Аружан әжесінің қолқанаты

8 наурыз Тәрбие сағаты Көктем мерекесі

Мерекелік тәрбие сағатының барысы

Кіріспе өлең

Жер бусанып, көк шығып, сегізінші наурыз,

Арықтардан су ақты — келген кезі көктемнің.

Бүрлеп өсіп көк шыбық, жұтып жатыр шуақты,

Елжіреп нұр төккен күн бәрімізді қуантты.

Бұл — аналардың мерекесі.

Мұғалімнің құттықтауы

Құрметті асыл аналар, қыз-қызғалдақтар, қадірлі ұстаздар! Мерекелеріңіз құтты болсын. 8 наурыз — көктеммен бірге келетін тамаша күн, табиғаттың оянатын мезгілі. Бұл күні ең жылы сезімдер — қайырымдылық пен кішіпейілділік, үміт пен сенім, махаббат пен адалдық — бір арнаға тоғысады. Осы мерекеге орай ұйымдастырылған тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!

I бөлім

Ана – өмір шуағы

II бөлім

Наурыз аруы

I бөлім: Ана – өмір шуағы

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші: Дүниеде анасыз адам болмайды. Мына отырған сендер де, мен де — бәріміз анадан туып, ананың мейірімінен нәр алған жандармыз. Ендеше, ардақты аналар мен салмақты әжелерге арналған «Ана – өмір шуағы» бөлімін бастайық.

2-жүргізуші: Бізді өсірген анашым, еңбегің де зор екен.

1-жүргізуші: Құтты болсын, анашым! Құтты болсын мерекең!

Оқушылардың өлеңдері

1-оқушы: Ана — біздің елде ардақты адам. Кіші де, үлкен де оны ардақтаған. Өзінің аяулысы — Отанды да «Ана» деп халқымыз бекер айтпаған.

2-оқушы: Ана деген — асқақ ән, орындайтын әрқашан. Анадай қымбат сыйлықты таба алмайсың ешқашан.

3-оқушы: Ана деген — ақылшың, анаң барда батырсың. Қасыңда кім болса да, тек анаңа жақынсың!

4-оқушы: Ақыл құйған санама алғыс айтам анама. Күн алыста, ал анам үнемі менің жанымда.

5-оқушы: Анаң болса қасыңда, басқа бақыт не керек? Аналардың жүрегі мейірімді ғой керемет.

6-оқушы: Теңдесі жоқ данасың, арқа тұтар панасың. Еңбегіңді ақтайын, аман болшы, анашым!

Хормен:

Бәрі жақсы ананың, бәрі де оның керек-ақ…
Бірақ әрбір баланың өз анасы бөлек-ақ!

Ән

«Ақ мамам»

Әжелерге құрмет

2-жүргізуші: Бізге жарық өмір сыйлаған — анамыз бен әкеміз. Ал сол ананың анасы, әкенің анасы — біздің әжеміз.

1-жүргізуші: «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтылмаған. Қазыналы әжелерімізді құттықтай отырып, өлең-жырларымызды қабыл алыңыздар.

7–8-оқушылар: Аналарды сүйеміз, ақылын ойға түйеміз. Әжені де ардақтап, әдеппен бас иеміз. Әже деген — әр үйдің берекесі, сәбидің қамқоршысы, алыптардың анасы, пәнидің қонағы.

9-оқушы: Құртын, майын сақтаған, жұртқа мені мақтаған — әжетайым ол менің, қылығымды жақтаған.

10-оқушы: Тентек болсам, ашынып, жақсы іс қылсам, асырып — маған сақтап жүреді тәттіні де жасырып.

11-оқушы: Тосып тәтті дәмдерін, ол бар жерде бал жедім. Мен ұйықтарда айтады ертегісін, әндерін. Біздің үйде осындай әжетайым бар менің.

Барлығы:

Құттықтаймыз сіздерді! Әжемізге мың алғыс!

Көрініс

«Жай ғана әжей»

Хор

«Құттықтаймын, ана, мерекеңізбен!»

Аналар мен әжелерге дайындалған сыйлықтарды табыстау.

II бөлім: Наурыз аруы

Сайыстың ашылуы

1-жүргізуші: Достықты біз ойлаймыз, бірге күліп ойнаймыз. Қыздарды да құттықтап, мерекесін тойлаймыз! Ендеше қыздарымызға арналған сайысымызды бастаймыз. Алдымен әділқазылар алқасын сайлап алайық.

2-жүргізуші: Біздің қыздар білімді, меңгерген ілімді. Біздің қыздар елгезек — алады тез тіліңді. Сыныбымыздың ақылды, білімді, елгезек қыздары алдарыңызда өнерлерін ортаға салмақ.

Қатысушылар

  1. Рымбекова Жанерке Талғатқызы

    Дос пейілді, жанашыр, мейірімді, жауапкершілігі жоғары. Билегенді ұнатады, өнер мектебіндегі би үйірмесіне қатысады.

  2. Елеукенова Аида Амангелдіқызы

    Сабақты жақсы оқиды. Істі баяу, бірақ тиянақты орындайды; көп сөйлемейтін, салмақты, ұяң мінезді, мейірімді.

  3. Нұриден Аружан Медетқызы

    Іске ширақ, жүрегі жылылыққа толы, қылықты. Өз ісімен де, мінезімен де баурап алатын ерекше қасиеті бар. Әжесінің қолғанаты.

  4. Букешова Айдана Маратқызы

    Бірбеткейлеу мінезі бар, достарының қуанышына қуана біледі. Әдемі киінгенді, сұлулықты сүйеді; кербез, ерке. Мақтағанды ұнатады, көңілденсе әндетіп жібереді.

  5. Асхат Айжан Асхатқызы

    Жауапкершілігі жоғары, белсенді, білімді. Байқағыш, ширақ ойлы, жанашыр. Анасына қолғанат, бауырларына қамқор әпке.

  6. Өтепберген Аружан Қонысбайқызы

    Өз ойын еркін жеткізеді, жан-жақты білімді. Есте сақтау қабілеті мен қиялы жоғары. Бақылағанды, зерттегенді және қорытынды шығарғанды жақсы көреді.

Қатысушыларды ұлдар бір-бірлеп сахнаға алып шығып, таныстырады.

I. Таныстыру

2-жүргізуші: Таныстырсын өздерін, тамылжытып сөздерін! (Әр сайыскер өзін таныстырады.)

II. Өз өнері

1-жүргізуші: Қазақ жұрты киелі, өнерліні сүйеді. Қыздар ортаға шығып, би билеп, ән салады.

III. Қолөнер: ою қию

2-жүргізуші: Он саусағы майысқан, шебер болар ұрпақпыз. Тұла бойы толған өнер — өрнек жасайтын ұрпақпыз!

Ән

«Алтын ана»

IV. Ширату сұрақтары

Әр сайыскер ортаға шығып, бір әріпті таңдайды. Берілген сұрақтарға сол әріптен басталатын сөздермен жауап береді.

Сұрақ Жауап үлгісі («С» әрпі)
Атың кім?Самал
Құрбыңның аты кім?Саяжан
Қайдан келдің (қала/ауыл)?Сараннан
Нені жақсы көресің?Самсаны
Фамилияңды (тегіңді) айтСмағұлова
Жануардың атын айтСілеусін
Қандай өсімдікті білесің?Сәбіз
Ер баланың атын айтСаят
Қандай көлікке міндің?Самолетке
Нешеге дейін санай аласың?Сегізге дейін

Ойын (аналармен)

«Әндер сақинасы»

Бір ана ән бастайды, келесі ана жалғастырады.

Ойын (ер балалармен)

«Жүрекке жылы сөздер»

Ұлдар «Анам қандай?» деген сұраққа жауап болатын жылы сөздерді тізбектейді: мейірімді, ақылды, әдемі, сабырлы, т.б.

V. Ерекше киім үлгісі

1-жүргізуші: Қыздың көркі — қылығында. Бүгінгі мерекеде қыздарымыз ерекше киім үлгісін жасап көрсетеді.

Ән

«Ертегілер»

Марапаттау

1-жүргізуші: Көңілді көтердік біз мерекеде — әжелер, аналар мен қыздар үшін. Қаттырақ соғайықшы алақанды, келгенде алдымызға қыздарымыз!

2-жүргізуші: Ару қыздарымызды марапаттау сәті туды. Келесі кезек — әділқазылар алқасында! (Әр қызға мадақтама қағазы мен сыйлық табысталады.)

2-жүргізуші: Ең жақсы сөз — ана. Өсіп жатса бала, ана оған пана. Аман болсын ана!

1-жүргізуші: Ата-аналық — үлкен сын, бала өсіру — ұлы өнер. Жақсылардың соңынан жарқын қыз бен ұл өсер.

Қорытынды сөз

Мұғалім: Шуақты көктем келді гүлін алып, көктемнің мерекесі бүгін анық. Өмірдің көктемі де, гүлі де — аналар. «Ана» деп бас иеді күллі халық!

Құрметті аналар, мерекелеріңіз мерекеге ұлассын! Білімді де сүйкімді, өнерлі де сымбатты қыздарыңыз бен ұлдарыңыздың қуанышына тоймай, ұзақ ғұмыр сүріңіздер!