Жаңа сабақ. Сабақ типі

Ас – адамның арқауы

Бұл тәрбие сағатының өзегі — денсаулықтың тірегі дұрыс тамақтану екенін түсіндіру, ұлттық тағамдарды насихаттау және салт-дәстүрге құрмет сезімін күшейту.

Мақсаты

  • Дұрыс тамақтанудың денсаулық үшін маңызын түсіндіру; ырым-тыйымдармен таныстыру.
  • Ұлттық тағамдарды насихаттау.
  • Ұлттық салт-дәстүрді құрметтеу, ұлттық сана-сезімді ояту.

Сабақ форматы

Типі
Жаңа тақырыпты меңгерту
Әдісі
Сұрақ-жауап
Түрі
Сайыс сабақ

Көрнекіліктер мен құралдар

Мақал-мәтелдер мен тыйым сөздер жазылған плакаттар, сабақ тақырыбы, ұлттық киімдер, ұлттық ыдыстар, ұлттық тағамдар және көрініске арналған құралдар.

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушыларды үш топқа бөлу.

II. Үй тапсырмасын сұрау

  • Өткен тәрбие сағатында қандай тақырып өттік? (Денсаулық — зор байлық)
  • Адамның көңілді болуы неге байланысты?
  • Денсаулықтың арқасында ұзақ жасаған кім? (Ұлықпан хакім)
  • Денсаулықтың негізі — дұрыс тамақтану.

III. Жаңа тақырып

Бүгінгі тәрбие сағатының тақырыбы — «Ас – адамның арқауы». Дұрыс тамақтанбау денсаулыққа кері әсер етеді. Сондықтан тағамның таза әзірленуіне, жарамдылық мерзімінің өтпеуіне ерекше мән беру қажет. Тамақты асықпай отырып, жақсылап шайнап, содан кейін жұту керек. Тез әрі жүріп келе жатып жеу — тез тоюға ғана емес, қомағайлыққа да үйретеді. Тамақтану кезінде теледидарға алаңдамауға тырысқан жөн.

Топтар және ұрандар

I топ — «Береке»

Ұраны: «Ас — жүрген жер — береке.»

II топ — «Алтын дән»

Ұраны: «Дүниедегі көп байлықтың ең негізгісі — нан.»

III топ — «Дастархан»

Ұраны: «Дастархан дәмі — киелі.»

Сайыс кезеңдері

I кезең: Тағамды таныстыру

I топ

Еттен жасалған тағамдар

II топ

Ұннан жасалған тағамдар

III топ

Сүттен жасалған тағамдар

II кезең: Дастархан мәдениеті

  • Дастархан басында адамдар жасына қарай отырады.
  • Ас үстінде ырым-тыйым сөздер айтылады.
  • Ас ішіліп болғаннан кейін бата беріледі.

III кезең: Мақал-мәтел жарысы

1) Ас — атасы нан, нан атасы — дән.
2) Аз ас, көп ниет.
3) Ас иесімен тәтті, тағамымен жақсы.
4) Ашта жеген құйқаны тоқта ұмытпа.
5) Ет етке, сорпа бетке.
6) Бір түйір дәнде бір тамшы тер бар.
7) Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады.
8) Сиыр сауып ішсең — мың күндік, сойып жесең — бір күндік.
9) Сиырдың сүті тілінде.
10) Ексең егін, жерсің тегін.

IV кезең: Көрініс және жарнама

Келесі кезеңде әр топтың дайындаған көріністері мен тағамға қатысты шағын «жарнамаларын» тамашалаймыз.

I топ: Көрініс (Дәннің қадірі)

Бірде Науан әжесіне еріп, егіс даласына келді. Ол басы иіліп тұрған бидай сабақтарын көріп:

— Мынау өсіп тұрғандар не?
— Науажан, бұл өсіп тұрған — нан.
— Нан болса, таба нан қайда?
— Таба нан да осы дәннің ішінде.
— Ақ тоқаш ше?
— Тоқаш та осы дәнге сыйып тұр, Науажан.
— Әже, кіп-кішкентай қауызды дәнге осынша көп нан қалай сыйып тұр?

Әжесі: «Ас — атасы нан, нан атасы — дән!» — деп, тоқшылық пен молшылықтың әрбір дәннің ішінде екенін түсіндіреді.

II топ: Көрініс (Ұн мен май)

Бірде халуа пісіру туралы әңгіме қозғалады. Әпен:

— Халуа жасамаққа бірнеше жыл талпынып жүрмін, бірақ әлі сәті түспеді. Ұн болғанда май болмайды, май болғанда ұн болмайды. Сонша уақыт бойы екеуін қатар таба алмағаным ба?

— Ұн да, май да болған кезде өзім болмай қаламын, — дейді.

II–III топтар: Жарнама

Аспаздың өлең-жарнамасы

Қағаздан қантым бар,
Матадан мантым бар.
Шырыннан шайым бар,
Желімнен балым бар.
Орамал — дастархан,
Аспазбын, ас тартам.
Қонақтар, мәзір — бар,
Бәрі де болды әзір.
Алыңдар, алыңдар,
Бәрің қарық болыңдар.

Сусындар туралы өлең-жарнама

Сусынға бай халқымыз,
Қандай тәтті бал қымыз.
Шалап, қатық, айран бар,
Ішіп ал да ойнаңдар.

Сусынға бай халқымыз,
Қандай тәтті бал қымыз.
Айтқанымды істеңдер,
Тек шикі су ішпеңдер.

Сөзжұмбақ (жауаптарымен)

Сұрақ Жауап
1 Өңделген бидай Ұн
2 Майға қуырылған шеңбер нан Күлше
3 Айраннан алынатын, жейтін өнім Құрт
4 Сиырдан алынатын сусын Сүт
5 Бидай, арпа қосылып жасалған сусын Ашытпа
6 Бидай, күріш, тары — бұлар дәнді ...? Дақыл
7 Ұйыған сүттен жасалатын қою сусын Қатық
8 Піспеген нан Қамыр
9 Жейтін заттың жалпы атауы Тағам
10 Түйе сүтінен жасалатын сусын Шұбат
11 Биенің сүтінен жасалатын сусын Қымыз

Қорытынды

Бүгін ұлттық дәстүр туралы ой бөлісіп, ұлттық тағамдармен танысып, ырым-тыйымдардың мәнін қарастырдық. Дастарханға келетін ырыс-несібе өздігінен пайда болмайды: оның артында еңбек бар.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей».

Оқушының еңбегі — ата-ананың ақылын тыңдау, тапсырманы жауапкершілікпен орындау және сабақты жақсы оқу. Соңында сөз қазылар алқасына беріліп, белсенді топ мадақтама қағазымен марапатталады.