Қыз нешінші
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Балаларды айналадағы заттардың орналасуын алдында, артында, оң жақта, сол жақта ұғымдары арқылы анықтауға, сондай-ақ «нешеу?» және «нешінші?» сұрақтарына дұрыс жауап беруге дағдыландыру.
Дамытушылық
Балалардың танымдық қабілеттерін дамыту, сөздік қорын және қарым-қатынас дағдыларын байыту. Белсенділігін арттырып, ой-қиялын жинақтауға және қызығушылығын күшейтуге бағыттау.
Тәрбиелік
Алған білімін жүйелі түрде көрсетуге үйрету; ұқыптылыққа, мақсатқа жетуге, өз ойын анық жеткізуге машықтандыру.
Әдіс-тәсілдер мен көрнекіліктер
Әдіс-тәсілдері
- Сұрақ-жауап
- Әңгімелету
- Сергіту сәті
- Ойын
Көрнекіліктері
- Үлестірмелі құралдар
- Сандар
- Суреттер
- Тақта
Оқу іс-әрекетін ұйымдастыру
Шаттық шеңбері
Армысың, қайырымды Аспан-ата,
Армысың, мейірімді Жер-ана.
Армысың, шұғылалы Нұрлы-күн,
Армысыздар, құрметті апайлар.
Сұрақ: Балалар, көңіл күйлерің қалай? Өте жақсы
Сюжеттік кіріспе: Тапқышбекпен кездесу
Есіктен Тапқышбек қолында конвертпен кіреді.
Тәрбиеші: Саламатсың ба? Сен кім боласың?
Тапқышбек: Мен Тапқышбекпін! Сәлеметсіздер ме! Мен Математика патшалығынан келдім. Бұл конвертте тапсырмалар бар. Егер жауап берсеңдер, мен сендерге сыйлық беремін. Келістік пе?
Балалар: Келістік!
Тәрбиеші: Онда Тапқышбек, біздің балалардың сабағын тыңдаңыз.
Осылайша балалар Тапқышбектің тапсырмаларын біртіндеп орындауға кіріседі.
Тапсырмалар барысы
1-тапсырма: Санамақ
Бір дегенім — білім,
Білімсіз жоқ күнің.
Екі деген — елім,
Далам, тауым, көгім.
Үш дегенім — үміт,
Үміт аптар жігіт.
Төрт дегенім — төзім,
Төзе білем өзім.
Бес дегенім — бесік,
Шықтық содан өсіп.
Алты деген — ақыл,
Тыңдағаның мақұл.
Жеті деген — жалау,
Жүректегі алау.
Сегіз деген — сөзің,
Серт беретін кезің.
Тоғыз деген — тоқтау,
Елдің жоғын жоқтау.
Он дегенім — Отан,
Қорға оны, ботам!
2-тапсырма: «Қанша болса — сонша»
Мақсаты: сан мен зат санын сәйкестендіру
Тәрбиеші кез келген санды атайды, ал балалар дәл сонша затты көрсетеді. Осы тапсырма арқылы санау және сәйкестендіру дағдылары бекітіледі.
Нәтиже: балалар екінші тапсырманы да сәтті орындады.
3-тапсырма: «Шалқан» ертегісі және реттік санау
Балалар «Шалқан» ертегісінің басталуын еске түсіреді және кейіпкерлерді ретімен орналастырады: ата, әже, қыз, ит, мысық, тышқан.
Кейіпкерлер реті
- Ата
- Әже
- Қыз
- Ит
- Мысық
- Тышқан
«Нешінші?» сұрағына жауап
- Ата — бірінші
- Әже — екінші
- Қыз — үшінші
- Ит — төртінші
- Мысық — бесінші
- Тышқан — алтыншы
Сергіту сәті
Ормандағы аю, қонжық
Ұялардан бал іздеді.
Мойындарын оңға бұрды,
Мойындарын солға бұрды,
Орман ішін аралады.
Оңға бір, солға бір,
Ағаштарды шайқап көрді.
Аяқтарын көтеріп ап,
Қуанғаннан билей берді.
Дидактикалық ойын: «Кеңістікті бағдарла»
Мақсаты: кеңістікте бағдарлау
Балалар суреттегі заттардың орналасу орнын айтып береді және төмен, жоғары, биік, аласа сөздерін орынды қолданады. Ойын есте сақтау қабілетін дамытуға көмектеседі.
Қорытынды
Бүгінгі сабақта балалар Тапқышбектің барлық тапсырмаларын орындап, белсенді қатысып отырды. Олардың кеңістікті бағдарлау және реттік санау дағдылары бекітілді.
Күтілетін нәтиже
Білу
Сандардың реттік орнын анықтай алады, тура және кері санайды.
Игеру
Кеңістіктегі заттардың орнын бағдарлау тәсілдерін меңгереді.
Меңгеру
Өз бетінше іс-әрекет жасай алады және тапсырманы жүйелі орындауға талпынады.