Қайшыны жолдасына үшкір ұшымен берме

Ашық сабақ

Ою-өрнек түрлері және дайындау реттілігі

Бұл сабақта қазақтың ою-өрнек өнерінің негізгі түрлері, композициялық қағидалары және қағазды бүктеу мен қию арқылы ою дайындаудың реті қарастырылады.

Сабақтың түрі

Аралас, сайыс сабақ.

Сабақтың әдістері

  • Топпен жұмыс
  • «Өрмекші» әдісі
  • Проблемалық әдіс
  • Түсіндіру
  • Сарамандық жұмыс

Пәнаралық байланыс

Бейнелеу өнері, геометрия, тарих, әдебиет.

Көрнекіліктер

  • Ою-өрнек түрлері бойынша буклет
  • Слайдтар
  • Бейнероликтер
  • Ою үлгілері

Мақсаты

  1. Ою-өрнек түрлерімен таныстыру және бүктеу, қию тәсілдерін үйрету.
  2. Оқушыларды ұлттық салт-дәстүр мен қолөнерге терең үңілдіріп, ой-өрісін дамыту.
  3. Эстетикалық талғамын арттырып, өнерге қызығушылығы мен шеберлік қабілетін дамыту; әсемдік пен көркемдікті бағалауға тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларды түгендеу, сабаққа дайындығын тексеру және жұмыс тәртібін қысқаша еске салу.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Өткен тақырып бойынша «Өрмекші» әдісі арқылы сұрақтарға жауап беріледі. Кейін ою-өрнек туралы бейнеролик көрсетіледі.

Сұрақтар

  1. 1.Ең көне ою: Қошқар мүйіз.
  2. 2.Бұл ою қазақтың кең даласын елестетеді: Сұлама.
  3. 3.Магиялық ою: Тұмарша.
  4. 4.Түйе төліне қатысты ою: Ботагөз.
  5. 5.Өте кең тараған ою: Сыңар мүйіз.
  6. 6.Аспан әлеміне қатысты ою: Жұлдыз.
  7. 7.Тұскиізге салынатын өсімдік тектес ою: Қызғалдақ.
  8. 8.Аққу оюы нені бейнелейді: махаббат пен адалдықты.
  9. 9.Қос дөңгелек оюы нені білдіреді: әділеттіліктің бейнесін.
  10. 10.Тасбақа оюы нені білдіреді: мәңгі өмірді.

Көрсетілім: «Ою-өрнектер» бейнеролигі (слайд арқылы).

III. Жаңа сабақ

Проблемалық сұрақтар

Ою дегеніміз не?
Бұйым бетіндегі өрнекті кесу арқылы өңдеу тәсілі.
Композиция дегеніміз не?
Өрнекті бұйым бетіне ретімен орналастырып, жүйелеу.
Ритм дегеніміз не?
Ою-өрнекте белгілі бір элементтің қайталанып келуі.
Орнамент дегеніміз не?
«Ою» және «өрнек» ұғымдарының сәндеу, әсемдеу, әшекейлеу мағынасын білдіретін атауы.
Симметрия дегеніміз не?
Ою-өрнектің екі жағының тең болуы.
Колорит дегеніміз не?
Ою-өрнек бояуларының өзара үйлесіп, жарасым табуы.

Киіз үй және ою-өрнек: мәдени контекст

Жайлаудың шүйгін шөбі арасында, тау етегінде ауыл созылып жатады. Алау түтіні, қой маңырауы, иттің үргені, балалардың күлкісі — ауылға жақындаған сайын анық естіледі. Қазақ халқы көшпенді өмір салтына сай жазда жайлауда, қыста қыстауда киіз үйде тұрмыс кешкен. Сол ата-бабадан қалған асыл мұраның бірі — қазақтың киіз үйі. Бүгін біз ою-өрнек туралы көбірек білу және шығармашылық жұмыс жасау үшін «киіз үйге кіріп шыққандай» әсермен бірнеше бөлімді кезекпен қарастырамыз.

«Өнер — таусылмас азық, жоғалмас байлық».

Ою-өрнек не үшін қолданылады?

Ою-өрнек — тұрмыста бұйымның бетін әшекейлеу үшін қолданылатын нақыш, сәндік өрнек.

Қайда қолданылған?

Негізгі элементтері мүйіз тектес болып, өру, тігу, құрау, қию тәсілдері арқылы үй жиһаздарына, зергерлік бұйымдарға, кілем, сырмақ, текемет, қоржын, ыдыс-аяқ пен киім-кешекке түсірілген.

Зерттеуші пікірі

Өнертанушы В. Чепелев: қазақтар «тек ою-өрнек әлемінде өмір сүргендей» деген пікір айтқан.

Ою түрлері және шеберлік сабақтастығы

Ою түрлерінің көптігі

Ою-өрнектің атауы мен түрлері өте көп: ғалымдар бүгінге дейін шамамен 200-ге жуық түрін анықтаған.

Әбілхан Қастеевтің жауабы:

«Таудың бұлағынан, ойдың құлағынан,
Апамның киізінен,
Ешкінің мүйізінен...»

Оюшы және дәстүрлі үйрену жолы

Әр түрлі өрнек үлгілерін жасаушы, қазақ ою-өрнегінің шебері — оюшы. Көп жағдайда бұл өнер әжеден — анаға, анадан — қызға, әпкеден — сіңліге ауысып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырған.

Практикалық бөлімде қағазды бір рет бүктеу әдісі арқылы ою қиюдың нұсқаларын қарастырамыз (слайд көрсетілімі).

IV. Сарамандық жұмыс: «Мүйіз» оюын қию

Техникалық қауіпсіздік (қайшымен жұмыс)

  1. Қайшыны арнайы қобдишада сақтау.
  2. Қайшыны жолдасыңа үшкір ұшымен бермеу.
  3. Қайшыны ашық қалдырмау.
  4. Жұмыс кезінде өзгенің көңілін бөлмеу.
  5. Қайшыны ойыншық ретінде пайдаланбау.

Жұмыс форматы

  • Топпен жұмыс: оқушылармен бірге ою қию.
  • Слайд арқылы ою түрлерін қарастыру.
  • Қысқа сұрақ-жауап арқылы бекіту.

Бекіту сұрақтары

  • Қазақ оюының кең тараған түрі: мүйіз оюы.
  • Қыз есімімен аталған өрнек: Ботагөз.
  • Гүл оюы нені бейнелейді? Қуаныш.
  • Үзілмейтін бағыт, мәңгілік нышаны: дөңгелек оюы.

V. Қорытындылау

Қайталау сұрақтары

  • Ою-өрнек қанша топқа бөлінеді және қандай?
  • Ою дегеніміз не?
  • Симметрия дегеніміз не?

Рефлексия

Менің білетінім
Ою-өрнектің мәні мен негізгі ұғымдары.
Менің үйренгенім
Бүктеу және қию арқылы ою жасаудың қарапайым реттілігі.
Менің үйренгім келетіні
Күрделірек ою түрлерін құрастыру және композицияны кәсіби орналастыру.

Бағалау

Оқушылардың белсенділігі және сабақ барысында жинаған «жұлдыздары» ескеріле отырып бағаланады.

VI. Үй тапсырмасы

Бүктеу және қырқу тәсілдері бойынша ою-өрнек түрлерін орындап келу.