Кемелденген маман боп, Келіңіздер аман боп

Салтанатты кешке қош келдіңіздер

Армысыздар, құрметті қонақтар, ұлағатты ұстаздар, ардақты ата-аналар және мектеп бітіруші түлектер! Бүгінгі «Қош бол, ұстаз, алтын ұя мектебім!» атты аттестат тапсыру салтанатына қош келдіңіздер.

2017–2018 оқу жылында 44 шәкіртіміз білім нәрімен сусындап, алтын ұя мектебімізден қанат қаққалы отыр. Оқу жылының қорытындысы бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуде мектебіміздің үмітін ақтаған «Алтын белгі» иегерлері жоғары нәтиже көрсетіп, мектептің, ұстаздардың және ата-аналардың мерейін үстем етті.

Кеш шуағы

Бүгін қандай шаттыққа толы кеш еді — көңіл шіркін тасып, толып өседі. Кешегі ұл жігіт болып, кешегі бантикті қыз бойжетіп қалыпты. Жүздеріңізден шаттық арайын көремін. Болсын солай әрбір күніңіз, әрбір айыңыз.

Тойларыңыз құтты болсын, ата-ана! Тойларыңыз құтты болсын, ағайын!

Әнұран және қонақтар

Мектеп — еліміздің қаны мен жаны. Мектептен басталады бәрі. Бүгінгі салтанатты кешімізде Қазақстан Республикасының әнұраны шырқалады.

Қонақтар тізімі

  1. ____________________
  2. ____________________
  3. ____________________

Ардагер ұстаздар

  1. ____________________
  2. ____________________
  3. ____________________
  4. ____________________

Қош келдіңіздер!

Рәсім барысы

Алғашқы сөз

Мектебімнің қиындығына күйініп, табысына қуанып жүрген барша жанға алғыс айта отырып, алғашқы сөз кезегін мектебіміздің басшысына береміз.

«Тойбастар» биі

Кешіміз салтанатты да шуақты. Күн нұры төгіліп, мың бұралып бишілер би билейді. Алдарыңызда — «Тойбастар» биі. Қабыл алыңыздар!

Құттықтау сөздер

Құрметті қонақтарымызға сөз береміз. Жақсы сөз — жанға ыстық нәр. Құттықтау сөз кезегі құрметті қонағымыз ______________________ мырза/ханымға беріледі.

Келесі құттықтау сөз кезегі Аудандық білім беру бөлімінің әдіскері ___________________ мырза/ханымға беріледі.

Музыкалық нөмір

Ән: Дархан Дәулетияров — «Атамекен»

Орындайды: оқушы

Аттестат тапсыру сәті

Өрендер, сендерден енді балалық алыстап, болашақ күнге жол ашылады. Он бір жыл оқып, білім жинаған еңбектеріңнің жемісі — аттестат. Аттестат — азаматтықтың куәсі, аттестат — өмірге берілген жолдама.

Шығыңдар білім шыңына — батамыз осы сендерге! Болыңдар үздік тағы да, оқуда да, еңбекте!

Аттестат тапсыру салтанатты рәсімі мектеп директорына тапсырылады. (Салтанатты түрде куәлік тапсыру)

Қоштасу вальсі

Ән: Е. Хасанғалиев — «Қоштасу вальсі» (Бәкір Тәжібаевтың сөзі)

Орындайды: оқушы

Ардагер ұстаздар мен алғашқы ұстаздарға сөз

Алтын ұя мектеппен қоштасқан соң, алдарыңнан тосып тұрар — үлкен өмір. Осы сәтте құттықтау сөз кезегін ардагер ұстаздарға береміз.

Түлектердің алғаш қолына қалам алғызып, әріп танытқан алғашқы ұстаздарына да зор құрмет. Құттықтау сөз бастауыш сынып ұстазына беріледі.

Сынып жетекшілеріне алғыс

Шәкірттерді 5-сыныптан бастап бағыттап, жақсылығын асырып, жамандығын жасыра білген сынып жетекшілеріне шынайы алғыс айтамыз.

Ән арнау

Ән: «Ұстазым»

Орындайды: оқушы

Ата-аналарға сөз

Ата-ана — балапанын әлдилеп, аялап өсірген ардақты жан. Болашағына бақ тілеп, әрдайым қам жейтін жүрек. Сөз кезегі түлектердің ата-аналары атынан «Алтын белгі» иегерінің ата-анасына беріледі.

Өнер шашу

Ұрпақпен өмір жолы жалғанады. Бүгінгі күн — сіздерге арналады. Биші қыздарымыздың орындауындағы «Өзбек биін» қабыл алыңыздар!

Түлектер атынан сөз

Он бір жыл білімге үйреткен ұстазға мың алғыс! Балалықтың бал дәуренін артқа салып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған шәкірттеріміз атынан сөз кезегі «Алтын белгі» иегеріне беріледі.

Арнау

Жаны құштар жаңалыққа, туған елге адал перзент болыңдар! Ұстаз жаққан кеудедегі от сөнбесін, аспаған биіктерден асыңдар! Түлектерге арналған арнауды мектебіміздің мақтанышы, аудандық «Балдәурен» байқауының жүлдегеріне береміз.

Ән: «Мектеп вальсі»

Орындайды: Ибраев Аңсар

Ескерту: (Әнұран ойналады)

Ақ жол тілегі

Қиындықтар мойытпасын сендерді, батылдықпен асыңдар сан белдерді.

Біліміңмен қуантсаңдар мектепті, жақсы іспен қуантыңдар енді елді.

Қыран болып ұшыңыз, оқуларыңызға түсіңіз.

Еңбекте көп қуаныш, елде талай туар іс.

Кемелденген маман болып, келіңіздер аман болып.

Мерейлі болсын күніңіз, мектепке кеп тұрыңыз.

Сағынамыз күн сайын, кездеселік жыл сайын.

Әрқашан сәтті жол болсын, сапарларыңыз оң болсын!

Кештің аяқталуы

Шақырулы қонақтар, ұстаздар және мектеп түлектері, «Қош бол, ұстаз, алтын ұя мектебім!» атты салтанатты кешіміз осымен аяқталды. Кешіміздің екінші бөлімі аудандық әкімшілік жанында жалғасады.