Мақал - мәтелді толықтыр

Өскемен қаласы, №26 орта мектеп КММ

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Кабдуахитова Назым

7-сынып Тақырып: Қазақстан табиғаты

Сабақтың мақсаты

«Қазақстан табиғаты» тақырыбы бойынша оқушылардың білімін қорытындылау және табиғатқа жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру.

1) Тұлғалық бағыт

Елін, жерін, тілін құрметтейтін, өз Отанын сүйетін тұлға қалыптастыру.

2) Тілдік дағды

Тілін дамыту, ойын анық жеткізе білуге үйрету.

3) Тәрбиелік мақсат

Саяси саналылыққа, елін қорғауға, табиғатты аялауға тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

  1. 1 Ұйымдастыру кезеңі.
  2. 2 Сабақтың мақсатымен таныстыру.
  3. 3 «Бақытты сәт» ойыны.

«Бақытты сәт» ойыны

Ойын бірнеше геймнен тұрады. Әр тапсырмада жылдамдық пен дәлдік бағаланады. Белсенді қатысқан топ ұпай жинайды.

1-гейм

Сергіту сәті (сұрақ-жауап)

Әр топқа 10 сұрақ қойылады. Кім көп әрі дұрыс жауап берсе, сол топ жеңімпаз атанады.

А тобына қойылатын сұрақтар

  1. 1. Қазақстан жері қандай? (Қазақстан жері — кең-байтақ)
  2. 2. Батыстан шығысқа қарай неше километр жер алып жатыр? (3000 км)
  3. 3. Қазақстанда неше мемлекеттік қорық бар? (9 мемлекеттік қорық)
  4. 4. Қазақстан тауларын атаңыздар. (Алтай, Тарбағатай, Сауыр, Жоңғар, Іле Алатауы)
  5. 5. Шығыс Қазақстанда қандай мемлекеттік қорықтар бар? (Батыс-Алтай, Марқакөл)
  6. 6. Халқымыздың ұлттық мақтанышы не? (Туған жер табиғаты)
  7. 7. Қазақстанның батысында қандай теңіз бар? (Каспий теңізі)
  8. 8. Бүгінде жер бетінде қандай мәселе өзекті? (Экология мәселесі)
  9. 9. Арал теңізі картада қай тұста орналасқан? (Оңтүстік-батыста)
  10. 10. Қызыл кітапқа енген сирек құстарды атаңыздар. (Бүркіт, қаршыға, аққу, үкі, жапалақ)

Б тобына қойылатын сұрақтар

  1. 1. Қазақстан қандай өлке? (Қазақстан — бай өлке)
  2. 2. Қазақстанның жалпы жер көлемі қандай? (2700 мың шаршы км)
  3. 3. Қазақстанда пайдалы қазбалардың қанша түрі кездеседі? (90-нан астам)
  4. 4. Қазақстандағы ең ірі өзендерді атаңыздар. (Ертіс, Сырдария, Іле, Есіл, Жайық, т.б.)
  5. 5. Шығыс Қазақстандағы тауларды атаңыздар. (Тарбағатай, Алтай)
  6. 6. Мұнай Қазақстанның қай жерінде өндіріледі? (Солтүстік-батыс және Батыс Қазақстан, Каспий маңы)
  7. 7. Адамның дені сау болуы үшін не қажет? (Қоршаған орта, табиғат таза болуы керек)
  8. 8. Бүгінгі күні дүниежүзілік проблема қандай? (Арал экологиясы)
  9. 9. Қоршаған ортаны қорғаудың дүниежүзілік күні қай күн? (5 маусым)
  10. 10. Қызыл кітапқа енген сирек жануарларды атаңыздар. (Марал, елік, барыс, құлан, бұғы, сілеусін)
2-гейм

«Асық» ойыны

Оқушылар кезекпен дорбадан сұрақ немесе мақал-мәтелдің үзіндісін алады. Мұғалім сұрақты оқиды. Ойлануға 1 минут беріледі. Егер мақал-мәтел үзіндісі түссе, оны бірден толықтыру керек.

  1. 1) Пайдалы қазбалар туралы

    Қазақстанда пайдалы қазбалардың 90-нан астам түрі кездеседі. Сұрақ: Қостанай облысындағы темір рудасының аса ірі кен орны қалай аталады? (Соколов–Сарыбай кені)

  2. 2) Көмір қоры

    Еліміздегі осы көмір ошағының қоры 50 млрд тонна деп есептеледі. Сұрақ: Бұл қай жер туралы айтылады? (Қарағанды көмір ошағы)

  3. 3) Мұнай және тұз

    Қазақстанның осы аумағында мұнай, жанармай, түрлі ас тұздары өндіріледі. Сұрақ: Бұл қай аумақ туралы айтылған? (Батыс Қазақстан өңірі)

  4. 4) Мақал-мәтелді толықтыр

    Тапсырма: «… — елі бай».

  5. 5) Мақал-мәтелді аяқта

    Тапсырма: «Отансыз адам — …».

  6. 6) Ғалым туралы сұрақ

    Сұрақ: Қазақстан кен орындарының картасын жасаған ғалым кім?

3-гейм

«Күрең жылқы»

Сұрақтарға қай топ жылдам әрі дұрыс жауап берсе, сол ұпай алады. Ойлануға 1 минут беріледі. Дұрыс жауап — 2 балл, көмек сұралса — 1 балл.

I) «Орман санитары»

Бұл құс ағашқа өрмелеп тіршілік етуге бейімделген. Тұмсығы қашау сияқты. Тұмсығының көмегімен ағашты ойып, ұя жасайды және қабық астындағы ұсақ жәндіктерді теріп жейді. Сұрақ: Бұл қай құс? (Тоқылдақ) Көмек: Орман санитары

II) Ұзын тұмсықты, сақ құс

Бұл — өте сақ құс. Қар еріп, сай-сала суға толғанда, жылы жақтан ұшып келеді. Дауысын алыстан естігеніңмен, бірден көзіңе түсе қоймайды. Олар тізбекпен ұшады. Сұрақ: Бұл қай құс? (Тырна) Көмек: Тұмсығы да, бойы да ұзын

III) Табиғатты қорғау және арнайы кітап

1966 жылы елімізде Халықаралық табиғат қорғау қоғамы құрылды. Мақсаты — саны сиреп, жойылып бара жатқан аң-құсты, өсімдіктерді қамқорлыққа алып, арнайы кітапқа тіркеу. Сұрақ: Мұндай кітап қалай аталады? (Қызыл кітап)

4-гейм

«Сен маған, мен саған»

Топтар бір-біріне 2 сұрақтан қояды. Ойлануға 1 минут беріледі. Топтан бір оқушы жауап береді.

Сұрақтар жиынтығы 1

  1. 1. Невада–Семей қозғалысы қай жылы басталды? (1989)
  2. 2. Қазақстандағы 9 қорықтың атауларын атаңыздар. (Үстірт, Барсакелмес, Наурызым, Қорғалжын, Ақсу-Жабағалы, Алматы, Алакөл, Батыс-Алтай, Марқакөл)

Сұрақтар жиынтығы 2

  1. 1. Біздің елімізде Қызыл кітап қай жылы жарық көрді? (1974)
  2. 2. Қазақстандағы ең ірі көлдерді атаңыздар. Соның ішінде қайсысы Шығыс Қазақстанда? (Балқаш, Зайсан, Алакөл, Сасықкөл, Марқакөл; ШҚО: Зайсан, Марқакөл)
5-гейм

Блиц-сұрақтар: «Не екенін анықта»

Барлық қатысушы жылдам жауап береді: берілген сөз жануар, құс, өсімдік немесе табиғат аумағы екенін анықтайды. Ең көп ұпай жинаған топ жеңеді.

А тобы

  • Бұғы — жануар
  • Терек — өсімдік
  • Үкі — құс
  • Теңіз — табиғат аумағы
  • Арыстан — жануар
  • Шырша — өсімдік
  • Жапалақ — құс
  • Арқар — жануар
  • Таулар — табиғат аумағы
  • Сілеусін — жануар
  • Аю — жануар
  • Бүркіт — құс

Б тобы

  • Тиін — жануар
  • Өзен — табиғат аумағы
  • Ақ қайың — өсімдік
  • Емен — өсімдік
  • Құлан — жануар
  • Қасқыр — аң
  • Тырна — құс
  • Марал — жануар
  • Тоқылдақ — құс
  • Қоян — жануар
  • Қаршыға — құс
  • Елік — жануар

Қорытынды

Оқушылардың «Қазақстан табиғаты» тақырыбы бойынша білімдері жинақталып, табиғатты қорғау туралы түсінігі бекітіледі.

Жеңімпаз топ анықталып, марапатталады.

Жеңімпаздарды марапаттау Белсенді қатысушыларға алғыс