Көңілді тапқырлар клубы

Жаратылыстану апталығы аясындағы кластан тыс жұмыс

Бұл материал 7–9-сынып оқушыларына арналған «Көңілді, тапқырлар клубы» форматындағы физикалық сайысты ұйымдастыруға көмектеседі. Мақсат — оқушылардың теориялық және практикалық білімін жүйелеу, пәнге қызығушылығын арттыру және ой-өрісінің дамуын бағалау.

Мақсаты

Оқушылардың алған білімін (теориялық және практикалық) дамыту, қорытындылау, білім сапасын және танымдық белсенділігін анықтау.

Ғылыми танымдылығы

Табиғатта, техникада және күнделікті өмірде кездесетін физикалық құбылыстар мен заңдылықтарды түсіндіретін пән — физика екенін ұғындыру.

Тәрбиелік мәні

Дүниетанымды кеңейту, қызығушылықты арттыру, есте сақтау мен логикалық ойлауды дамыту, жан-жақты үйлесімді тұлға қалыптастыру.

Көрнекілігі

Әр команданың газеті, суреттер, эмблемалар, тәжірибелік құралдар, сызбалар, карточкалар, перфокарталар, электр тізбегіне арналған жабдықтар (амперметр, вольтметр, кілт, шам, жалғағыш сымдар), цитаталар жазылған плакаттар және сұрақ жазылған «карточка-шарлар».

Кіріспе: мұғалім сөзі

Оқушыларға физикалық құбылыстарды, заңдылықтарды және олардың түрлі салада, соның ішінде күнделікті өмірде қолданылуын терең меңгертудің тиімді жолдарының бірі — жарыс түріндегі сабақ. 7–9-сынып оқушылары мұндай форматқа қызыға қатысады. Осы жас ерекшеліктерін ескере отырып, сайысты тартымды әрі мазмұнды етіп ұйымдастыруға болады.

Физика — әлем кеңістігінде «өмір сүретін» ғылым. Ол күнделікті тұрмыстағы қарапайым әрекеттен бастап, күрделі техникада және ғылыми танымда үздіксіз кездеседі. Мысалы, үйкеліс күші аяқ киім ұлтанын тоздырады, ал тұздау процесінде диффузия құбылысы байқалады.

Жердегі тіршілік аспан әлемімен де тығыз байланысты: табиғаттағы көптеген құбылыстар физикалық заңдылықтарға бағынады. Әсіресе Жер мен аспан денелерінің арасында бүкіләлемдік тартылыс күші әрекет етеді. Соның әсерінен мұхит, теңіз, өзен сулары буланып көтеріліп, кейін табиғи айналым нәтижесінде қар мен жаңбыр түрінде қайта түседі. Найзағай да — физикалық құбылыс; оны жоғары сыныптардағы физика курсында кеңірек қарастырасыңдар.

Сайыс форматы: «Көңілді, тапқырлар клубы»

«Физика — әлем кеңістігінде өмір сүреді» тақырыбы аясында 7–9-сыныптар арасында «Көңілді, тапқырлар клубы» сайысы өткізіледі. Командалар: «Гидро» және «Аэро».

Жоспар (10 тур)

  1. 1 Команданы таныстыру: атауының мәнін түсіндіру, эмблеманы таныстыру.
  2. 2 Командалардың бірін-бірі құттықтауы.
  3. 3 Сұрақ-жауап жарысы (әр командаға 2–3 сұрақ).
  4. 4 Капитандар сайысы: есеп шығару.
  5. 5 Электр тізбегін құрастыру сайысы.
  6. 6 Эстафеталық жарыс: перфокарта (тапсырманы жедел орындау).
  7. 7 Артистер конкурсы: пантомима.
  8. 8 Ойындар: 1) Лотерея (формуланы дұрыс табу).
    2) Берілген сөздерден физикалық терминдер айту (мысалы: электр, метр, инерция, заряд).
  9. 9 Тапқырлар сайысы: кроссворд.
  10. 10 Қорытындылау және жеңімпаздарды анықтау.

Дайындық туралы ескерту

10 турдың ішінде 4, 6 және 8-турдан басқасын командалар алдын ала үйден ұйымшылдықпен және шығармашылықпен дайындап келеді.

4-тур: капитандар сайысына арналған есептер

8-сынып есебі

Аккумулятор тізбегіне ұзындығы 8 м, көлденең қимасының ауданы 0,8 мм² алюминий сым жалғанған. Тізбектегі ток күші 0,3 А. Аккумулятор ұштарындағы кернеуді табыңдар.

9-сынып есебі

Поезд V₁ = 72 км/сағ жылдамдықпен келе жатыр. Жылдамдықты V₂ = 108 км/сағ-қа жеткізу үшін қандай жұмыс атқарылуы керек? Поездың массасы m = 1000 т. Жылдамдықтың осы артуы 2000 м жолда жүзеге асса, поездға қандай күш әсер етеді? Қозғалысты бірқалыпты үдемелі деп есептеңдер.