Оқушыларға үйлесімді өмір сүру туралы түсінік беру
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Пән / бағыт
Өзін-өзі тану (1-сынып), №5 сабақ
Тақырып
Өзіңмен үйлесімді өмір сүру
Құндылық
Жан тыныштығы
Қасиеттер
- Сыпайылық
- Ашуға берілмеу
- Ой тыныштығында отырып үйрену
- Өзін-өзі алдамау
Сабақтың мақсаты мен міндеттері
Сабақ мақсаты
Оқушылардың өз-өзімен үйлесімді өмір сүру туралы түсінігін кеңейту.
Міндеттері
- Оқушыларға үйлесімді өмір сүру туралы түсінік беру.
- Өзін тәртіпті ұстауға қызығушылығын және сенімділігін арттыру.
- Сыпайылыққа, ашуға берілмеуге, ой тыныштығында отырып үйренуге және өзін-өзі алдамауға тәрбиелеу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Тыныштық сәті
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолдарыңызды айқастырмаңыз. Қолдарыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай баяу бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүлдің түйнегі бар. Ол нұрдың әсерінен біртіндеп ашыла бастайды.
Балғын әрі таза әсем гүл әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды нұрмен шайып, жүрегіңіздің қауызын ашқандай болады. Нұр сәулесі бойыңызға ақырын тарай бастайды, біртіндеп күшейе түседі.
Қол
Оймен нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі.
Аяқ
Нұр аяқтарыңызға тарайды. Аяқтарыңыз сәуле шашып, сізді жақсылық жасауға апаратын жақсы жерлерге бастайды. Олар нұр мен махаббат құралына айналады.
Тіл
Нұр аузыңызға, тіліңізге тарайды. Тіліңіз тек шындықты және ізгі сөздерді айтады.
Құлақ пен көз
Нұр құлақтарыңызға бағытталады: құлағыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді естиді. Нұр көздеріңізге де жетеді: көзіңіз тек жақсыға қарап, әр нәрседен жақсылық көреді.
Басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, санаңызға тек ізгі әрі сәулелі ой келеді. Нұр бірте-бірте қарқын алып, шұғылаға айналып, денеңізден сыртқа шығып, айналаңызға сәуле шашады.
Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да нұр жіберіңіз: олардың жүрегі де нұрға толсын.
Нұр бүкіл әлемге — барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тіршілік иесіне таралсын. Ғаламның түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз.
Ойша айтылатын сөздер
Мен нұрлымын.
Нұр менің ішімде.
Мен — Нұрмын.
Осы Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде біраз отыра тұрыңыз. Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз: нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Осы әсем қалыпты сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.
Дәйексөз
II бөлім
Ақылды болсаң, арыңды сақта,
Ар-ұждан керек әр уақытта.
Айту тәртібі
- Оқушылар талдап болғаннан кейін: қыздар 2 рет айтады.
- Ұлдар 2 рет айтады.
- Барлығы бірге 4 рет қайталайды.
Әңгімелеу
III бөлім
«Әйнек адам» — Василий Сухомлинский
Әңгіме арқылы оқушылар адамның ішкі әлемі, жан тазалығы және дұрыс әрекеттің мәні туралы ой қозғайды.
Талқылауға арналған сұрақтар
- «Әйнек адам» неліктен кейде күңгірт тартады?
- Оның қайтадан мөп-мөлдір күйге енуінің себебі неде?
- Әйнек адам балаға қандай жақсы қасиеттерді үйретті?
- Өздеріңнің дұрыс әрекет жасағандарыңды қалай сезінесіңдер?