Ананың зары
Тақырыбы
«Тербейін тәуелсіздік — тал бесігін»
Мақсаты
- Жылдар бойы ата-бабамыз аңсаған егемендікке қол жеткізгенімізді ұғындыру.
- Тәуелсіздікке жету жолында талай боздақтан айырылғанымызды, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын жас ұрпаққа түсіндіру.
- Отанды сүюге, ел мен жердің қадір-қасиетін бағалауға, Желтоқсан құрбандарына әрдайым құрмет көрсетуге тәрбиелеу.
- Оқушылардың ойды жүйелі, еркін жеткізуіне және сөйлеу мәдениетін дамытуға ықпал ету.
Көрнекілігі
- Тәуелсіздік пен туған жер туралы нақыл сөздер.
- Суреттер көрмесі.
- Күй: «Көңіл толқыны» (әуендік фон ретінде орындалады).
Салтанатты жиынның ашылуы
І жүргізуші
Ел болып жатқан шақта қосып тілек,
Ойламаң — бақыт құсы кешікті деп.
Тербелді Тәуелсіз күн, тал бесігі,
Бұл күнді күтер еді — ау, тосып жүрек.
ІІ жүргізуші
Кезегі келді, міне, тосқан күннің,
Қар жауып, қайта ашылды аспан бүгін.
Қарашы, ақ бұлтқа кетті айналып,
Еңсемізді қашаннан басқан мұңым.
І жүргізуші
Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар!
ІІ жүргізуші
Армысыздар, қадірлі көрермендер! «Тербейін тәуелсіздік — тал бесігін» атты салтанатты жиынды ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!
Рәсім
Әнұран орындалады
Желтоқсан ақиқаты: азаттыққа бастар жол
Егемен ел атанғанға дейін халқымыз талай тар жол, тайғақ кешуді бастан кешті. Сол зұлмат жылдардың ішіндегі елдің ары мен намысына, тағдыры мен тарихына өшпес таңба салған оқиға — 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі.
Дүниені дүр сілкіндірген, тәуелсіздік туын алғаш көтерген 1986 жылдың желтоқсаны туралы шындық мерзімді баспасөз беттерінде аз жазылған жоқ. Қылышынан қан тамған колбинизм дәуірінің өзінде-ақ «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, алаңдағы оқиғаның ақиқатын батыл айтқан қазақ ақын-жазушыларының есімін бүгінде әлем таниды. Солардың бірі — ақиық ақын Мұхтар Шаханов.
Кілт ұғым
Тәуелсіздік — жауапкершілік
Еркіндікке қол жеткізу — өткенді ұмытпау, құрбан болғандарға тағзым ету, болашақты біліммен бекемдеу.
Кілт ұғым
Желтоқсан — ар-намыс үні
Қысым мен қудалау жағдайында әділеттілік сұраған өр рух — халық жадындағы мәңгілік сабақ.
Кілт ұғым
Құрмет — ұлттың айнасы
Құрбан болған ерлер мен қыздардың есімін ардақтау — елдік пен бірліктің өлшемі.
Көрініс: ескерткіш басындағы үн
Көрініс кіріспесі
Қалдырып жаның мәңгі жас ұлыңды,
Құпия шерттім осы жан сырымды.
Хош енді, жолықпасаң, қайран ана,
Көзімнен ақ жаулығың жасырынды.
Ескерткішке екі оқушы гүл шоғын қояды. Ләззаттың анасы ескерткіш басында қызын жоқтайды. Сахнаға Мұхтар Шаханов, журналист және студент шығады.
Ананың зары
Мынау неткен зар заман,
Жүректегі тар заман.
Сені өлтірген дұшпанға,
Зауал келсін Алладан.
Асыл едің, мыс болдың,
Ізің жатыр — өзің жоқ,
Қайдасың, қайда, қарағым?!
Мұхтар Шахановтың сөзі
Бұл тақта — аузынан ана сүті кетпей жатып, шашынан сүйретіліп сабалған, жазықсыз жалаға ұшыраған бүлдіршін қыздың көз жасына қойылған ескерткіш. Бұл тақта — әлемде әлі зорлық бар деп ұғынып үлгермеген қаншама жас жігіттер мен қыздардың әділетсіздікпен бетпе-бет келген қайғылы шағының ескерткіші. Бұл тақта — негізсіз күдікке, қудалауға ұшыраған, немесе ұл-қызын күтіп түрменің есігінен сығалаған қаншама аналар мен әкелердің төзіміне қойылған ескерткіш.
Диалог
Журналист
Мұхтар аға, Желтоқсан ызғарына ұрынған ұл-қыздарымызды «ұлт мақтанышы» деуге тартынатын сияқтымыз. Олар шын мәнінде азаттық ұранын алғаш көтерген қарлығаштар емес пе? Ендеше, олардың бәрі — батырлықтың үлгісі емес пе?
Мұхтар Шаханов
Жөн айтасың, қалқам. Өр рухты азамат Қайратты айтсаңшы… Соңғы сөзінде не дегені есіңде болар? Шіркін, жас кетті-ау!
Қайрат рухының монологы
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!
Мен не етермін, не етермін,
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген қош бол таңдарым,
Көре алмай мен өтермін.
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
Еркек тоқты — құрбандық,
Атам десең, атыңдар!
(Қайрат рухы кісенін сылдыратып, сахнадан баяу шығып кетеді.)
Музыкалық үзіліс
Ән: «Қара бауыр қасқалдақ»
Тәуелсіздік — тұғырлы таңдау
1-оқушы
Желтоқсан оқиғасы қанша қасіретті естілсе де, жүрегімізге нұр септі. Мәңгілік егемендікке жол ашты. Бүгінде көк байрағымыз желбіреп, айбынды әнұранымыз шырқалып, жарқыраған елтаңбамыз төрімізде тұр.
Хор: «Желтоқсан желі»
2-оқушы
Егемендік иесі — мен деген сөз,
Көптен бері естілмеген ерен сөз.
Екі тізгін, бір шылбырын өзі алған,
Көркем жігіт болып өссе көгенкөз.
3-оқушы
Егемендік — ел болудың белгісі,
Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күші.
Егемендік деген сөзден естілер,
Атажұрттың арғысы мен бергісі.
4-оқушы
Сол бір ызғары ерте түскен қыс күндерінде тоқырау ажалының табанында тапталған ар-намыстың ышқынған дауысы құлағымызда әлі жаңғырып тұрғандай. Сол үннің арасынан он екіде бір гүлі ашылмай қиылған аяулы Ләззаттың үні естілгендей… Он алтыға жаңа толған бейкүнә жаста, өмірден өз еркіңмен кететіндей басыңа қандай күн туды? Айыбың — алаңға шыққаның, жұдырықтай жүрегіңмен қалың қауымның мұңын ұққаның ба? Егер сол болса, ол айып емес — азаматтық.
Тарихи белес: 1991 жылғы 16 желтоқсан
І жүргізуші
Бұл күндері Қазақстан ең басты мерекелерінің бірі — Тәуелсіздік күнін атап өтеді.
ІІ жүргізуші
1991 жылғы 16 желтоқсанда әлемнің саяси картасында жаңа мемлекет — Қазақстан Республикасы пайда болды.
5-оқушы
Бүгін өз келешегіне нық қадам басқан Тәуелсіз Қазақстан — бәріміздің ортақ мақтанышымыз.
Хормен: «Ең асыл мұрат — еңселі ел болу»
Хор: «Қазақстаным менің»
Би
«Қара жорға»
Тәуелсіз елдің үні: оқушылар толғауы
6-оқушы
Тәуелсізбін, дербеспін — талай жыл,
Күмәнданбас бүгін енді ешбір жан.
Бодандығым ғасырларға жалғасқан,
Қазір міне артта қалды келмес күн.
7-оқушы
Қуаныштан жасқа толды жанарым,
Ұрпағы едім Көк бөрідей дананың.
Енді міне билік тиді қолыма,
Желбірейді күн астында жалауым.
8-оқушы
Дамуымыз керек енді қарқынмен,
Уақытымыз есептеулі алтынмен.
Тәрбиелеп саналы ұрпақ өсіріп,
Өркендейміз ата-баба салтымен.
9-оқушы
Жас ұландар терең білім меңгерген,
Ауру-сырқат дұрыс жолмен емделген.
Жыл сайынғы Елбасының жолдауы,
Халқыма жігер берген, дем берген.
10-оқушы
Астанамыз, бар қаламыз гүлденіп,
Келе жатыр жылдан-жылға түрленіп.
Тәуелсіздік арқасында үкімет,
Жатыр міне, барлығына үлгеріп.
11-оқушы
Сүйінші, елім — тәуелсіз елім, сүйінші,
Көкейден күй, көмейден жыр құйылды.
Елу алты ел бас қосатын жиында,
Төрағалық қазағыма бұйырды.
12-оқушы
Төбем көкке жетпей қалды бір елі,
Енді міне бүкіл әлем біледі.
Қазақ деген жомарт халық емес пе,
Аузын ашса көрінетін жүрегі.
13-оқушы
Ынтымақ бар, ел бірлігі жарасқан,
Бізге қарап жол түзейді адасқан.
Барлық ұлтты туыс-бауыр көреміз,
Ешқайсысын бөліп, жатырқамастан.
14-оқушы
Қалықтасын көгімізде қыран құс,
Ерлігіміз болсын елге жыр-аңыз.
Ата-бабам армандаған сан ғасыр —
Тәуелсіздікке тәубе, тәубе, мың алғыс!
15-оқушы
Дәлелденді тура, адал жолымыз,
Дос құшаққа әркез дайын қолымыз.
Ер Нұр-аға, тек қана алға бастаңыз,
Біз ереміз — өзіңіз аман-сау болыңыз!
Хор
«Бақытты балалық шақ»
Қорытынды тілек
І жүргізуші
Жер бетінде әрқашан достық пен келісім орнап, еліміздің болашағы жарқын болсын!
ІІ жүргізуші
Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан халқын қазақ жеріндегі бейбітшілік пен тыныштықтың белгісі болған айрықша мерекемен құттықтаймыз!
Ән
«Қазақ жігіттері»