Қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарын ата

Сабақ туралы

Тақырыбы

Наурыз — жыл басы

Түрі

Тәрбие сағаты

Әдісі

Сұрақ-жауап, топтық сайыс

Көрнекілігі

Нақыл сөздер, интерактивті тақта, суреттер.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушыларға Наурыз мейрамының шығу тарихы мен Наурыз көже берудің маңызы туралы түсінік беру.

Тәрбиелік

Салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, мәдениетімізді білуге және құрметтеуге тәрбиелеу.

Дамытушылық

Оқушылардың еліне, Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру; ұқыптылыққа және шапшаңдыққа баулу.

Ұйымдастыру кезеңі

1) Топқа бөлу

Оқушылар екі топқа бөлінеді: «Шапағат» және «Бәйшешек».

2) Жылы лебіз

Оқушылар бір-біріне мерекелік жылы сөздер айтып, жақсы көңіл күй қалыптастырады.

Мұғалім сөзі: Наурыздың мәні

Наурыз мейрамы — ежелгі заманнан қалыптасқан жыл басы мерекесі. Парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді.

Қыс кетіп, көктем келіп, 22 наурызда күн мен түн теңеледі. Қазақ халқы бұл мейрамды «Әз-Наурыз» деп атаған.

Ежелгі наным-сенім

Халқымыздың нанымына сай, Наурыздың алғашқы күні жер-көкті жарып шыққан ерекше дыбыс естіледі. Ол дыбысты жұмақтан шыққан қой мен оны бағып жүрген қойшы ғана естиді делінеді.

Наурыз — жаңа жылдың бастауы ғана емес, достық пен бірліктің, тазалық пен еңбектің мерекесі. Табиғат жаңарып, төл көбейіп, ақ молаяды.

Бұл күнге дейін үй ішін мұнтаздай етіп тазалау дәстүрі бар: жиһаз бен мүлік шаңнан арылып, жуылып-шаюдан өтеді. Сенім бойынша, таза үйге береке қонады, ауру-сырқау мен пәле-жаладан аман болады.

Наурыз күні таза киім киіп, жаңа жылды жақсы көңіл күймен бастау маңызды саналады: «Жыл басы жақсы басталса, жыл бойы жақсы болады» деген ұғым бар.

Мейрамда Наурыз көже беріліп, түрлі ойын-сауық ұйымдастырылады. Бүгін біз де «Шапағат» және «Бәйшешек» топтары арасында сайыс өткізбекпіз.

Сайыстың барысы

I. Таныстыру

Әр топ өз атауын, төсбелгісін, ұранын және мүшелерін таныстырады.

II. «Салтын сүйген — халқын сүйер» (сұрақ-жауап)

Екі топқа сұрақ қойылады. Қай топ бірінші болып жалауша көтерсе, сол топ алдымен жауап береді.

  1. 1. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда қандай мағына береді?
  2. 2. Наурыз көже неше түрлі тағамнан жасалады?
  3. 3. Қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарын атаңдар.
  4. 4. Наурызшешек қандай өсімдік?
  5. 5. Қазақ халқының қандай ұлттық дәстүрлерін білесіңдер?
  6. 6. «Наурыз тілек» деген не?
  7. 7. Қазақтың ұлттық ойын түрлерін атап беріңдер.
  8. 8. Сүттен жасалатын тағамдарды атаңдар.
  9. 9. Қазақ халқының ұлттық бас киімдерін атаңдар.
  10. 10. «Наурыз бата» деген не?

III. «Мақал — сөз мәйегі»

Берілген мақал-мәтелдің жалғасын табу керек.

1. Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды.

2. Тойға барсаң бұрын бар, бұрын барсаң орын бар.

3. Құтты қонақ келсе, қой егіз табады.

4. Батыл жігіт жол бастар, ақын жігіт той бастар.

5. Алты жасар бала алыстан келсе, алпыс жасар кәрі алдынан шығар.

6. Той дегенде қу бас домалайды.

7. Саналы ел салтын сақтар.

8. Ата жолы — адамдық, ана жолы — адалдық.

9. Ағадан — ақыл, данадан — нақыл.

10. Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер.

IV. «Кім тапқыр!»

Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа қатысты ұғымдарды дұрыс атап, мағынасын сәйкестендіру.

  1. 1. Қуаныш иесіне қуанышына ортақтасып сый беру — көрімдік.
  2. 2. Қонақты құрметпен қарсы алып, мал сойып күтіп алу — қонақасы.
  3. 3. Қуанышты хабар жеткізген адамға берілетін сый — сүйінші.
  4. 4. Көптен көрмеген адамдардың бір-біріне жіберетін сыйы — сәлемдеме.
  5. 5. Алыс сапардан туыстарға алып келетін сый — базарлық.
  6. 6. Жаңадан көшіп келген көршіге қонақасы беру дәстүрі — ерулік.
  7. 7. Үлкен адамның кішілерге табақтағы еттен дәм татқызу рәсімі — асату.
  8. 8. Үйдің үлкендері жолға кеткенде, жастардың ойын-сауық құруы — бастаңғы.
  9. 9. Балаға арнап жас төлге ен салу дәстүрі — бәсіре.
  10. 10. Көпшіліктің көмегін бірігіп пайдалану дәстүрі — асар.

V. «Сандар сыры»

Екі топ ұяшықтағы санды таңдап, сол санға қатысты сұрақтарға жауап береді.

7 саны

  • 1) Жеті жоқты ата.
  • 2) Жеті атаңды атап бер.

3 саны

  • 1) Үш арсызды ата.
  • 2) Үш жетімді ата.

5 саны

  • 1) Бес парызды ата.
  • 2) Бес дұшпанды ата.

VI. «Ас — адамның арқауы»

Әр топ үйден дайындап әкелген Наурыз көженің жасалу жолын (құрамы мен әзірлеу технологиясын) таныстырады.

Бұл кезеңде басты назар берекенің символы саналатын көженің мағынасына, сондай-ақ дәстүрлі тағам арқылы бірлік, молшылық, қонақжайлық құндылықтарын дәріптеуге аударылады.

Қорытынды

Сайыс қорытындыланып, жеңген топ марапатталады. Қатысушылардың белсенділігі, ұйымшылдығы және ұлттық құндылықтарды білу деңгейі бағаланады.