Бағдаршамның көздерін ата

Сабақ туралы мәлімет

Өтетін орны

Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығы.

Педагог

Қосымша білім беру педагогы — Абитаева Гүлзира Лесовна.

Сабақтың тақырыбы

«Кел, ойнайық, балақай!»

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік

    Балаларға жан-жақты білім беру және білім деңгейін анықтау.

  • Дамытушылық

    Өз ойын еркін жеткізуге қалыптастыру, білімге деген құштарлықты дамыту.

  • Тәрбиелік

    Балаларды ауызбіршілікке, ұйымшылдыққа, достыққа тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

Ойын, сұрақ-жауап.

Сабақтың түрі

Кіріктірілген сабақ.

Пәнаралық байланыс

Тіл дамыту, ағылшын тілі.

Көрнекіліктер

Интерактивті тақта, қуыршақтар (ертегі кейіпкерлері), түрлі түсті шарлар.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу әдебі

Балалармен сәлемдесу.

Қатысуды бақылау

Түгендеу.

Сабақты біз бастайық,
Артта қалып қоймайық!
Қандай сұрақ болса да,
Жауап таппай қоймайық!

II. Жаңа сабақ: ертегі әлеміне саяхат

Педагог: «Балалар, бүгінгі сабағымыз ерекше өтеді. Ол үшін бәріміз бір-біріміздің қолымыздан ұстап, көзімізді жұмайық». (3 рет айналу)

«Міне, біз ертегі әлеміне тап болдық!»

Ертегі

Ертеде «Ақтөс» атты ит болыпты. Бір күні Ақтөс ұйықтап жатқанда, оның үш досы — қораз, мысық және ешкі — орманға ойнауға кетеді. Ойынға берілген олар кеш батқанын байқамай, қайтар жолды таппай адасады.

Жолай қалың ағаштың арасындағы ескі үйге кезігеді. «Орман ішінде тұрған бұл кімнің үйі екен?» — деп таңданып, есігін қағады. Бірақ ешкім жауап бермейді. Дауыс естілмеген соң үшеуі ішке кіреді. Сол сәтте есік тарс жабылып, үйдің іші қап-қараңғы болып кетеді.

Қараңғылықтан зәресі ұшқан үш достың дауысы шықпай қалады. Сол кезде зұлым қасқырдың үні естіледі: «Ұсталдыңдар ма? Жақсы болды, қарным аш еді. Енді сендерді жеймін!»

Достардың уәдесі:

  • Қораз: «Қасқыр, бізді жемеші, мен саған өлең айтып беремін».
  • Мысық: «Ал мен саған үйіңді жинап беремін».
  • Ешкі: «Ал мен саған дәмді ас дайындап беремін».

Осы кезде достарын іздеп Ақтөс келіп қалады: «Қасқыр, менің достарымды жібер!»

Қасқыр ойланып тұрып: «Жарайды, босатамын. Бірақ бір шартым бар: мен сендерге сұрақ қоямын. Дұрыс жауап берсеңдер — достарыңды біртіндеп жіберемін. Жауап бере алмасаңдар — бір-бірлеп жеймін», — дейді.

Педагог:

«Балалар, Ақтөске достарын құтқаруға көмектесеміз бе?» Иә, көмектесеміз!

III. Тапсырмалар мен ойындар

1-тапсырма: «Тапқыр болсаң, тауып көр»

Жұмбақ-жауап
  1. Ол төртбұрышты, теледидарға ұқсайды. Теледидар сияқты экраны бар. Оның «тышқан» деген досы бар, қайда барса да сонымен бірге жүреді.

    Жауабы: Компьютер

  2. Ол әр адамның бойында бар. Оны адамдар тек белгілі бір мезгілде қолданады. Саусақ тәріздес «қолдары» бар. Адамға жылу береді.

    Жауабы: Қолғап

  3. Ол атамда бар. Оны күтіп ұстау қажет. Әсіресе кітап, газет оқығанда керек болады.

    Жауабы: Көзілдірік

  4. Ол кейде суда жүзіп жүреді. Мойны ұзын. Үйде де бағады. Көктемде балапан басып шығарады.

    Жауабы: Қаз

  5. Онда кішкентай балалар көп, үлкен адамдар да бар. Ойыншықтар өте көп. Сол жерде ұйықтаймыз, тамақ ішеміз.

    Жауабы: Балабақша

  6. Ол сенде де, менде де бар. Біреулерде ұзын, біреулерде қысқа. Атам мен әжемде ол ақ.

    Жауабы: Шаш

Қасқыр: «Жарайды, балалар, білімдеріңнің арқасында қоразды құтқардыңдар. Ендеше, қоразды босатамын!»

2-тапсырма: «Көңілді шарлар»

Жылдам сұрақ-жауап
  1. Біз қай Республикада тұрамыз?

    Жауабы: Қазақстан Республикасында

  2. Бағдаршамның түстерін ата.

    Жауабы: Қызыл, сары, жасыл

  3. Бір аптада неше күн бар?

    Жауабы: Жеті

  4. Елордамыз қалай аталады?

    Жауабы: Астана

  5. Біз қай қалада тұрамыз?

    Жауабы: Тараз

  6. Рәміздерді ата.

    Жауабы: Ту, Елтаңба, Әнұран

  7. Бір өркешті жануар?

    Жауабы: Нар

  8. Жыл мезгілдерін ата.

    Жауабы: Қыс, көктем, жаз, күз

  9. Бір жылда неше ай бар?

    Жауабы: 12 ай

  10. Құлағы үлкен жануар?

    Жауабы: Піл

  11. Ағаш тазалайтын «орман дәрігері»?

    Жауабы: Тоқылдақ

  12. Шөлге шыдамды жануар?

    Жауабы: Түйе

  13. Түйенің төлі қалай аталады?

    Жауабы: Бота

  14. Қыста ұйқыға кететін аң?

    Жауабы: Аю

Педагог: «Жарайсыңдар! Келесі мақсат — мысықты құтқару. Ол үшін қасқырдың келесі тапсырмасын орындайық!»

Сергіту сәті: «Ойыншықтар»

Біздерде бар қуыршақ,
Бұзау, қозы, құлыншақ.
Ойыншықтар тыңдайды,
Әмір беріп бұйырсақ.

2 рет

Ойыншықтар ұйықтайды,
Айтқанымнан шықпайды.
Ал қозы мен құлыншақ,
«Ұйықта» десем, ұқпайды.

2 рет

Қасқыр: «Ой-ой-ой, балақайлар, қандай қиын тапсырма берсем де орындайды екенсіңдер. Енді қандай тапсырма берсем екен?..»

3-тапсырма: «Полиглот»

Үш тілде жауап беру

Педагог: «Балалар, “Бүлдіршіндер мектебінде” қандай шет тілдерін үйреніп жүрміз? Қазір жұмбақтар жасырамын. Жауабын тапқан оқушы сол сөзді үш тілде айтады».

  1. Жаздай інге тығылып, жатқан қызыл түлкіні құйрығынан суырып әкелді әжем бір күні.

    Жауабы: Сәбіз

  2. Аласа ғана бойы бар, қабат-қабат тоны бар.

    Жауабы: Қырыққабат

  3. Өзі бір қу, жүрген жері айқай-шу.

    Жауабы: Түлкі

  4. Білімнің дәнін тереді, балаға тәлім береді.

    Жауабы: Ұстаз

  5. Төрт қырлы, өзі аппақ, тақтадағы ізі аппақ.

    Жауабы: Бор

  6. Уылжыған албырт, дәмі ғажап.

    Жауабы: Алмұрт

  7. Жеміс-жидек жегенім, балды жақсы көремін.

    Жауабы: Аю

  8. Қалқиып қос құлағы, елеңдеп қорқып тұрады.

    Жауабы: Қоян

  9. Қанжардай тісі бар, үрейлі түсі бар.

    Жауабы: Қасқыр

  10. Адамға серік, күзетке берік.

    Жауабы: Ит

4-тапсырма: «Ұйқасын тап»

Бұл бөлімде балалар сөздің ұйқасын тауып, сөйлеу дағдысын және тілдік сезімін дамытады.

Қасқыр: «Ақтөс, сенің достарыңа өте риза болдым. Менің де осындай достарым болса ғой...»

Ақтөс: «Балақайлар, қасқыр да бізбен бірге дос болсыншы?»

Балалар: «Иә, дос боламыз!»

Қорытынды

Ақтөс: «Достарымды сендердің білімдеріңнің арқасында құтқардық. Рақмет, балалар!»

Педагог: «Көрдіңдер ме, балалар, “Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар” деген сөздің мәні осы. Сондықтан сабақты жақсы оқып, білімді де ақылды болайық».