Баспа әріп пен жазба әріп
Мақсаты
Білімділік
Оқушылардың сауат ашу пәні бойынша алған білімдерін тиянақтау, өз өнерлерін ата-аналарға көрсету, белсенділігін арттыру, ұжымшылдығын күшейту.
Дамытушылық
Тапсырмаларды орындау барысында өз ойын еркін жеткізуін, толық жауап беруін, қабылдауын, зейін қоюын, есте сақтауын дамыту.
Тәрбиелік
Адамгершілікке, ұқыптылыққа, бір-бірін сыйлауға, кеш барысында өзін дұрыс ұстауға тәрбиелеу; ана тілін сүюге, қастерлеуге баулу және эстетикалық талғамын дамыту.
Безендірілуі
«Қош бол, құтты Әліппе» сөзі жазылған плакат, суреттер, шарлар, жалаушалар, суретті әріптер мен сандар, нақыл сөздер жазылған плакаттар.
Кеш барысы
Мұғалімнің кіріспе сөзі
Құрметті ата-аналар, ұстаздар, оқушылар! Бүгін біздің қуанышымызға шек жоқ. Сіздер 1 «Б» сынып оқушыларының «Қош бол, құтты Әліппе!» ертеңгілігіне келіп отырсыздар.
Балалардың ең алғаш бетін ашқан оқулығы — Әліппе. Бұл кітап — білімге бастайтын алғашқы жол. Ендеше мерекемізді бастаймыз.
Өлең жолдары:
Қош келіпсіз, ақ жаулықты аналар,
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар.
Алдарында қызғалдақтай құлпырған,
Біз — алаңсыз балғын шақты балалар.
Көз салып қараңызшы бойымызға,
Ортақ боп бүгінгі өскен ойымызға.
Қош келіпсіз, ұстаздар, ата-аналар,
Әліппемен қоштасу тойымызға.
Мұғалім: Балалар, мен сендерге сұрақ қоямын, сендер жауап беріңдер.
Суреттермен сөйлеткен,
Әріптерді үйреткен.
Баспа әріп пен жазба әріп,
Дауысты мен дауыссыз.
Айтыңдаршы, балалар,
Қай оқулық үйреткен?
Хормен: Ол — сүйікті Әліппе!
Әліппені ортаға шақыру
Мұғалім: Олай болса, бәрімізге ең қымбат Әліппені ортаға шақырайық!
Оқушылар: Әліппе! Әліппе! Әліппе!
(6 оқушы шығып, қолдарында «Әліппе» деп жазылған шар ұстап, Әліппені алып келеді.)
Әліппе:
Армысыздар, жас достар! Армысыздар, ата-ана!
Болашаққа жол бастар, Әліппең келді ортаға.
Білім деген ғажаптың әліппесін меңгерген
Келешегі қазақтың басталады сендерден.
Таудай болса талабың, айтары көп әріптің.
Қуанышы баланың — қуанышы ананың.
Жақсы білім — көрімдік, болсын сізге, халайық!
Не үйреніп, не білдік — қане, ортаға салайық!
Мұғалім: «Әліппе» сөзінің әр әрпін сараласақ:
Ә — әлемді,
Л — легімен,
І — ізгілік,
П — парасатпен,
П — паш,
Е — етеміз.
Мұғалім: Біз осы уақытқа дейін алған білімімізді әнмен, бимен, өлеңмен өрнектеп, өнерімізді ортаға салайық. Әліппе, бүгінгі кешіміздің ең қадірлі қонағысыз. Сондықтан құрмет тағына жайғасыңыз.
Мектеп туралы сұрақ-жауап
Мұғалім: Балалар, білім алу үшін ең алғаш қайда келеміз?
Оқушылар: Мектепке келеміз.
Мұғалім: Мектеп туралы қандай мақал-мәтел білесіңдер?
- Данияр: «Мектеп — кеме, білім — теңіз».
- Данияр: «Мектеп — білім ордасы».
Әліппеге арналған өлеңдер
Іші толы әріпке,
Бар кітапқа бас болған
Мынау әйбәт Әліппе.
Әліппе — ғылым анасы,
Барлық ілім-білімнің.
Әліппеден басталған,
Әжесі осы Әліппе.
Әліппем, менің Әліппем,
Сені қолға алып мен
Есігін аштым мектептің.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың.
Біз жазамыз «ана» деп,
Біз жазамыз «дана» деп,
Біз жазамыз «бала» деп,
Біз жазамыз «Отан» деп.
Әсем ою-өрнекпен көмкерілген Әліппем.
Сен болмасаң білімге бастайтын жолды білер ме ем?
Енді жаза білеміз — әріпті қосып әріпке,
Риза болып жүреміз — сүйікті біздің Әліппе.
Әріптер туралы ой
Алфавитің А тұрады басында,
Әрқашанда Ә тұрады қасында.
Байқайсың ба, Б тұрады үшінші —
Ал осының сыры неде?
А — деген ол аналар ғой ардақты,
Ә — деген ол әкелер ғой салмақты,
Б — деген ол балалар ғой әдемі,
Біздің елде үшеуі де кәделі.
Алшақ кетпей, сондықтан да расында,
Тұрады олар алфавиттің басында.
Ән: «Мұғалім — ол біздің»
Математика бөлімі: сандар сөйлейді
Мұғалім: Біз Әліппеден оқуды, жазуды үйренсек, математикадан санауды, есептеуді, сандарды жазуды үйрендік. Ендеше, сандарды сөйлетіп көрейік.
Мадияр: Бір — білім. Білім — жарық күнің.
Мақсат: Екі — еңбек. Еңбек бәрін жеңбек.
Әсемгүл: Үш — үміт. Үмітсіз жоқ жігіт.
Данияр: Төрт — талап. Талмайтұғын қанат.
Алтайыр: Бес — бірлік. Бірліксіз жоқ тірлік.
Еркебұлан: Алты — арман. Атар таңың алдан.
Аружан: Жеті — жігер. Жеңер жолын білер.
Жарқынай: Сегіз — сенім. Сүйенішің сенің.
Биназир: Тоғыз — талғам. Тура жолға салған.
Қыдырқожа: Он — Отан. Отанды сүй, ботам.
Есептер
- Оң қолымда 5 алма, сол қолымда 5 алма. Барлығын қосқанда неше алма болады?
- 5 алманың үшеуін досың сұрап алады. Сонда өз қолыңда неше алма қалады?
- Сымда 5 үйрек отыр еді. 2-еуі ұшып кетті. Нешеуі қалды?
Бағалар туралы
Мұғалім: Қазір біз баға алмаймыз, бірақ жаңа жылдан кейін сендерге баға қойылады. Қай баға жақсы екенін білу үшін, бағаларды сөйлетіп көрейік.
Ақбота: «1» — жаман баға, алады оны жаман бала.
Ақнұр: «2» — нашар баға, інім-қарындасым нашарлама.
Меруерт: «3» — орта баға, сапасы оның орта ғана.
Индира: «4» — жақсы баға, алады оны жақсы бала.
Альбина: «5» — үздік баға, оқитын бол үздік қана.
Ән: «Мұғалім — ол біздің»
Әліппемен қоштасу
Мұғалім: Біз математикадан да білімімізді көрсеттік. Енді Әліппемен қоштасатын кез келді. Әліппенің арқасында жазуға, өз бетімізбен оқуға, сөз бен сөйлем құрауға дағдыландық. Ендеше, Әліппеге не деуіміз керек?
Хормен: Әліппеге рахмет!
Әліппе: Балалар, сендер мені жақсы меңгеріпсіңдер. Мен сендерге ризамын, сау болыңдар!
Хормен: Қош, қош, Әліппем!
Мұғалім: Әліппені оқу барысында ата-аналардың қосқан үлесі өте мол. Бақытты балалық шақ үшін, ата-аналар, сіздерге көп рахмет! Келесі би сіздерге арналады. Аяулы ата-аналар, қабыл алыңыздар!
Жаңа дос: «Ана тілі»
Мұғалім: Абай атамыз «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деп жырлағандай, осы бес қасиетті бойымызға дарыту үшін ана тілін меңгеруіміз керек.
Балалар, сендер Әліппені бітірдіңдер. Енді сендердің жаңа достарың — «Ана тілі» оқулығы. Сондықтан Әліппені қалай меңгерсеңдер, ана тілін де солай оқыңдар. Ал енді «Ана тілі» пәнін ортаға шақырайық.
Ана тілі:
Туған елдің тілімін,
Ақылы мен танымын.
Түсіндірер бәріне —
Ана тілі пәнімін.
Ана тілім — ұраным,
Ана тілім — құралым.
Ана тілім болмаса,
Мықты болмас тұрағым.
Хормен: Әліппемен қоштастық, Ана тілмен достастық.
Ана тілі: Балалар, енді мені оқитын боласыңдар. Мен сендерге көп нәрсені үйретемін. Барлық қазына-байлық — оқу-білімде. Оқу-білім туралы қандай мақалдар білесіңдер?
- Кітап — білім бұлағы, білім — өмір шырағы.
- Ақыл — тозбайтын тон, білім — таусылмайтын кен.
- Кітапсыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ.
- Ақыл азбайды, білім тозбайды.
- Оқу — инемен құдық қазғандай.
- Білім іздеген озар, бүлік іздеген тозар.
- Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады.
- Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға.
Абай атамыз айтқандай, 42 әріпті үйретіп, білімге жетелеген алғашқы ұстазымызға алғысымызды айтып, әнімізді арнаймыз.
Ән: «Ұстазым»
Біз не үйрендік?
Нені үйрендік?
- Ақнұр: Оқуды.
- Мөлдір: Жазуды.
- Данияр: Есеп шығаруды.
- Данияр: Ән айтуды.
- Асемай: Би билеуді.
- Индира: Үлкенді сыйлауды.
- Атағозы: Кішіге қамқор болуды.
- Ақбота: Елімізге жақсылық жасауды.
Нені ажырата білеміз?
- Оразбай: Жақсылық пен жамандықты.
- Бекзат: Ақ пен қараны.
- Қыдырқожа: Арамдық пен адалдықты.
Нені сүйеміз?
- Мақсат: Отанды.
- Мадияр: Ата-ананы.
- Әсемгүл: Халқымызды.
- Аружан: Достарымызды.
- Ақару: Ұстазымызды.
- Қарақат: Мектебімізді.
Біз кім боламыз?
Қыдырқожа: Жаса, менің Отаным — Қазақстан!
Ән: «Жас дәуірдің түлегіміз»
Қорытынды сөз
Қымбатты балалар! Мектептегі алғашқы жетістіктеріңмен құттықтаймын. Әліппе сендерді тек әріптермен таныстырып қана қойған жоқ, бір-біріңмен достасуға, мектеп ережелерін орындайтын тәртіпті оқушы болуға да үйретті.
Білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!