Еңбек етсең
Тақырыбы
Мамандықтың бәрі жақсы
Көрнекілігі
Суреттер, слайдтар, кітаптар
Мақсаты
- Балаларға еңбектің қажеттілігін түсіндіру.
- Еңбектің жемісін көру арқылы табандылыққа баулу.
- Болашақ мамандық таңдауға бағдар беру.
- Әр түрлі мамандықтарға қызығушылықты арттыру.
Барысы
Тәрбиеші: «Саламатсыңдар ма, құрметті балалар!»
Кіріспе өлең
Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан.
Бүгінгі ұйымдастырылған іс-әрекетіміз «Мамандықтың бәрі жақсы» деп аталады. Енді ойланайық: «Өскенде кім боламын?» (Балалардың жауаптары тыңдалады.)
Ынталандыру
Өмір таны, өнер қу, Өнер табу — ол да оқу. Талаптансаң тартынба, Өз күшіңмен жол табу.
Сұрақ-жауап арқылы мамандықтарды таныстыру
Тәрбиеші: Балалар, сендер балабақшада күнде қандай мамандық иелерімен кездесесіңдер?
Күтілетін жауаптар: тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, аспаз.
Тәрбиеші: Анаңмен бірге дүкенге бардың. Кімді көрдің?
Күтілетін жауап: сатушы.
Жұмбақ-өлең
Ішің ауырса, тісің ауырса, Анаң дәрі береді. Барлық ана, барлық бала Оны жақсы көреді.
Сұрақ: Мен кім туралы өлең оқыдым? (Күтілетін жауап: дәрігер.)
Мамандық туралы тақпақтар
Киім тіккіш жаман ба? Шипагер, емші маман да, Бәрі керек адамға.
Астықсыз өмір болған ба? Астық егіп өсірген Тракторшы жаман ба?
Кең далада көсілген, Мыңғыртып мал өсірген Шопан ата жаман ба?
Өрнектейтін өмірді, Өнердің бәрі көңілді! Қолы алтын шебердің, Бәрі жақсы өнердің.
Ой қозғау: қабілет пен сүйікті іс
Тәрбиеші: Адам баласы белгілі бір іске қабілетті, дарынды болады. Өздеріңнің сүйікті істерің бар ма? (Балалардың жауаптары тыңдалады.)
Аруна
Еңбек етсең, ертеңгі Бақытыма сенемін! Мақсатыма жеткізер Уақытыма сенемін!
Абылай
Адамдық — борышың, Халқыңа еңбек қыл. Ақ жолдан айнымай, Ар сақта, оны біл. Талаптан да білім мен өнер үйрен, Білімсіз, өнерсіз Болады ақыл тұл.
Мақал-мәтелді жалғастыр
Тәрбиеші: Мен мақал айтамын, сендер жалғастырыңдар.
Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті.
Еріншектің ертеңі бітпес.
Ердің атын еңбек шығарады.
Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
Қорытынды
Әр мамандықтың қоғамға қосар үлесі бар. Еңбек — адамның өсуіне, өз жолын табуына көмектеседі. Бүгін біз мамандықтардың алуан түрлі екенін көрдік және әрқайсысының қадірін түсіндік: ең бастысы — ниет, талап және еңбекқорлық.