Адай жылқысы
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Сабақтың мақсаты
- Жалқы есімнің мәнін түсіндіру және оны жалпы есімнен ажырата білуге үйрету.
- Жаттығулар арқылы білім-білік дағдыларын қалыптастыру; қатесіз, таза жазуға дағдыландыру.
- Тілді құрметтеуге және патриоттық сезімге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі
Саяхат сабағы.
Көрнекілігі
- Интерактивті тақтадағы суреттер
- Маңғыстау картасы
- «Маңғыстаудың жеті кереметі» материалдары
Әдіс-тәсілдер
- Сын тұрғысынан ойлау технологиясы
- Ассоциация стратегиясы
- Шығармашылық жұмыс
Жаңа тақырып: Жалқы есім
Сабақ ребус шешуден басталады: жаңа тақырыптың атауы анықталады — «Жалқы есім». Одан кейін мұғалім сызба арқылы түсіндіреді: жалқы есім — белгілі бір заттың, адамның, жердің немесе жануардың жеке атауы.
Кісінің аты-жөні
Мысалы: Айжан, Абай.
Жер-су атаулары
Мысалы: Ақтау, Каспий.
Жануарға қойылатын ат
Мысалы: Ақтөс, Ақалтеке.
Саяхатқа жол ашатын сұрақтар
Оқушылар сұрақтарға жауап беру арқылы жасырын сөзді табады және «Маңғыстаудың жеті кереметіне» саяхат басталады.
- Адамға қатысты сөздерге қандай сұрақтар қойылады?
- Заттарға қатысты сөздерге қандай сұрақтар қойылады?
- Түбір дегеніміз не?
Маңғыстаудың жеті кереметіне саяхат
Маңғыстау — киелі жер, қасиетті тұлғалардың мекені. Сабақтың негізгі бөлімі осы өңірдің ерекшеліктерін танытатын нысандарды «саяхат» формасында зерделеуге құрылады. Барлығымыз көлікке отырып, көрікті жерлерге жолға шыққандай елестетеміз.
1-керемет: Эмблема
Алдымен дәптермен жұмыс жасаймыз: күннің жадын жазамыз — Ақпанның он сегізі. Тақырып: Жалқы есім.
Көркем жазу
Ақтау, Шерқала, Каспий.
Көркем жазу арқылы біз бірінші кереметке — Маңғыстау өлкесінің эмблемасына келеміз. Ол тарихи-архитектуралық ескерткіштерде және жартас беттеріндегі көне суреттерде кездесетін бейнелерден алынған.
2-керемет: Арқарлар
Оқулықтағы 391-жаттығу ауызша орындалады. Осы тапсырма екінші кереметке жетелейді.
Маңғыстауға тән көріністің бірі — арқарлар. Қызыл кітапқа енген бұл жануарлар өңірдің көркі саналады. Арқарлар жиі кездесетін орындар: Оғланды маңы, Бекет ата мешіті алдындағы бұлақ басы. Халық оларды «Атаның арқарлары» деп қасиетті көреді.
3-керемет: Боталы аруана және Шыңырау
392-жаттығу бойынша жаңылтпаш оқылады: оқушылар кісі аттары мен жер атауларын табады (мысалы: Арман, Тарбағатай).
Бұл кезең бізді үшінші кереметке алып келеді: боталы аруана және шыңырау. Түйе — шөлге, аштыққа ең төзімді жануар: мінсе көлік, сойса ет, сауса шұбат, жүні киім-кешекке жараған пайдалы түлік.
Маңғыстау секілді шөлейт өңірде су тапшы болғандықтан, ата-бабамыз құдық қазуды кәсіп еткен. Мұнда 4000-ға жуық құдық бар. Құдықты шыңырау деп атаймыз. Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» шығармасы осы ұғымды кеңінен танытты.
4-керемет: Шерқала
393-жаттығуда мына сөздердің мағынасы түсіндіріледі: Сырым, Тайбурыл, Ертіс, Бөрібасар. Қалаған екі сөзге сөйлем құралады (жазба жұмысы ретінде тексеріледі).
Үлгі сөйлемдер
- Сырым — ұлтымыздың мақтанышы.
- Тайбурыл бәйгеден бірінші орын алды.
Төртінші керемет — Шерқала. «Шерқала» атауы араб тілінен аударғанда «жолбарыс» мағынасын береді. Төңкерілген кеседей бұл тау пирамидаға ұқсайды, жан-жағы биік құз болғандықтан шығатын жолы қиын. Кезінде әскери бекініс орны болған. Қазақ халқы барысты ерекше құрмет тұтады.
5-керемет: Адай жылқысы
Сергіту сәтінде Құрманғазының «Адай» күйінің ырғағымен қимыл-қозғалыс жасалады. Осыдан кейін бесінші кереметке келеміз — Адай жылқысы.
Жылқының қазақ үшін орны бөлек: жауға шапса — пырағы, қымызын ішсең — шипа. Адай жылқысы өте шыдамды. Ұлы Отан соғысы кезінде Маңғыстаудан 3000-ға жуық жылқы алдырылып, оның төзімділігі мен қадір-қасиеті ерекше бағаланған.
6-керемет: Балбал тас
Ой толғаныс кезеңінде суретке қарап сөйлем, мәтін немесе өлең құрастырылады: Бекет ата мешіті және Ақтау қаласы суреттері бойынша.
Тапсырма арқылы алтыншы кереметке жетеміз — балбал тас. Балбал тас — Маңғыстаудағы әулиелі орындарға арнап қойылған тас белгі. Өңірде тарихи ескерткіштер көп, ал жер асты мешіттері Маңғыстауға тән ерекше мұра.
7-керемет: Каспий теңізі
Соңғы кезеңде әр оқушы бір жалқы есімді айтып, жетінші кереметке бет алады (жер-су, қала, адам атаулары). Жетінші керемет — Каспий теңізі. Саяхат соңында өзіміздің қаламыз — Ақтауға қайта ораламыз.
Каспий теңізінің тарихи деректерде 92 атауы болған, әр кезеңде әртүрлі аталған. Ұлы Жібек жолы дәуірінде жүктер теңіз арқылы кемелермен жөнелтілген. Теңіз жағалауында өмір сүрген халық үшін ол ырыс пен күнкөрістің маңызды көзі болған.
Қорытынды және бекіту
Ассоциация арқылы қорытындылау
Оқушылар бүгінгі саяхат бағытын еске түсіреді және «Маңғыстаудың жеті кереметін» ретімен атап шығады:
- Эмблема
- Арқарлар
- Боталы аруана, Шыңырау
- Шерқала
- Адай жылқысы
- Балбал тас
- Каспий теңізі
«7» санының мәні және жалқы есімдерді табу
Қазақ халқында 7 саны киелі саналады. Мысалы: жеті ата, Жеті жарғы, жеті қазына, жеті шелпек.
Тапсырма
Төмендегі сөйлемдерден жалқы есімдерді тауып, үлестірмелі қағазға жазыңдар:
- Маңғыстау — киелі мекен.
- Ақтау — әсем қала.
- Шерқала пирамидаға ұқсас тау.
- Каспий — біздің мақтанышымыз.
Үй тапсырмасы
- 394-жаттығу орындау, ережені жаттау.
- «Киелі Маңғыстау» тақырыбына өлең шығару.