Күзгі бұтақ

Сабақтың мақсаттары

Білімділік мақсаты

Затқа қарап сурет салу туралы түсінік беру; күзгі бұтақты салып үйрену; палитра арқылы қосынды түстерді табу және табиғатты бейнелеу.

Дамытушылық мақсаты

Оқушылардың ой-өрісін, білімін, шығармашылық қабілетін, сабаққа қызығушылығын және шеберлігін дамыту.

Тәрбиелік мақсаты

Өнерді қастерлеуге, эстетикалық талғам қалыптастыруға, ұқыптылыққа, сұлулықты түсіне білуге және табиғатты қорғауға тәрбиелеу.

Сабақтың құрылымы

  1. I

    Ұйымдастыру бөлімі

    Оқушылардың сабаққа қатысуын түгендеу, назарын сабаққа аудару.

  2. II

    Үй тапсырмасын тексеру

    Үйде салынған суреттерді тақтаға іліп, сыныппен бірге талдау және бағалау.

    Сұрақ-жауап

    • Бейнелеу өнерінің неше түрі бар?
    • Бейнелеу өнерінің қандай жанрларын білесіңдер?
    • Жылы және суық түстерді атаңдар.
    • Натюрморт дегеніміз не?
  3. III

    Жаңа сабақ

    Сабақтың тақырыбы хабарланады, мақсатымен таныстырылады. Бүгінгі мақсат — оқушылардың түстерді игеру қабілетін дамыту және табиғат пен сурет түстерін бейнелеу мен мәнерлеудегі түсінігін тереңдету.

    Негізгі ұғым: затқа қарап сурет салу

    Бұған дейін біз көбіне қиялға және еске түсіруге сүйеніп сурет салдық. Енді күзгі жапырақ пен бұтақты тікелей қарап бейнелейміз: зат қандай болса, соған барынша ұқсатып салуға тырысамыз.

    Композиция

    Бұтақты қағаз бетіне дұрыс орналастыруды алдын ала мөлшерлеңдер. Суретті тігінен бе, әлде көлденеңінен бе — өздерің таңдаңдар.

    Сызық және форма

    Жапырақтар мен сабақтарды қарындашты қатты баспай, жеңіл сызықпен түсіріңдер. Бұта мен жапырақтардың пішінін нақты байқап, ұқсастырып салыңдар.

    Қаласаңдар, жұмысты дәстүрлі емес тәсілмен де бейнелеуге болады (тәсілді мұғалімнің нұсқауымен таңдаңдар).

  4. IV

    Сергіту сәті

    Су, су болған бояуым,
    Қағаз бетін торлайды.
    Шіркін сурет сабағы,
    Мың құбылтып бояйды.

    Оқушылар суреттерін бояуға кіріспес бұрын, өлеңді хормен айтады.

  5. V

    Сарамандық жұмыс

    Жылы және суық реңкті түстерді қолданып, затқа қарап сурет салу. Алдарыңдағы күзгі бұтақтарға қарап, өздеріңе ұнаған бұтақты бейнелеңдер.

    Түс таңдауы

    Палитрада түстерді араластырып, қосынды түстерді табыңдар. Күзгі табиғаттың реңктерін дәл беруге тырысыңдар.

    Бояуды жағу

    Алдымен негізгі дақтарды жеңіл түсіріп, кейін бөлшектерін нақтылаңдар. Жапырақтың жүйкелері мен бұтақтың фактурасын байқап көрсетіңдер.

  6. VI

    Үй тапсырмасы

    «Жылы түсті күзгі бұтақ» және «Салқын түсті күзгі бұтақ» тақырыптарына композиция құрып келу.

  7. VII

    Сабақты қорытындылау

    Жақсы орындалған жұмыстар талданып, қателер бойынша нақты ескертпелер беріледі. «Табиғат» сөзіне топтастыру стратегиясы арқылы оқушылардың шығармашылық жұмыстары негізінде қорытынды жасалады.