Отаным - алтын бесігім Сабақтың мақсаты
Сабақтың мақсаты
- Оқушыларды өз елін, жерін, тарихын сүю арқылы қазақстандық патриоттық сезімге тәрбиелеу.
- Оқушыларды Отанын қорғауға, елін қадірлеуге баулу; ұлы тұлғалардың ел тәуелсіздігіне қосқан үлесін үлгі-өнеге ету.
Сабақтың әдісі
Әңгіме-сұхбат.
Көрнекіліктер
- Қазақстан Республикасының картасы
- «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасы
- Мемлекеттік рәміздер (Ту, Елтаңба, Әнұран)
- Шәкәрім Құдайбердиев, Абай Құнанбаев, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин портреттері
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Сабақ Мемлекеттік Әнұранды орындаудан басталады.
Отан, Отан,
Сен болмасаң не етер ем?
Мәңгілік бақытсыз боп өтер ем!
Өмірден бұл өксуменен кетер ем.
Байқайсың ба, байтақ далам қалай паң,
Өң бойыңнан өзгеше бір тарайды ән!
Ән салдырып, тамсандырып әлемді,
Аппақ сүттей ататын арай таң.
Егемендігін бүкіл әлемге паш еткен халқымыз бүгін тәуелсіз елдің туы астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Оқушылар «Елім менің» әнін орындайды.
Мемлекет туралы негізгі ұғымдар
1. Қазақстан Республикасы — президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық.
Ең бірінші байлығым — халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса — мен бармын, қор болмаймын,
Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің.
2. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі.
Өз тілімдей тіл қайда еркін басар,
Тілім барда еркіме кім таласар?!
Туған тілім күрмеліп әлсіресе,
Ыстық қаным суынып, сиқым қашар.
Мемлекеттік рәміздер
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері — Ту, Елтаңба, Әнұран. Олардың сипаттамасы мен ресми қолданылу тәртібі Конституциялық заңмен белгіленеді.
Күндер өтті кешегі,
Жігер құм боп жасыған.
Несіне оны жасырам?
Әнұраным бүгінгі —
Баға жетпес асыл ән.
Оқушы пікірі: Әнұран
Әнұран — бірлікке, ынтымаққа, достыққа қызмет етеді. Жастарды ерлікке, қайсарлыққа, төзімділікке және тәуелсіздікті қорғауға шақырады.
Оқушы пікірі: Ту
Мемлекеттік Ту 1992 жылы 4 маусымда қабылданып, 6 маусымда күшіне енді. Тудың ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтаған қыран бейнеленген. Авторы — Шәкен Ниязбеков.
Оқушы пікірі: Елтаңба
Елтаңбаның авторлары — Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Негізгі бейнелер: шаңырақ, жұлдыз, аңыздағы қанатты пырақтар және «Қазақстан» жазуы. Шаңырақ — бейбітшілік пен бірліктің нышаны; уықтар — жан-жаққа тараған сәулені білдіреді. Қос тұлпар — молшылық пен еңбектің белгісі, ал бес бұрышты жұлдыз — жүрегіміз бен құшағымыздың бес құрлыққа ашық екенін меңзейді.
Ұлы тұлғалар тағылымы
Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берелік,
Бір білімді данышпан жан табалық.
Оқушылар Абайдың өнегесіне жүгінеді: «Атаның емес, адамның ұлы бол».
Абайдың асыл сөздері — өмірлік бағдар. Ол: «Дүние — үлкен көл, заман — соққан жел; алдыңғы толқын — ағалар, кейінгі толқын — інілер» деп, ұрпақ сабақтастығын еске салады.
Сондай-ақ адам қасиетінің тірегін: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп түйіндейді.
Бейбіт өмір мен тәуелсіздіктің қадірін арттырған ұлы тұлғалардың есімін мақтанышпен атаймыз. Оқушылар «Менің Қазақстаным» әнін хормен орындайды.
Қорытынды
Қазақстанды болашақта гүлденген, дамыған елдердің қатарына қосу үшін әрқайсымыз үлгілі әрі тәртіпті болып, үлкенді сыйлап, үнемі ізденіп, талаптанып, білім мен еңбекті өмірлік мақсат етуіміз керек.