Қазымыр оқушы

«Ізденсе, талаптанса қолдан жасалмайтын шарт жоқ. Құнттамаған, ізденбеген, соңына түспеген адамның жұмысы еш уақытта берекелі болмайды». — Ж. Аймауытов

Алғы сөз

Орта білім беру жүйесінің іргетасы бастауыш сыныптарда қаланады. Бұл — үздіксіз білім беру жүйесінің алғашқы әрі маңызды сатысы. Соңғы жылдары бастауыш білім беруде оқушы тұлғасын дамыту, оқу білігін қалыптастыру, білім, білік, дағдыны жоғары деңгейге жеткізу мақсаттары айқын қойылып отыр.

Озық ойлы, тапқыр, нәзік сезімтал, пайымды шәкірттердің мүмкіндігін ескеріп, бағыт-бағдар беру, ой-өрісін дамытатын логикалық ой тастау — әрбір ұстаздың міндеті. Біздің міндетіміз — дүниежүзіндегі жаңалықтар мен дамуларды назарға алып, одан да тиімдісін ұсыну. Өйткені қазіргі ғасырда барлық саладағы даму өте жедел.

Дамудың негізі — білім. Әр бала ерте жастан еркін ойлауға, мақсатын жоспарлап, ісін соңына дейін жеткізуге, кедергілерге қарсы тұруға бейімделгені жөн. Сондықтан әр сабақта оқушылардың сыни көзқарасын қалыптастырып, оларды ашық әрі еркін сөйлеуге баулу — ұстаздың басты міндеттерінің бірі.

Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін қолдануды мақсат ете отырып, 2006 жылы Сорос–Қазақстан қоры ұйымдастырған «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасы курсына қатыстым. Курста алған білімімді сыныбымда қолдануға ұмтылдым және сабақ үдерісіндегі ең басты тұлға — оқушы екенін терең түсіндім.

Дәстүрлі әдістерге үйренген мұғалім үшін көзқарас пен философияны өзгерту әрдайым оңай емес. Бұл бағдарлама бойынша жұмыс істеп келе жатқаныма екінші жыл. Топтық жұмысты сын тұрғысынан ойлау тәсілдерімен ұштастыра отырып, оқушылардың ойын, тілін, еркін сөйлеуін дамытып, бірін-бірі тыңдауға, өз жауабы мен өзгенің жауабына сыни бағалау жасай отырып құрмет көрсетуге бағыт беремін.

Бағдарламаның стратегияларын меңгеріп, тәжірибеде қолдану барысында көптеген нәтижелерге қол жеткіздім. Төменде осы тәжірибемді ортаға саламын.

Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан оқыту

Алға қойған мақсатым

  • Оқу мен жазу арқылы сыни ойлауды дамыту жұмыстарын жүргізіп, баланың танымдық белсенділігін арттыру.
  • Өз бетінше білім алуға мүмкіндік беру және шығармашылығын қалыптастыру.
  • Екі ұйғарымның бірін таңдап, саналы шешім қабылдауға үйрету.

Сын тұрғысынан оқыту дегеніміз не?

Сын тұрғысынан ойлау — ашық қоғамның негізі. Ол өзіне сұрақ қойып, жауап іздеу; әр мәселеге қатысты пікірін білдіру және оны дәлелдей алу; сондай-ақ басқалардың пікірін мұқият талдап, дәлелдердің қисынын зерттеу дегенді білдіреді.

Бұл оқыту «қарапайымнан күрделіге» қағидасымен іске асады. Сын тұрғысынан оқыту — бір ғана технология емес, бағдарлама. Бағдарлама әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған білім берушілердің бірлескен еңбегі; мақсаты — кез келген жастағы оқушыны мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарымның бірін таңдауға, саналы шешім қабылдауға үйрету.

Қазақстанда бұл бағдарлама Джордж Соростың Ашық қоғам институты және Сорос–Қазақстан қоры арқылы келіп, мектеп тәжірибесіне ене бастады. Сын тұрғысынан ойлау — сынау емес, шыңдалған ойлау.

Бағдарлама құрылымы: үш деңгей

1) Қызығушылықты ояту

Бұл кезеңде оқушының тақырып туралы не білетіні анықталып, белсенділігі артады. Оқушыларды психологиялық тұрғыдан сабаққа дайындап, қызығушылықты ояту стратегияларының бірін қолдана отырып, қызықты сұрақтар арқылы жаңа тақырыпқа тартылады.

Дәстүрлі «Кім кезекші?», «Сабақта кім жоқ?» сияқты сұрақтардың орнына жағымды ахуал қалыптастыратын, ой қозғайтын сұрақтар қойылады. Бұл кезең — «жаңа білімге көпір салу».

2) Мағынаны ашу

Оқушы жаңа ақпаратты бұрынғы біліммен ұштастырады. Бұл кезеңді іске асыруға көмектесетін тәсілдер: болжау кестесі, «Ойлан — жұптас — ортаға сал», сұрақ қоя білу, өзара оқыту және т.б.

Осы әдіс-тәсілдер кезеңді оқушының өздігінен білім алуы, өзін-өзі өзектілендіруі, танымдық қабілеттері мен шығармашылық әрекеті оянатын өзіндік еңбек кезеңіне айналдырады.

3) Ой толғаныс

Бұл — оқуды қорытындылау кезеңі. Оқушылар өз ойы мен байқағанын өз сөздерімен жеткізіп, пікір алмасады. Алған білімін пайдаланып шешім қабылдайды, тапсырманы топпен дәлелдеп көрсетеді, бағалайды.

Қорытындылауда эссе жазу, «Бес жол өлең» сияқты стратегиялар қолданылады.

Сабақта қолданатын стратегиялар

Сын тұрғысынан оқыту бағдарламасы көптеген стратегиялардан тұрады. Өз тәжірибемде төмендегі 25 стратегияны тұрақты қолданамын:

  1. 1. Негізгі ойды суреттеу
  2. 2. Топтастыру
  3. 3. Бес жол өлең
  4. 4. Эссе жазу
  5. 5. Болжам кестесі
  6. 6. Галереяға саяхат
  7. 7. РАФТ
  8. 8. Блум жүйесі
  9. 9. ЖИГСО–1
  10. 10. ЖИГСО–2
  11. 11. Қазымыр оқушы
  12. 12. Автор орындығы
  13. 13. INSERT
  14. 14. Венн диаграммасы
  15. 15. Кубизм
  16. 16. Бағытталған оқу
  17. 17. Кідірісте оқу
  18. 18. Әдебиет үйірмесі
  19. 19. Жол қалдырып жазу
  20. 20. Қос жазба күнделік
  21. 21. Авторға сұрақ қою
  22. 22. Үш қадамды сұхбат
  23. 23. Әлемді шарлау
  24. 24. Ой қозғау
  25. 25. Оқиға желісі

Байқалған нәтижелер

  • Сабаққа қызығушылық артты, пікірталас мәдениеті қалыптаса бастады.
  • Өз-өзіне сенімсіз, тұйық оқушылар да ойын жүйелеп, еркін айтуға бейімделді.
  • Жазба жұмыстарында ойды жеткізу, дәлелдеу, мақал-мәтелді орынды қолдану жиіледі.

Оқушылардың жазба жұмыстары: үлгілер

Төмендегі жұмыстар — оқушылардың ой толғаныс, эссе жазу дағдыларының қалыптаса бастағанын көрсететін нақты мысалдар.

«Біз бақытты баламыз» (Нығметова Нұрсұлу)

1941 жылы соғыс басталды. Сұм соғыс 4 жылға созылып, көп адамдардың өмірін әкетті. Менің ойымша, соғысқа қатысқан адамдардың мақсаты — жеңіске жетіп, үйлеріне аман қайту. Соғыс кезінде аштық болды. 1945 жылы соғыс аяқталды. Содан бері біз бейбіт өмір сүріп келеміз.

Менің де алға қойған мақсатым бар: мектепті жақсы бітіріп, маман иесі болып, айналама пайда әкелу. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мектептер, дүкендер, музыкалық мектептер ашты. Біз елімізбен, жерімізбен баймыз. Туыстарым мен достарым бар болғанына қуаныштымын. Барлығы тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Мен өзімді бақытты санаймын.

«Ана — өмірдің шуағы» (Сағындық Гүлжан)

Мен өз шығармамды мына сөздермен бастағым келеді:

Анам менің ардақты,

Әкем менің салмақты.

Бұл екеуі өмірде,

Бәріңнен де қымбатты.

Әр адам өз анасын сүйеді. Анасы бар адам ешқашан қартаймайды. Аналар туралы көптеген өлеңдер, тақпақтар, әндер бар. Мен өз анама гүл сыйладым — ол қатты қуанды.

Оқушылармен қойған концертте мынадай тақпақ айттым:

Анамызды сыйлайық,

Жақсы оқушы болайық.

Жақсы оқып сабақты,

Кілең бестік алайық.

Мен анама өтірік айтпаймын. Менің анам сұлу, мейірімді, еңбекқор. Анасыз өмір жоқ. Дүниедегі барлығы анадан бастау алады. Әр адам анасын ренжітпеуге тырысу керек. Анасы бар адам — бақытты.

Ой толғаныс мәдениетін қалыптастыру

Ой толғаныс барысында оқушылар оқылған мәтіннен не әсер алғанын, қандай ой түйгенін жазуға үйренді. Алғашында олар көбіне мәтін мазмұнын қайта баяндап жүрді. Сондықтан: «Не әсер етті? Не үйрендің?» деген бағыттаушы сұрақтарды жиі қойып отырдым.

М. Шаханов «Достық өлкесінің заңы» (Бопашев Алмаз)

Менің ойымша, өлеңдегі баланың жағдайы қиын. Біріншіден, ол әжесінің көңіліне қарады, екіншіден, досын сатқысы келмеді. Досты сатуға болмайды, бірақ өтірік айту да дұрыс емес. Досын сатқан адам Отанын да сатып жіберуі мүмкін. Менің ойымша, ол әжесіне шындықты айтуы керек еді. Әжесі түсініп, кешірер еді.

Ы. Алтынсарин «Баланың айласы» (Амантай Камилла)

«Жамандыққа жақсылық бар ма?»

Жамандыққа жақсылық, әрине, бар. Жамандыққа жамандық жасамай, керісінше жақсылық жасауға тырысу керек. Жамандық жасаған адамды тәрбиелеу қажет. Меніңше, жақсылық жамандықты әрдайым жеңе алады.

Топтық жұмыс және мәтінді бөліп оқу (ЖИГСО)

ЖИГСО әдісінде мәтінді топқа бөліп оқу оқушылардың жауапкершілігін арттырады. Оқығанын баяндау үшін әлсіз оқушылар да әр сөйлемге мән беріп оқитын болды. Бұл тәсіл оқушыларды өз ойын ашық жеткізуге, өздерін өзге оқушылармен тең сезінуге үйретеді.

«Топтастыру», «Бес жол өлең», «Венн диаграммасы», «Кубик» әдістері де оқушыларды белсенді қатысуға ынталандырады.

«Бес жол өлең» үлгілері

Тоқылдақ (Темірболат Милат)

Тоқылдақ.

Пайдалы, нәзік.

Емдейді, ұшады, тоқылдатады.

Ағаштарды емдейтін құс.

Тігінші (Жаркен Қайрат, дүниетану сабағында)

Тігінші.

Өнерлі, еңбекқор.

Ояды, тігеді, әшекейлейді.

Әдемі көйлектерді тігетін өнерпаз.

Стратегияны дұрыс ұйымдастыру

  • Сабақ жоспарын құруда қай жерде қай стратегия тиімді екенін алдын ала белгілеу.
  • Тапсырманы жас ерекшелікке сай, нақты әрі түсінікті беру.
  • Әр стратегияға өлшенген уақыт белгілеу, қысқа әрі нұсқа жауапқа үйрету.
  • Ойды ашық жеткізуге талап қою, жүйелі жауапқа бағыттау.
  • Алғашқы қиындықтың табиғи екенін түсіндіріп, тұрақты жаттығу арқылы дағды қалыптастыру.

Топтастыру стратегиясы: тәжірибе және әсері

Топтастыру — оқушыларды еркін ойлауға және тақырыпты ашық талқылауға бағыттайтын оқыту стратегиясы. Бұл — жаңа идеяларды жинақтап, бір-бірімен сабақтастыруға мүмкіндік беретін құрылым. Топтастыру қызығушылықты оятуда, ой тудыруды күшейтуде жиі қолданылады.

Өз тәжірибемде оқушылардың бірлесіп, ұйымдасып, топтасып жұмыс істеуіне басымдық беремін. Алғашында топтық жұмыс кезінде оқушылар бірін-бірі тыңдамай, сыныпта шу болатын. Уақыт өте келе топ мүшелері өз жұмыстарын талдап, ең сәтті нұсқаны таңдай білетін деңгейге жетті және бір-бірінің пікірін мұқият тыңдауға үйренді.

Топқа бөлудің нәтижелері

  1. 1 Оқушылар пікірлесе отырып, ортақ қорытынды шығарады.
  2. 2 Тақырыптағы түсініксіз тұстар айқындалады.
  3. 3 Топ ішінде қойылған сұрақтарға жауап беру дағдысы дамиды.
  4. 4 Барлық оқушы оқу әрекетіне тартылады.
  5. 5 Жұмыстың соңында жинақталған қорытынды жасалады.

Бірлесіп жұмыс істеуге дағдыланған оқушылардың білім сапасы нәтижелі болады: ойлау шыңдалады, жауапкершілік артады, өзара қолдау қалыптасады. Мұндай ортада оқушы оқуға, жазуға, тыңдауға, сөйлеуге кең мүмкіндік алып, өз пікірін еркін жеткізуге үйренеді.

Жалпы, «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасының қай стратегиясын алсақ та, оқушының белсенділігін арттырып, ойлау қабілеті мен шығармашылығын жан-жақты дамытатынын байқадым.