Қонақтарды қарсы алу
8 наурыз мерекесіне арналған кездесу кешінің жоспары
Тақырыбы: «Әлемде Ана біреу»
Мақсаты
Оқушыларға дүниедегі жақсылық атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың мейірімінен таралатынын ұғындыру. Анаға деген сүйіспеншілік арқылы елге, жерге деген құрмет пен ықыласты арттыру.
Өту барысы
- IЖүргізушінің кіріспе сөзі
- IIӘн-жырдан шашу
- IIIҚонақтарды қарсы алу
- IVТақырыпқа байланысты ой бөлісу
- VҚұттықтаулар, қорытынды сөз
Жүргізушінің кіріспе сөзі
Құттықтау және кештің мәнін ашу
Армысыздар, құрметті аналар, аяулы ұстаздар, көктемгі жауқазындай құлпырған әсем де сұлу қыздар! Сіздерді көктемнің алғашқы айында еліміздің түкпір-түкпірінде тойланатын 8 наурыз — Әжелер, аналар, қыздар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
«Әлемде күн біреу, әлемде ана біреу» атты дөңгелек үстелімізге қош келдіңіздер! Күн жер бетіне молынан шуағын шашып, тіршілік ояна бастаған шақта Аналар мерекесінің аталып өтуі — ерекше жарасым.
Ана… Қандай мейірлі, қандай шапағатты сөз! Үш әріптен құралған қасиетті ұғымның өзегінде қаншама ұлы сезім жатыр. Ана жүрегіне сыйған махаббат пен мейірімді қадірлемейтін жан бар ма?!
Жақсылық атаулының бәрі де ана сүтінен нәр алады. Ендеше, кешіміздің шымылдығын әсем әнмен ашайық.
Қонақтарды қарсы алу
Танымды талқыға қатысатын қонақтарға сөз беру
Енді бүгінгі кештің көркін кіргізіп, тақырыпты ойлы толғаныстарымен талқылайтын, салиқалы ақылын, тұшымды пікірін ортаға салатын қонақтарымызды шақырамыз.
Қонақтарымыз жайғасқанша, олардың құрметіне әсем әуенді ән тарту етіледі. Қабыл алыңыздар!
Ой бөлісу
Ананың қадірі, тәрбие және отбасы құндылықтары
Әсерлі әңгімемізді бастайық. 8 наурыз — халықаралық деңгейде аталып өтетін мерекелердің бірі. Бүгінгі жүздесуде ана тақырыбына қатысты ойларымызды ортаға салып, тәжірибе алмасамыз.
Талқылауға ұсынылатын сұрақтар
Дөңгелек үстелдің мазмұндық өзегі
- 1. Бұл мереке сіздердің отбасыларыңызда қандай ерекшелікпен өтеді?
- 2. Анаңыз туралы және олардың берген тәлімі жайлы қысқаша әңгімелеп берсеңіз.
- 3. Бала тәрбиесіндегі қиындықтарды көбіне заманмен, қоғаммен байланыстырамыз. Бүгінгі баланың тәрбиелену үдерісіне көзқарасыңыз қандай?
- 4. «Қызым үйде, қылығы түзде» дейді халық. Қыздарыңыздың қадамын қаншалықты бақылауда ұстайсыз?
- 5. Қыз баланы тым еркін өсіру мен жауапкершілікке баулу арасындағы тепе-теңдік туралы пікіріңіз қандай? Осыған қатысты уәждеріңіз болса, бөліссеңіз.
- 6. «Баланы жастан» қағидасы туралы ой. Бернард Шоудың «Сіз дәл екі аптаға кешіктіңіз» деген сөзі мен қазақтың «Балаңды 7 жасқа дейін патшадай сыйла…» деген тәмсілінің қайсысына көбірек қосыласыз?
- 7. «Аяғын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал» деген нақылды қалай түсінесіз? Анаңыздан алған қандай қасиеттерді өмірлік жолыңызда қолданасыз?
- 8. «Қиын бала» деген кім? Ол қайдан, неден қалыптасады?
- 9. Балаларыңыз сіздердің қандай жақсы қасиеттеріңізді үлгі тұтады деп ойлайсыз? Олар өздері айтып көрді ме?
- 10. Психологиядағы «байқатпай тәрбиелеу» тәсілі туралы пікіріңіз қандай? «Құрғақ сөз — тәрбие емес, бала ата-анасының істегенін істейді» деген оймен келісесіз бе?
- 11. «Әйел бақыты», «ана бақыты» деген ұғымдарға өз түсіндірмеңізді берсеңіз.
Жағдаяттық сұрақтар
Тәжірибелік жағдайлар арқылы ой қозғау
- 1. Балаңыз озат оқушы, бірақ үй шаруасына араласқысы келмейді. Оны қалай ынталандырасыз?
- 2. Қызыңыз кешкі ас дайындап, ыдыс жууы керек, бірақ ол теледидар қарап отыр. Қандай әрекет жасайсыз?
- 3. Балаңыз сырттан қатты ашуланып келіп, бөлмесіне кіріп алып шықпай қойды. Не істейсіз?
- 4. Балаңыз туған күніне достарын шақырғысы келеді. Бұл жағдайды қалай шешесіз?
- 5. Үй шаруасына байланысты баласын сабақтан жиі қалдыратын ата-аналар туралы пікіріңіз қандай?
- 6. «Баламның қарны тоқ, көйлегі көк болса болды. Тәртібі мен оқуына қарайтын уақытым жоқ» дейтін ата-аналарға көзқарасыңыз қандай?
Қорытынды сөз
Әйел — Ана! Тарих! Өмір! Ұлылық!
Әйел — Ана! Күн шапағы, жылылық.
Әйел — Ана! Өмірдің күре тамыры,
Әйел — Ана! Пәк махаббат, сұлулық!
Осындай жыр шумақтарымен сырласу кешімізді аяқтаймыз. Мереке қарсаңында кешімізге келіп, салиқалы әрі саналы ақыл-кеңестеріңізбен, ой-пікірлеріңізбен бөліскендеріңіз үшін көп рақмет!