Ай, Абылай, Абылай, Жеңбеген жауың қалмады - ау, Алмаған жерін аз қалды - ау

Ай, Абылай, Абылай,
Жеңбеген жауың қалмады-ау,
Алмаған жерін аз қалды-ау.
Бетке алсаң әсте коймадың,
Алсаң тағы тоймадың,
Несібеңді елден ойладың.
Атаңды білмес кұл едің,
Ата-тегіңді сұраса,
Арқар ұранды жат едің,
Қай жеріңде төре едің?!
Жұлдызың туды оңыңнан,
Жан біткен ерді соңыңнан.
Он сан Алаш баласын
Жусатып қойдай өргіздін,
Жұмсап жүрсің қолыңнан.
Ай, Абылай, Абылай,
Он бір ғана жасында,
Әшейін-ақ ұл едін.
Он бес жасқа келгенде,
Әбілмәмбет төренің
Арқада жүріп қанғырып,
Түйесін баққан құл едің.
Абылай атың жоқ еді-ау,
"Сабалақ" атпен жүр едің.
Оны да көрген жерім бар,
Жаныс Қарабайдың қолында,
Түнде туған ұл едің.
Жиырма беске келгенде,
Бақыт қонды басыңа,
Тақыт келді астыңа.
Отызға әбден келгенде,
Кең дүниеге кенелдің.
Отыз беске келгенде,
Қара судың бетінде
Соқтығып аққан сең едің.
Қырық жасқа келгенде,
Алтын тонға жең болдың.
Қырық беске келгенде,
Жақсы-жаман демедің.
Елу жасқа келгенде,
Үш жүздің бар баласын
Бастап өзің келдің де,
Аттарының бастарын
Бір кезеңге тіредің.
Алпыс жасқа келгенде,
Жақсы болсаң толарсың,
Жаман болсаң маужырап,
Жүнжіп барып соларсың.
Алпыс беске келгенде,
Әрбір атқа қонарсың.
Жұмсасаң балаң тіл алмай,
Қатының қарсы шабар ұялмай,
Көрген күнің сор болар.
Жетпіс жасқа келгенде,
Жаңылып сөзден қаларсың.
Жетпіс толған жел екен,
Шала ауырғанмен тең екен.
Жетпіс беске келгенде,
Жылуы болмас қойныңның,
Қауқары болмас сойылыңның,
Селкілдеп тірі жүрерсің.
Қатардан шығып аулақтап,
Жан құлазып қаларсың.
Сақал-шашың желкілдеп,
Мүжіліп әбден боларсың.
Әудем жерге жүрс алмай,
Бірсуге жүк боларсың.
Өлмесең де жойылдың,
Ар-аттаққа қойылдың.
Сексен деген сор екен,
Шындап ұрған пір екен.
Сексен бес жасқа келгенде,
Екі қара көзіңді алар,
Аузындағы сөзіңді алар,
Бойыңдағы әліңді алар,
Бетіңдегі нұрыңды алар,
Тәніңдегі шырынды алар,
Саудыратып тісіңді алар,
Өлмегенде не қалар?!
Тоқсан бес деген тор екен,
Дүйім жанның қоры екен.
Қарғиын десең ұмтылып,
Екі жағың ор екен.
Найза бойы жар екен,
Түсіп кетсең түбіне
Түпсіз терең көл екен,
Елсіз жатқан шөл екен,
Келмейтұғын неме екен.



Ұқсас жұмыстар

Манас жыры
Абылай өмірінің елеулі кезеңдерін жан-жақты көрсету
Үш жүзге ортақ хан
М. Жұмабайұлы шығармаларындағы тарихи тұлғалар бейнесі
ТАРИХИ ЖЫРЛАРДЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
Батыр Баян поэмасындағы антропонимдер
Сәкен Сейфуллин поэмаларындағы табиғат көрінісінің сұлу кестеленуі
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
Қазақтың ханы Абылай
Шөже жеті жасынан көзден айрылған ақын
Бу қазандықтары мен шаң дайындау жүйелері есебі
Тасымалдау шаруашылығын ұйымдастыру
Аурудың тұрақтылығы және даму себебі
Қазіргі дүниежүзінің саяси картасы
ҚАРАШАҰЛЫ БӘЙДІБЕК
Коммерциялық ақпарат пен коммерциялық кұпия мәні және оны қорғау
Жазаның жүйелерінің және түрлерінің жалпы сипаттамасы