Бес аспап пен бес қаруды ажыратып жапсыру
Сабақтың мазмұны
Білім беру салалары
- Таным
- Қатынас
- Әлеуметтік орта
- Шығармашылық
Оқу іс-әрекеті
- Қарапайым математикалық ұғымдар
- Тіл дамыту
- Айналамен таныстыру
- Бейнелеу
- Жапсыру
Тақырыбы
Киелі сандарға саяхат
Мақсаты
- Сандарға байланысты заттық және ұлттық ұғымдарды меңгерту.
- Имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу.
- Сенсорлық қабылдауды, теориялық ойлау деңгейін дамыту.
Сөздік жұмыс
Кіріспе: Достық шеңбері
Жылы амандасу
Бүгін біз үшін қуанышты күн: тобымызға қонақтар келді. Қонақтарымызбен «достық шеңберін» құрып, амандасайық. Қол ұстасып, бір-бірімізге жылу сыйлайық. Күннің шуақты жылуына қарап, жақсы тілектер айтайық — сонда күні бойы көңіліміз көтеріңкі болып, күніміз сәтті өтеді.
Өлең жолдары
Аспан түрді түндігін,
Жерге сәуле таратты.
Неткен ашық күн бүгін,
Қайырлы таң, қайырлы күн!
Сәлеметсіздер ме, апайлар!
Жыл мезгілі туралы сұрақтар
- ? Қазір жылдың қай мезгілі? — Күз.
- ? Күз мезгілінде неше ай бар? — Үш ай: қыркүйек, қазан, қараша.
Ғажайып сәт: Дана атаның келуі
Кездесу
Балалар, қараңдаршы — бізге Дана ата қонаққа келіпті!
Дана ата: «Сәлеметсіңдер ме, балалар! Сендерді тәртіпті, үлгілі деп естіп, киелі сандар мекеніне бірге саяхатқа шақырғалы келдім. Өзіммен бірге жылу әкелдім».
Жанып тұрған шырақ және тілектер
Дана ата жанып тұрған шырақ алып келді. Барлығымыз шырақтың жылуына жылып, жақсы тілектер айтайық.
- Аспанымыз ашық болсын!
- Әдепті, инабатты болайық!
- Әке-шешеміз аман болсын!
- Қазақстан елі жасасын!
- Көк туымыз биік болсын!
Дана ата: «Тілектерің қабыл болсын, балалар!»
Саяхат: Киелі сандар мекені
Жол үстіндегі ой
- 1 Шөлдесек — су керек.
- 2 Күн болмаса — айнала қараңғы әрі қорқынышты болар еді.
- 3 Ауа болмаса — дем ала алмай қалар едік.
Киелі сан: 3
Киелі сандар мекеніне келдік. Ұзақ жолдан шаршаған соң, отырып тынығайық.
Түйін: Отбасы — әке, шеше және баладан құралады. Бұл — 3. Жолда қажет болғандар — ауа, су, күн. Бұл да — 3.
Демек, 3 саны — киелі сан.
Дана атаның қоржынындағы сыйлықтар
Киелі сан: 5
Қоржында бес санына байланысты ұлттық ұғымдар бар.
Бес аспап
- Қобыз
- Домбыра
- Сыбызғы
- Дауылпаз
- Жетіген
Бес қару
- Мылтық
- Садақ
- Қылыш
- Найза
- Айбалта
Кемпірқосақ және киелі сан: 7
Жаңбыр басылғаннан кейін аспаннан нені көреміз? Кемпірқосақты. Кемпірқосақ жеті түстен тұрады.
Апта күндері (7 күн)
Балабақшаға келетін күндер: дүйсенбі–жұма (5 күн).
Демалыс күндері: сенбі, жексенбі (2 күн).
Ескерту: Жұма — имандылық күні. Сондықтан 3, 5, 7 — жай сандар емес, киелі сандар.
Сергіту: «Жанды апта» ойыны
Ойын шарты
Үстел үстіндегі сандардан аптаға сәйкес жеті санды тауып, қатарға тұрамыз. Содан кейін апта күндерін ретімен атап шығамыз.
Ретімен айту
- 1 Дүйсенбі
- 2 Сейсенбі
- 3 Сәрсенбі
- 4 Бейсенбі
- 5 Жұма
- 6 Сенбі
- 7 Жексенбі
Балалар, ойынды өте жақсы ойнадыңдар!
Шығармашылық жұмыс
I топ
«Әке, шеше, бала» тақырыбында отбасылық сурет салу.
II топ
«Бес аспап» пен «бес қаруды» ажыратып, жапсыру.
III топ
Жеті түспен кемпірқосақты бояу.
Сыйлық
Барлығың өте жақсы жұмыс жасадыңдар — жұмыстар керемет шықты. Дана атаның қоржыны құр қайтпасын, өз туындыларымызды сыйлайық.
Дана ата: «Көп-көп рақмет, балалар! Бәрің де өнерлі екенсіңдер. Енді мен қайтайын. Қош сау болыңдар!»
Қорытынды
Сұрақ-жауап
- • Қайда бардық? — Киелі сандар мекеніне саяхатқа бардық.
- • Бүгін қонаққа кім келді? — Дана ата келді.
- • Саяхат ұнады ма? — Иә, қызықты болды.
Әрдайым білімді, кішіпейіл, ақылды болып өсіңдер. Бүгінгі іс-әрекетке белсенді қатысқандарың үшін рақмет!
Қонақтарды шығарып салу
Жамандықтан жиренген,
Жақсылықты үйренген.
Тілді таза сөйлеген,
Біз ақылды баламыз.
Ризашылықпен сіздерге
Қош айтамыз, апайлар.
Күтілетін нәтиже
Білу керек
- Заттық ұғымдарды түсінігіне қарай байланыстыра білу.
- Танып-білу және санау дағдыларын қолдану.
- Ұлттық ұғымдарға қатысты танымды қалыптастыру.
Үйрену керек
- Сенсорлық түстерді дұрыс қабылдау.
- Сандарды өсу және кему ретімен дұрыс орналастыру.