Дөнен қой - төрт жастағы қой

Рухани жаңғыру

Төрт түлікті түгендесек

Қазақ дәстүрінде төрт түлікке қатысты атаулар жүйесі өте бай. Төменде жылқы, түйе, сиыр, қой және ешкіге қатысты атаулар, жас ерекшеліктері, түр-түстері, аурулары және шақыру сөздері жинақталып берілді.

Жылқы — малдың патшасы

Қамбар ата — жылқының пірі, иесі әрі киесі.

Төл және жас атаулары

Құлын, құлыншақ:
жылқы төлі.
Жабағы:
бір жылға дейінгі төл.
Тай:
екі жастағы жылқы.
Құнан:
үш жастағы жылқы.
Құнажын:
үш жастағы ұрғашысы.
Байтал:
төрт жастағы ұрғашысы.
Сойтал:
төрттен асқан ұрғашысы.
Дөнен:
төрт жастағы еркегі.
Бесті:
бес жасар еркек жылқы.
Айғыр:
аталық жылқы.
Сәурік:
жас айғыр.
Бие:
аналық жылқы.
Құлық:
алғаш құлындаған бие.
Қысырақ:
үйірге алғаш қосылған жас мал.
Мама бие:
көп құлындаған жуас бие.
Бедеу:
құлындамайтын жылқы.
Ат:
ақталған (кестірілген) еркек жылқы, мініс ат.

Мініс аттарының атаулары

Мініс аттары жылқы тегіне қарай тұлпар, сәйгүлік, дүлдүл, наз бедеу, қазан ат, арғымақ, жабы деп, ал қасиетіне қарай аяңшыл, жорға, жүйрік және т.б. деп аталады.

Жылқы жүрісі

Аяң, жортыс, бүлкіл, желіс, сау желіс, сар желіс, бөкен желіс, текірек, шоқыту, шабыс.

Шақыру сөзі

Құрау-құрау — жылқыны шақыру.

Түс, түрі және аурулары

Түр-түстері

Ақ, ақбоз, күрең, торы, жирен, шабдар, шұбар, теңбіл, қызыл, қара, қарагер, құла, құлагер, бурыл, баран, қылаң, сұр, ала, кер, күлдібадам, шалбас.

Тулақ — әбден жүдеген арық жылқы.

Мәстек — жылқының нашар, әлсіз түрі.

Аурулары

Жамандату, шеміршек, сақау, маңқа, қолқа.

Түйе — түлік төресі

Ойсылқара — түйе пірі, иесі, киесі.

Төл және жас атаулары

Бота, ботақан, көшек:
түйе төлі.
Бүлдіршін:
екі жасар ұрғашы түйе.
Тайлақ:
екі-үш жасар еркегі.
Бұзбаша:
үш жасар ұрғашы түйе.
Буырлыш:
төрт-бес жасар еркегі.
Буыршын:
төрт-бес жасар еркегі.
Бура:
аталық түйе.
Інген:
аналық түйе.
Атан:
ақталған (кестірілген) түйе.

Тұқымы мен қасиетіне қарай

Нар, жампоз, қоспақ, арақоспақ, мырзақоспақ, кердері, қылағай, қалбағай, бекпатша, құлпатша, желмая, аруана, біртуған, маз, үлек, айыр және т.б.

Жағымсыз түрлері

Көрт, көйін — түйенің нашар түрлері.

Аурулары және шақыру сөзі

Аурулары

Ақшелек, қатпа.

Шақыру сөзі

Көс-көс — түйені шақыру.

Сиыр атаулары

Зеңгі баба — сиыр пірі, иесі, киесі.

Төл және жас атаулары

Бұзау:
сиыр төлі.
Баспақ:
алты айға дейінгі төл.
Арда, торпақ:
бір жылдық төл.
Тайынша:
жастан асқан еркегі.
Тана:
жастан асқан ұрғашысы.
Қашар:
екі жасар ұрғашысы.
Құнажын:
үш жасар ұрғашысы.
Дөнежін:
төрт жасар ұрғашысы.

Жынысына және күйіне қарай

Өгіз:
кестірілген мал (жасына қарай өгізше, құнан өгіз, атан өгіз т.б.).
Бұқа:
аталық.
Сиыр:
аналық.
Сауын сиыр:
сауылып жүрген сиыр.
Саулы сиыр:
бұзаусыз сауылатын сиыр.
Бұқаша, бұқашық:
жас бұқалар.
Қашақ:
жиі қашатын, яғни бұқаға тоқтамайтын сиыр.

Ауруы және шақыру сөзі

Аурулары

Аусыл, қарасан.

Шақыру сөзі

Аухау-аухау — сиырды шақыру.

Қой атаулары

Шопан ата — қойдың пірі, иесі, киесі.

Төл және жас атаулары

Қозы, қошақан:
қойдың жас төлі.
Көрпеш:
есейген қозы.
Көбеген:
төл басы, ерте туған қозы.
Көпей:
кеш туған қозы.
Марқа:
қозының марқайған кезі.
Бағлан:
семіз марқа.
Тоқты:
жасы алты айдан асқан.
Тұсақ:
жастан асқан ұрғашысы.

Жынысына және жасына қарай

Ісек:
тарттырылған (кестірілген) қой.
Құнан қой:
үш жастағы қой.
Дөнен қой:
төрт жастағы қой.
Азбан:
тарттырылған қошқар.
Қошқар:
аталық.
Саулық:
аналық қой.
Ақауыз қой:
әбден семірген бойдақ қой.

Ауруы және шақыру сөзі

Ауруы

Топалаң.

Шақыру сөзі

Пұшайт-пұшайт — қойды шақыру.

Ешкі атаулары

Шекшек ата — ешкінің пірі, иесі, киесі.

Төл және жас атаулары

Лақ:
ешкі төлі.
Бөрте:
алты айлық төл.
Шікіраз:
жасқа толған еркегі.
Туша:
жасқа толған ұрғашысы.
Шыбыш:
екі жастағы ұрғашысы.
Ешкі:
аналық.
Серкешік:
жасқа толған еркегі.
Теке:
аталық.

Түстері

Ақ, қара, көксағал, ор жағал, сары.

Ауруы

Кебенек.

Шақыру сөзі

Шөре-шөре — ешкіні шақыру.

Дайындаған

Бегімхан Керімханұлы — Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.