Менің әдістемелік тақырыбым Кіші жастағы оқушылардың оқу жүйесіне жеті модульді енгізу арқылы танымдық белсенділіктерін дамыту

Мен – жаңа форматтағы ұстазбын

Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау — әр мұғалімнің борышы. Мен үшін мұғалім болу — тек білім беру емес, оқушының ішкі мүмкіндігін ашуға бағытталған жауапты да нәзік қызмет.

Менің әдістемелік тақырыбым: «Кіші жастағы оқушылардың оқу жүйесіне жеті модульді енгізу арқылы танымдық белсенділіктерін дамыту». Бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын дамытудың негізгі факторы тек олардың білімі мен дағдыларының деңгейі ғана емес. Ең бастысы — баланың маңызды психикалық қызметтерін және ақыл-ой еңбегінің тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін оқу процесін дұрыс ұйымдастыру.

Сабақтың мазмұны мен формасы

Әр сабақ қызықты әрі өзгеше өтуі үшін алдын ала көптеген дайындық жұмыстарын жүргіземін. Сабақ үстінде оқушы бойында танымдық белсенділік оянса, олардың зеректігі, зейіні, байқағыштығы, ойлау мен сөйлеудегі дербестігі және пәнге қызығушылығы жүйелі түрде дами түседі.

Менің ең негізгі міндетім — сабақты мұқият ойластырып, алдына анық мақсат қою. Жаңа тақырыпқа қызығушылық ояту үшін мазмұнды шағын бөліктерге бөліп, тақырыпшалар арқылы кезең-кезеңімен ұсынуды тиімді деп санаймын. Бұл тәсіл оқушыларды жұптық жарысқа тартып, белсенді әрекетке ынталандырады.

Жұптық және топтық жұмыс арқылы нәтижеге жету

  • Жұпта және топта жұмыс істей отырып, оқушылар сыни тұрғыдан ойлауға үйренеді.
  • Негізгі ойды ажыратып, қорытынды жасау дағдылары қалыптасады.
  • Плакат пен дәптерде жұмыс жасап, талдау жүргізіп, кластер құруға дағдыланады.
  • Венн диаграммасы сияқты әдістер арқылы тақырыпты жинақтап, дәлелді тұжырым жасауға мүмкіндік алады.

Сабақта ой қозғау кезеңінде оқушыларға жоғары және төмен дәрежелі сұрақтар қоямын. Бұл олардың тақырыпқа қызығушылығын арттырып, өз ойын негіздеуге жетелейді. Нәтижесінде сабақ соңында оқушылар өздері қорытынды шығарып, алған білімін қолдана алатын деңгейге көтеріледі.