Масаның дыбысы

Білім саласы

Шығармашылық

Ұйымдастырылған іс-әрекет

Бейнелеу іс-әрекеті

Тақырыбы

Жәндіктер. Жұмырқұрт

Мақсаты

  • Табиғаттағы тіршіліктің оянуын түсіндіру.
  • Жәндіктердің сыртқы түрі, тіршілігі және қимыл-қозғалыс ерекшеліктері туралы түсінікті бекіту.
  • Компьютерде жұмыс жасау іскерлігін дамыту мен бекітуді жалғастыру.
  • Жылы және суық түстерді ажыратуды, түсті бояуларды көркемдіктің айқын құралдары ретінде қолдануды бекіту.
  • Бейнелеу өнері бойынша алған білімдерін әртүрлі әрекетте қолдану: дөңгелек пішіндерді бейнелеу; дәстүрден тыс тәсілдер; картоп бастырмасымен сурет салу; мүсіндеу тәсілдерін орынды қолдану; жапсыруда шаршыдан дөңгелек пішін қиып, бейне құрастыру.
  • Табиғатты қорғауға, қамқор болуға, тазалық пен ұқыптылыққа тәрбиелеу.

Түзете дамыту

Сөйлеу және есту дағдылары

  • Балалардың тілін және сөздік қорын дамыту.
  • Фонетикалық-фонематикалық есту қабілетін жетілдіру.
  • Логоритмикалық өлең жолдарымен үндесуін дамыту.

Қимыл-қозғалыс және назар

  • Компьютер және бейнелеу құралдарымен жұмыс кезінде ұсақ қол моторикасын дамыту.
  • Балалардың зейінін тұрақтандыру.

Әдіс-тәсілдер

Түсіндіру Көрсету Сұрақ-жауап Сурет бойынша жұмыс Тақпақтар Тілдік жаттығулар

Көрнекіліктер мен құралдар

  • Түсті гуашь бояулары
  • Бояуға малынған поролон (құтыда)
  • Альбом парақтары
  • Шүберек
  • Картоп бастырмалары
  • Қылқалам
  • Су құтысы
  • Жәндіктердің шынайы үлгілері, суреттері және бейнероликтері

Сабақ барысы

Мотивациялық-ынталандырушылық

Балалар музыка әуенімен залға кіріп, педагогтың жанына тұрады.

Педагогтің сөзі:

«Ал, балалар, күннің нұрымен қуаттанып, таза ауамен тыныстап, бойымызға күш-қуат жинап алайық. Енді алған жылуымызды айналамыздағы барлық адамдарға таратайық та, оқу іс-әрекетін бастайық».

Сұрақтар

  • Бүгін аптаның нешінші күні?
  • Бір аптада неше күн бар?

Апта күндері туралы өлең

  • Дүйсенбіде доп ойнадым далада.
  • Сейсенбіде серуен құрдым қалада.
  • Сәрсенбіде сурет салдым сәндетіп.
  • Бейсенбіде би биледім әндетіп.
  • Жұма күні жидек тердім ағаштан.
  • Сенбі күні кино көрдім клубтан.
  • Жексенбіде үйде болдым демалдым —
  • Осылайша өте шықты бір апта.

Жыл мезгілі туралы әңгіме

  • Қазір жылдың қай мезгілі?
  • Көктем мезгілінде неше ай бар? Қандай айларды білесіңдер?
  • Мамыр айының қандай ерекшеліктері бар?

Балалардың ықтимал жауаптары: көктем; көктемде үш ай бар — наурыз, сәуір, мамыр; гүлдер мен жәндіктер пайда болады; құстар жұмыртқа басады, балапандар шығады; жидектер піседі.

«Дыбысынан таны» ойыны және артикуляциялық жаттығулар

Педагог жәндіктердің дыбысын біртіндеп тыңдатады. Балалар дыбыстың иесін табады және дыбысты дұрыс айтуға жаттығады.

Дыбыс

Ж — ж — ж — ж

Қоңыздың дыбысы.

Дыбыс

З — з — з — з

Шыбынның дыбысы.

Дыбыс

Шр — шр — шр — шр

Шегірткенің дыбысы.

Қорытынды

Бұлардың бәрін бір сөзбен жәндіктер дейміз.

Жәндіктер туралы тақпақтар

Арслан

Балалар-ау, балалар?
Алаңқайға шығайық,
Көктем тілін ұғайық.
Құрт-құмырсқа, көбелек,
Ұшып жүрген бөгелек.

Динара

Ара, ара, аралар,
Гүл қауызын жағалар.
Оны баққан ағалар,
Шелек-шелек бал алар.

Жасұлан

Инелік-ау, инелік,
Қаша берме именіп.
Түспей-ақ қой торыма,
Қоншы келіп қолыма.
Анықтап бір қарайын,
Суретіңді салайын.

Педагог суреттерді көрсете отырып, жәндіктердің атауын, дене құрылысының ерекшеліктерін және қай жерде мекендейтінін түсіндіреді.

Логоритмика

Ке-ке-ке — шырылдауық шегіртке.
Ші-ші — торын құрар өрмекші.
Ра-ра-ра — бал жинайды ара.
Ын-ын — ызылдайды шыбын.
Са-са — шағып алар маса.
Ек-ек — гүлге қонар көбелек.

Жұмбақ және бақылау

Жұмбақ

Көп аяғы бар,
Басында екі таяғы бар,
Жапырақ — қорегі бар.

Жауабы: жұмырқұрт.

Балалар жұмырқұртты жақыннан бақылап, оның құрылысын талдайды: денесі дөңгелек пішіндерден тұратынын, бірнеше бөлікке бөлінетінін және аяқтары бар екенін анықтайды.

Компьютерлік дидактикалық ойын

«Жылы — суық түстер» (түстерді ажырату және сәйкестендіру).

Саусақ жаттығуы

Қырқаяқ келе жатты қырқаяқ,
Аяқтары — қырық аяқ.
Бірін-бірі қуалай,
Кездесті, амандасты,
Әзер ажырасты.

Ұйымдастырушылық-ізденушілік

Балалар 2–3 адамнан шағын топтарға бөлініп, «шеберханаларға» орналасады:

1-топ

Жапсыру: шаршыдан дөңгелек қиып, бейне құрастыру.

2-топ

Мүсіндеу: ермексаз және қажет болса тастанды материалдар.

3-топ

Сурет салу: дәстүрден тыс тәсіл — картоп бастырмасы.

Балалар жұмырқұртты әртүрлі әрекет арқылы бейнелейді. Педагог бағыт беріп, жұмыстарды қадағалайды, ал балалар тапсырманы өз бетінше орындайды.

Еске түсіру

Жұмырқұрт — көп дөңгелек бөліктен тұратын, аяқтары бар жәндік; түсі жиі жасыл болып келеді.

Рефлексиялық-түзетушілік

Қорытынды сұрақтар

  • Бүгін біз немен шұғылдандық?
  • Ненің суретін салдық?
  • Жұмырқұрттың түсі мен пішіні қандай?
  • Жұмырқұртты қандай тәсілдермен бейнеледік?
  • Ара, маса, қоңыз, жұмырқұртты бір сөзбен қалай атаймыз?

Балалардың жауаптары (үлгі)

  • Сурет салдық, мүсіндедік және қиып жапсырдық.
  • Жұмырқұрт жасыл, дөңгелек бөліктерден тұрады.
  • Картоп бастырмасымен суретін салдық, ермексазбен мүсіндедік, қағаздан қиып жапсырдық.
  • Бір сөзбен: жәндіктер.

Күтілетін нәтиже

Білуі керек

Жәндіктердің атауын, түсін, тіршілігін және пішіндік ерекшеліктерін біледі.

Түсінігі

Жұмырқұртты бейнелеу өнері құралдарымен әртүрлі тәсіл арқылы бейнелеуге болатынын түсінеді.

Дағдысы

Сурет салу, мүсіндеу және жапсырудың негізгі техникасы мен жұмыс жасау дағдылары қалыптасады.