Морфология саласын зерттеу

Сабақтың тақырыбы

Абай әлемі — адамгершілік бесігі. (Лексика, фонетика, морфология тарауларынан өткенді қайталау)

Сабақтың мақсаты

  1. Қазақ тілін оқытудың төл технологиясы С.К.Т. арқылы фонетика, сөзжасам, морфология тараулары бойынша алған теориялық білімді жүйелеу.
  2. Оқушылардың тіл байлығын ауызша және жазбаша талдаулар арқылы дамыту; ойлау қабілеті мен сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.
  3. А. Құнанбаевтың өлең жолдары мен қарасөздерін негізге ала отырып, адамгершілік қасиеттерге баулу; ізеттілік пен жақсылықтың дәнін себу; сөз өнерінің қыр-сырын тануға жетелеу.

Сабақтың түрі

Қайталау сабағы.

Сабақтың әдістері

  • Сұрақ-жауап
  • С.К.Т. жасау

Сабақтың негізгі өзегі

Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі мен 36-қарасөзі арқылы адам бойындағы қасиеттерді талдау.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылармен сәлемдесу, түгендеу.
  • Мұғалімнің кіріспе сөзі:

    Қазақ тілім — өз тілім, ана тілім.

    Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.

    Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені,

    Болашағым, бақытым, дара тілім.

  • Топ атауларын қорғау:

    1-топ

    Болашақ

    2-топ

    Жас толқын

II. Үй тапсырмасын сұрау

Зымыран сұрақтар

Фонетика, морфология бойынша

  1. Фонетика нені зерттейді?
  2. Тіл дыбыстары нешеге бөлінеді?
  3. Дауысты дыбыстар тілдің қатысына қарай нешеге бөлінеді?
  4. Дауыссыз дыбыстар үн мен салдырдың қатынасына қарай нешеге бөлінеді?
  5. Морфология нені зерттейді?
  6. Қазақ тілінде неше сөз табы бар?
  7. Зат есім деген не? Қандай сұрақтарға жауап береді?
  8. Зат есімнің мағыналық түрлерін ата.
  9. Сын есім деген не? Қандай сұрақтарға жауап береді?
  10. Сын есімнің мағыналық түрлерін ата.

Абай шығармашылығы бойынша

  1. А. Құнанбаев қай жылдар аралығында өмір сүрген?
  2. Абай кім?
  3. Абайдың ақындығын дәлелдейтін қандай өлеңдерін білесіңдер?
  4. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін мәнерлеп оқы.
  5. Абай үлгі тұтқан бес жақсылықты ата.
  6. Абай атап көрсеткен бес жамандықты ата.
  7. Адамгершілік деген не?
  8. Адамгершілікке қандай қасиеттер жатады?

Адам бойындағы қасиеттер

Жақсы

  1. Талап
  2. Еңбекқорлық
  3. Терең ой
  4. Қанағат
  5. Рақым

Жаман

  1. Еріншектік
  2. Өтірік
  3. Өсек
  4. Мақтаншақтық
  5. Мал шашпақ (ысырапшылдық)

III. Жаңа сабақ

Бүгін біз А. Құнанбаевтың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіне ерекше тоқталдық. Енді өлеңнің тақырыбы аясында адам бойындағы қасиеттерді негізге алып, сөздер мен дыбыстарға С.К.Т. жасаймыз.

1-тапсырма. Фонетика

Қима-қағаздар арқылы фонетика тарауы бойынша талдау жүргізу. Өлең мен тақырыпқа қатысты сөздердегі дыбыстық ерекшеліктерді анықтау.

2-тапсырма. Морфология

Адамгершілік тақырыбын әрі қарай тереңдету үшін Абайдың 36-қарасөзін тыңдап, ондағы сөздердің мағынасын аша отырып, сөз құрамына және лексика-грамматикалық мағынасына С.К.Т. жасау.

«Ұят» сөзі бойынша

  1. «Ұят» сөзінің мағынасын ашу.
  2. «Ұят» сөзін құрамына және лексика-грамматикалық мағынасына қарай талдау.
  3. Аналитикалық (синтаксистік) тәсілмен жасалған сөзге С.К.Т. (біріккен сөз).

«Иман» сөзі бойынша

  1. «Иман» сөзінің мағынасын ашу.
  2. «Иманды» сөзін құрамына және лексика-грамматикалық мағынасына қарай талдау.
  3. Синтетикалық (морфологиялық) тәсілмен жасалған сөзге С.К.Т.

3-тапсырма. Кім жылдам?

Ұлағатты сөздерді талдап, негізгі ойды қысқа әрі нақты жеткізу.

Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас. Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол.

Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың.

Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалай аяқтағандығынан емес.

Кісі ақылымен бай болғанша, өз ақылыңмен жарлы бол.

Уақыт өлшемі

  • Өте жақсы: 2 минут
  • Жақсы: 3 минут
  • Орташа: 4 минут

4-тапсырма. Ой түйін

«Бүгінгі сабақта…» тақырыбымен әр оқушы бір сөйлемнен жазады: бүгін не үйрендік, не туралы білдік, қандай ой түйдік?

IV. Қорытынды

Абайдың мол мұрасы — өлеңдері мен қарасөздері — ұлтымыздың асыл құндылықтарын бойына жинаған өнеге мектебі. Сондықтан Абай даналығын тек сабақ үстінде ғана емес, күнделікті өмірде де бойымызға сіңіре білейік.

V. Бағалау

Бағалау парағы негізінде оқушылардың жауаптары мен тапсырма орындау сапасы сараланады.

VI. Үй тапсырмасы

Сын есімнің мағыналық түрлеріне С.К.Т. жасау: сапалық және қатыстық сын есімдер.