Қазақстан тәуелсіз, егеменді мемлекет

Сабақтың тақырыбы мен мақсаты

Тақырыбы

Менің Отаным — Қазақстан.

Мақсаты

  • Білімділік: балаларды Отансүйгіштікке баулу, өз еліне және туған жеріне деген патриоттық сезімін ояту; Тәуелсіздік туралы мәлімет беру арқылы егемен еліміздің ертеңгі иелерін тәрбиелеу.
  • Дамытушылық: балалардың сөздік қорын молайту, байланыстыра сөйлеу дағдысын қалыптастыру; Тәуелсіздікке арналған тақпақтар мен мақал-мәтелдерді жатқа айтуға үйрету.
  • Тәрбиелік: есте сақтау қабілетін дамыту, көңіл күйін көтеру, бірлік пен татулыққа тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

Әңгімелеу, көрсету, түсіндіру, сурет бойынша әңгіме құрастыру, сұрақ-жауап.

Сөздік жұмысы

Республика Рәміз Ту Елтаңба Қыран Тұлпар Бәйтерек

Көрнекілік

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері (Ту, Елтаңба, Әнұран).

Сабақтың барысы

Көңіл күйді көтеру

Қуанайық, шаттанайық, балақай!

Аспанда күн жарқырайды, алақай!

Атқан таңға иіліп, бір сәлем беріп,

Бақыт тілейік бір-бірімізге осылай.

Қайырлы күн, қонақтар!

Сүйінші хабар

Қолында қамшысы бар бала атқа мініп кіріп: «Сүйінші, сүйінші! Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл болды!» — деп қуанышты хабар жеткізеді. Тәрбиеші сүйіншісін береді.

Мемлекеттік Әнұран

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.

Сөзін жазғандар
Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
Әнін жазған
Шәмші Қалдаяқов

Сұрақ-жауап: Отан туралы әңгіме

Тәрбиеші: Балалар, біздің еліміз, Отанымыз қалай аталады?

Балалар: Қазақстан Республикасы.

Отан — бұл біздің еліміз, жеріміз, туған-туысымыз, бауырымыз, ауыл-қаламыз, өзіміз туып-өскен мекеніміз.

Тақпақтар: «Отан»

Ермек Өтетілеуов

Отанды біз — Атамекен

Деп аялап атаймыз,

Өйткені оны мекен еткен

Бабамыз бен атамыз.

Назым

Отанды жас-кәріміз де

Туған жер деп сүйеміз,

Өйткені онда бәріміз де

Туып, өмір сүреміз.

Отан деген — Атамекен,

Отан деген — туған жер.

Отан — Ана,

Отан — үлкен Қазақстан, туған ел.

Тәрбиеші: Еліміз 1991 жылғы 16 желтоқсанда Тәуелсіз Республика болып жарияланды. Осы күнге жету үшін талай қиыншылықтан өттік. «Тәуелсіздік» сөзін қалай түсінесіңдер?

Балалар: Өз еліміз, жеріміз, теңдігіміз бар.

Тәрбиеші: Қазақстан қандай мемлекет?

Балалар: Қазақстан — тәуелсіз, егеменді мемлекет.

Тәрбиеші: Осындай үлкен елімізді басқарып отырған кім?

Балалар: Қазақстан Республикасының Президенті — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Тәрбиеші: Елбасының негізгі жұмыс орны қай қалада?

Балалар: Астана қаласында.

Тәрбиеші: Астана қандай қала?

Балалар: Астана — бас қала, әдемі, үлкен қала.

Мемлекеттік рәміздер

Ту

Қазақстан Республикасының Туы көгілдір түсті. Тудағы дала қыраны — еркіндіктің белгісі, ал күн — байлық пен берекені білдіреді.

Милана

Туымызға көгілдір

Бір қарамай өтпейміз.

Сол көк тудың астында

Көгереміз, көктейміз.

Елтаңба

Елтаңбада шаңырақ пен қос пырақ бейнеленген. Шаңырақ — ортақ үйдің, бірліктің нышаны. Пырақ — еркіндік пен биік мұраттың белгісі.

Надежда

Шаңырақтың шаттығы

Асқақтатып тұр мұны.

Елтаңбасы елімнің —

Елдің тыныш тірегі.

Әнұран

Әнұран — салтанатты ән. Мемлекеттік әнұран — егемен еліміздің Туы мен Елтаңбасын айқындайтын рухани құндылық, елді бірлікке үндейтін асқақ әуен.

Көрініс: Әже мен бала әңгімесі

Сахналық көрініс

Бөлме іші безендірілген. Н. Тілендиевтің «Аққу» күйі әуенімен қолында ұршығы бар әже келіп отырады. Қолында қамшысы бар бала атқа мініп ойнап жүреді, кейін әжесіне жүгіріп келіп, еркелейді.

Диалог

Бала: Әже, не істеп отырсыз?

Әже: Ой, құлыным, мен ұршық иіріп отырмын. Кел, отыр. Ойыннан шаршаған боларсың.

Бала: Біз мектепте Тәуелсіздік мерекесіне дайындалып жатырмыз. Әнұранды орындадық. Әже, Тәуелсіздік деген не?

Әже: Е, құлыным-ау, Тәуелсіздік — үлкен әңгіме. Осы күнге жету үшін қазақ халқы талай қиындықты бастан кешірді. Қайсар, батыр аға-апаларымыздың арқасында егемен ел болдық. Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл болды. Өз Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз бар. Аллаға шүкір.

Армат

Күміс күй мен әнге толып тұла бой,

Қуанышқа кенелтеді асыл ой.

Шаттандырған баласы мен бабасын,

Тәуелсіздік күні бүгін — ұлы той.

Би

«Айгөлек» биі орындалады.

Отан туралы тақпақтар

Мерей

Отан — менің ата-анам,

Отан — досым, бауырым.

Отан — өлкем, астанам,

Отан — туған ауылым.

Қадыржан

Аялап ару ананы,

Өсірген еркін баланы,

Бесігім болып тербеткен

Отаным — Қазақстаным.

Бағдыр

Қазақ жері — Қазақстан,

Мөлдіреген ашық аспан.

Алыс кетсем сағынамын,

Отаным сен, Қазақстан.

Гүлсезім

Толтырған гүлге даланы,

Жайнатқан ауыл, қаланы.

Ардақты ата-мекенім,

Отаным — Қазақстаным.

Әделя (Ғабит)

Тәуелсіздік күні дедік — бұл күнді,

Асқақтаған нұр елім.

Атын атап, ақын оны жыр қылды,

Сені мәңгі сүйемін.

Сол күнменен қатар туған сәбилер

Айбынымды асырған,

Кішілерге аға болып үлгерді —

Тәуелсіздік — тірегім.

Бибігүл (Ғабдысалауат)

Адамзатқа дүниеде

Туған жерге нұр шашып жарық берген

Өмір-ау десем — ең қымбат.

Қуаныш пен мол бақыт алып келген

Дарқан тірлік мекенім.

16 желтоқсан — шуақ болып бәрінен,

Отан, сен қымбат!

Тәуелсіздік — елімді алып келген.

Зармина

Отан — туған үйіміз,

Отан — туған жеріміз.

Отан — ортақ үйіміз,

Көңілді ән мен күйіміз.

Тапсырмалар және қорытынды

«Білім елінен» келген хат

Балаларға тапсырмалар беріледі:

  1. Қазақстан Республикасының қандай қалаларын білесіңдер?
  2. Отан туралы қандай мақал-мәтелдер білесіңдер?

Тілек айту

Қазақстан — тәуелсіз, көпұлтты мемлекет. Балалар тәуелсіз елімізге тілектерін білдіреді:

  • Бейбітшілік болсын!
  • Соғыс болмасын!
  • Елімізде тыныштық болсын!
  • Еліміз бай, берекелі болсын!

Балалар алдын ала дайындаған түрлі түсті гүлдерін алып, тәуелсіз елімізге арналған тілектерін айтып, тақтаға орналастырады.

Қорытынды ой

Туған жерді гүлдендіретін ұл-қыз — өздерің. Отанды сүю — оны құрметтеу, білім алу, татулықты сақтау және елге пайдалы азамат болып өсу.