Канапе бутербродын дайындау сайысы
Сабақтың тақырыбы
«Аспаздар патшалығы» — ұлттық тағам мәдениетін танытатын, оқушылардың практикалық дағдыларын шыңдайтын сайыс сабақ.
Сабақтың мақсаты
- Білімділік
- Дастархан сәнін келтіретін ас дайындау өнерін үйрету және дастархан әзірлеу мәдениетін қалыптастыру.
- Дамытушылық
- Алған білімді практикада қолдануды арттыру, қол шеберлігін және іскерлік дағдыларын дамыту.
- Тәрбиелік
- Тазалыққа, ұқыптылыққа, ұйымшылдыққа, өзара көмекке және ас дайындау өнеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі
Сайыс сабақ.
Көрнекіліктер мен құрал-жабдықтар
- нақыл сөздер, мақал-мәтелдер
- дастархан тағамдары
- ыдыс-аяқ, асхана құралдары
Сабақтың барысы
-
I
Ұйымдастыру кезеңі.
-
II
Сабаққа әзірлігін тексеру.
-
III
Ақылдастар алқасын сайлау.
-
IV
Кіріспе әңгіме: оқушыларды топқа бөліп, сабақ жоспарымен таныстыру.
Кіріспе сөз
Қош келдіңіздер, қадірлі қонақтар мен оқушылар! Бүгін «Аспаздар патшалығы» тақырыбында сайыс сабақ өткіземіз.
Қазақ халқы қонақжайлылығымен және ұлттық асханасымен ерекшеленеді. «Жер танимын десең — атың болсын, ел танимын десең — асың болсын» деген мақал да осыны меңзейді. Мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабамыздың негізгі тағамы ет пен сүт болған.
Сабаққа қатысып отырған мұғалімдер арасынан әділ бағалау үшін ақылдастар (әділқазылар) алқасы сайланады.
Сайыс кезеңдері
Топ басшысы топтың атауын және ұранын таныстырады.
Үй тапсырмасы бойынша дайындалған кекстерді таныстыру.
Жұмбақтар мен мақал-мәтелдер арқылы ой ұшқырлығын сынау.
Тіскебасар салатты құрастыру, безендіру.
Құрам мен үйлесімділікті сақтап, ұсыну мәдениетін көрсету.
Сөзді іс-қимылмен түсіндіру: «Мені түсін» ойыны.
Дайын тағамдарды әдемі орналастыру, салфеткаларды сәндеу.
Топтар
«Қонақжай» тобы
«Ақ дастархан» тобы
Техника қауіпсіздігі
- Техника қауіпсіздігі ережелерін мұқият сақтауды ұмытпа.
- Сулы қолмен электр құралдарын ұстама.
- Пышақ, шанышқы, қасықпен ойнама.
- Пышақты басқа адамға ұсынғанда сабын өзіңе қаратып бер.
- Пышақпен жұмыс істегенде аса мұқият бол.
2-кезең: Үй тапсырмасы — кекс
Әр топ өздері дайындаған кекстерін таныстырып, жасалу технологиясын түсіндіреді. Оқушылар кекс пісіруге кіріседі.
Сұрақ — бізден, жауап — сізден:
- Кексті дайындағанда қандай өнімдер қостыңдар?
- Құрамы қандай?
- Қанша уақытта дайын болады?
3-кезең: Тіл өнері
«Ал, қанеки, балалар, ойнайық, ойнайық та ойлайық. Қандай жұмбақ болса да, шешпей оны қоймайық!» — дегендей, жұмбақ шешіп көрейік.
«Ақ дастархан» тобына
-
1) Жұмбақ
Бар екен дүниеде жалғыз көзді, сол көзбен дүниенің бәрін кезді. Әлемді он сегіз мың киіндіріп, дүниеден жап-жалаңаш өзі безді.
Жауабы: Ине
Мақал: Оқу — инемен құдық қазғандай.
-
2) Жұмбақ
Құрғақ жерде сақтайсың, онсыз тамақ татпайсың.
Жауабы: Тұз
Мақал: Доссыз адам — тұзсыз ас.
-
3) Жұмбақ
Екі семсер айқасқан, оқта-текте шайқасқан.
Жауабы: Қайшы
Мақал: Асыл қайшы — пішуге сән, күміс қасық — ішуге сән.
-
4) Жұмбақ
Арық ат қарны қабысқан, бір көлді ішіп тауысқан.
Жауабы: Қасық
Мақал: Құрғақ қасық ауыз жыртар.
-
5) Жұмбақ
Дәмді-дәмді тағамдарды жинайды, қонақтарды көңілдене сыйлайды.
Жауабы: Дастархан
Мақал: Қоныс көркі — там, дастархан көркі — нан.
«Қонақжай» тобына
-
1) Жұмбақ
Бір сусын бар жұртымда, ішсең уыз ұртыңда. Бәрі содан шығады: ірімшік, май, құртыңда.
Жауабы: Сүт
Мақал: Жылқыда өт жоқ, құста сүт жоқ.
-
2) Жұмбақ
Дастарханға шуылдап, күніне үш жиылар; жарты сағат қимылдап, жарты сағат жуынар.
Жауабы: Ыдыс-аяқ
Мақал: Шешесін көріп қызын ал, ыдысын көріп асын іш.
-
3) Жұмбақ
Қимылдаса қос шебер, қыруар-қыруар іс өнер.
Жауабы: Қол
Мақал: Көз қорқақ, қол батыр.
-
4) Жұмбақ
Инеден өзі бір елі де қалмайды, бөлшектерді тігіспен ол жалғайды.
Жауабы: Жіп
-
5) Жұмбақ
Киім деуге жатпайды, киімді кірден сақтайды.
Жауабы: Алжапқыш
4-кезең: «Ас — адамның арқауы» (салат жасау)
«Ас — адамның арқауы, ас — көңілдің ажары» деген ұғымды еске ала отырып, сайыскерлер келесі кезеңде тіскебасар салат дайындайды.
Әр топ белгіленген уақыт ішінде салат жасап, оны құрамы мен безендіруіне қарай бағалатады.
5-кезең: Канапе-бутерброд дайындау
Қолдағы өнімдер
- шұжық, нан
- қатты ірімшік
- қияр, қызанақ
- зәйтүн (оливка)
- майонез, шпроты
- ақжелкен (петрушка)
Дайындау әдісі
- Барлық азықтарды бір өлшемде кесіп, турау.
- Нанның үстіне үйлесіміне қарай шұжық, ірімшік, қызанақ қойып, ағаш шпажкамен шаншып бекіту.
- Бутербродтарды ақжелкенмен сәндеп, ұсыну.
6-кезең: Капитандар сайысы — «Мені түсін»
Капитандар берілген сөздерді іс-қимыл арқылы түсіндіреді: тұз, оқтау, торт, банан, пышақ, елек, алма, сарымсақ, қазан, ожау.
7-кезең: Дастарханды безендіру
Оқушылар өздері дайындаған тағамдарды (кекс, салат, бутерброд) ыдыстарға салып, дастарханға әдемілеп орналастырады. Салфеткаларды түрлі тәсілмен бүктеп, сән береді.
Әр топ дастарханды өз қалауынша жабдықтап, ұсыну мәдениетін көрсетеді.
Сабақты бекіту және қорытынды
Кімдер білгір, кімдер ұшқыр — бәрін салыстырып көрдік. Әділ бағасын айтатын әділқазылар алқасына сөз беріледі.
Ұпайы жоғары топ марапаттау қағазымен марапатталады. Бүгін сендер білімдеріңді ортаға салып, тамаша өнер көрсеттіңдер.
Сайысқа қатысқан қыздарымызға және көрермендерімізге үлкен алғыс айтамыз. Соңында ән шырқайық: «Қазақы дастарқаным».