілегіңе жет.

Студент жұмысы: Тәжібек Гүлбану

Түс ауғаннан бері есік алдында отырған орта бойлы, қалың ақ шашты, қою қара қабақты қарт атаның көгілдір көздері бұрын өзі көрмеген жас балаға түсіп отыр.

Жас жігіттің бет-пішіні ақсұр, қысыңқылау қой көзді, жазық маңдайлы, ерінді келген екен. Бірақ шөлден бе, еріндері шыт-шыт болып тілініп кетіпті. «Жас адамға қол емес дәл осы жұмыс… оқыса болмады ма?» деген ойлар қарияға маза бермеді.

Бір мезетте жігіт атаның отырған орындығын тазалауға көшті. Қол-аяғы серейген ұзын бала үлкен алақанымен қоқысты бір-ақ жинап салды.

Жаңадан бері өзіне тесіліп қарап отырған қарияның ойын оқығандай: «Ата, не ойлап отырғаныңызды білемін. Жоғары оқу орнына түссем деп жүрмін. Ауылда қарт әке-шешем бар. Бұйыртса, биыл оқуға құжаттарымды тапсырып көремін. Сол бір-екі тиын жинасам деген оймен уақытша осы жұмысты істеп жүрмін», — деді.

— А-а, шырағым, дұрыс қой, тілегіңе жет, — деп қария дән риза болып, есікті қиқылдатып үйіне кіріп кетті.

Студент жұмысы: Оспаналы Мәдина

Қарттар үйінде жетінші көктемін қарсы алып жатқан қарт әкей ауладағы көп орындықтың біріне жайғасып, жастық шағын, мәрт кезін көз алдынан өткізумен бірер сағат уақытты өткерді.

Жас күнінде ақкөңіл, қабағына қақ тұрмайтын ойнақы, жомарт мінезді алғыр бала еді. Әкесі он төртінде қайтқан соң, шешесінің қас-қабағына қарап өсті. Екі бауырына бас-көз болып, ішінде бір тамыры үзілсе де, сыртқа сыр бермей жадырап жүретін.

Күні кеше аяулы жары қайтқаннан соң, келінінің жанарына сия алмаған әкейдің осы үйді өмірінің естеліктері қалатын мекен етуіне дейінгі жолы көз алдынан қозғалыстағы пойыз терезесінен көрінетін көріністей сырғып өтті.

Сол сәтте екі қолға бір күрек іздеп келген, осы қарттар үйіне тазалық жұмысына жаңадан орналасқан Мақсат қартқа қарап қалды. Сұңғақ бойлы, қыр мұрын, қоңыр көзді қара бала қасына келіп амандасты. Қарт оны бірден жақын тартты.

Баланың ауылда қарт әке-шешесі барын, мұнда жұмыс іздеп келгенін білген әкей сүйсінгенімен, жас балаға бұл жұмыстың қол емес екенін айтып, оқуға баруын құп көрді.

Орындықтарды тазалап болған бала әкейден орындығын тазалауға сыпайы өтініш білдірді. Әңгімесін жалғап, биыл оқуға құжат тапсырарын айтып жымиды. Ойлы жас. Атына заты сай Мақсаттың мақсатына жетеріне сенімі мол қарт оған батасын берді. Бұл сәт балалық пен қарттықтың кездесуі іспетті еді.

Қорытынды

Әдеби жаттығулар студенттің (оқушының) шығарманы біржақты емес, жан-жақты талдауына жол ашып, қызығушылығын арттырады. Жаттығуларды мұғалім өз қиялы мен мақсатына сай сан түрлі етіп түрлендіре алады. Жазушының шығармашылық лабораториясын, қаламгердің сөз саптауын және теориялық мәселелерді түсіндіруде оқушыға әдеби жаттығу жаздыру — нәтижелі тәсіл екені сөзсіз.