Мәре болған білімге, Мән көп ана тілінде

Тақырыптық іс-шара

Білімнің негізі — бастауыш

Білімнің сара жолы мектептен басталады. Ал білімге апарар алғашқы есікті ашатын кілт — бастауыш. Әріп танып, оқуға, санауға, есептеуге үйренетін, оқуға деген құштарлық оянатын ең қымбат кезең де — осы.

Мақсаты

  • Білім жолы мектептен басталатынын сезіндіру, білімнің кең дүниеге жол ашатынын ұғындыру.
  • Оқуға ынтаны арттыру, білімге құштарлықты күшейту, ізденіске баулу.
  • Бастауышта меңгерілген білімді тиянақтау, ойлау қабілетін дамыту.
  • Өзін-өзі басқаруға, ана тілін сүюге және қастерлеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Қанатты сөздер, шарлар.

Ашылу сөзі

Құрметті ұстаздар, оқушылар! Білімнің сара жолы мектептен басталады, ал білімнің алғаш есігін ашатын кілті — бастауыш екенін бәріміз білеміз. Ең алғаш әріп танып, оқуға, санауға, есептеуге үйреніп, білімге деген құмарлығымызды бастауыштан бастаймыз.

Бүгін біз 12–22 қараша аралығында өтетін «Білімнің іргетасы — бастауыш мектеп» атты бастауыш сынып әдістемелік бірлестігінің онкүндік іс-шарасын ашамыз.

Онкүндік іс-шаралар жоспары

12 қараша

«Білімнің негізі — бастауыш» апталықтың ашылуы

13 қараша

«Білім — жанған шырағың» интеллектуалдық ойын

14 қараша

«Мұғалімнің әдістемелік портфолиосы» семинар-сабақ

15 қараша

  • «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» ертеңгілік
  • «Баяндауыш» (қазақ тілі) ашық сабақ

16 қараша

«Білекті бірді, білімді мыңды жығар» пәндік олимпиада (қазақ тілі, математика)

18 қараша

  • «Дені сау ұрпақ — жарқын болашақ» спорттық жарыс
  • «О дыбысы және әрпі» (сауат ашу) ашық сабақ

19 қараша

«Менің зерттейтін әлемім» ғылыми жоба

20 қараша

«Мұражай — рухани мәдениет ошағы» дөңгелек үстел

21 қараша

«Өнерлінің өрісі кең» шығармашылық жұмыс, көрме

22 қараша

  • «Мектеп кітапханасы — білімнің қайнар көзі»
  • Қорытынды концерт

Шабыт сөзі

Ғылымның сырын ұғына,
Шығыңдар білім шыңына.
Ұқыптылық пен зеректік —
Жеткізер білім шыңына.
Бастауыштан қанаcың,
Білімнің нәрлі сырына.

Оқушылардың өлең-жырлары

1-оқушы

Бастауышым — бастамам,
Білім жолын бастаған.
Білім шыңы биікте,
Белді бу, жас данам.

Мектеп — кеме, білім — теңіз,
Барар жерге тез жетеміз.
Адаспаймыз ұлы жолда,
Ұстаз берген білім қолда.

2-оқушы

Бастадым білім нұрын бастауыштан,
Жаныммен сіңді сенің асыл киең.
Сарқылмас бастауысың ұлылықтың,
Бастауыш, саған мәңгі басымды ием.

3-оқушы

Әр жыл сайын қаруланып біліммен,
Бала шақтан болашаққа ұмтылған.
Жайнаттың үмітімді біліммен,
Бастауышым бізді алға бастаған.

Хор

«Балдырғандар әні»

Бастауыштың ұраны

Талпынып ғылымның шыңына,
Ұмтылып ұқсауға ұлыға.
Лапылдап, жаныңдар, талмаңдар,
Ғылымның ғажайып маржанын —
Алыңдар, іздеңдер, табыңдар.

4-оқушы

Әрқашанда білім көптік етпеген,
Талапсыз жан мұратына жетпеген.
Сәлем бердік өрендерге талапкер,
Дос көңілден — адал, аппақ ниетпен.

5-оқушы

Бастауышым — бал бұлағым,
Лаулап жансын шам-шырағың.
Өзің берген біліміңмен
Самғап ұшты тау қыраным.

6-оқушы

Бастауышым — бал бұлағым,
Алдым сенен балдың дәмін.
Әріп танып, білім алып,
Рахметімді жаудырамын.

7-оқушы

Кеудемнен сезім селi ақтарылсын,
Болармын күні ертең-ақ мақтанышың.
Білім алып, тер төгем, еңбек етем,
Өзіңнің сеніміңді ақтау үшін!

8-оқушы

Кітапты оқымайды сыйламаған,
Білім үшін жанын салып қинамаған.
Өсірген кімнің болсын ой-өрісін —
Сол кітап: бас ақылшым күнде маған.

Ән

«Мектебім»

9-оқушы

Білімнің қайнар бұлағы,
Өнердің жарық шырағы.
Тұрағы өзің, мектебім,
Шәкіртің — асыл қырағы.

10-оқушы

Алғаш рет өзіңнен
Білім алды балалар!
Оқу сырын өзіңнен
Біліп алды балалар.

11-оқушы

Жастың өсті санасы,
Елжірейді жүрегі.
Бастауышқа барған бала,
Алғыс айтып жүреді.

12-оқушы

Мынау менің кітабым,
Сырлас достай тұтамын.
Өлең айтып, қуанып,
Білім нәрін жұтамын.

13-оқушы

Кітап — білім бұлағы,
Білім — өмір шырағы.
Деген сөзді мен ұқтым:
Биікте ол тұрады.

14-оқушы

Қоссаңдар бірді екіге — үш болады,
Деуші едің: білімменен күш толады.
Алғыр бол, әдепті бол, сабырлы бол,
Ақылмен іс істесең — іс болады.

15-оқушы

Ақыл, сана, біліммен —
Өнеріме сенемін.
Арым таза, ақкөңіл —
Адалдыққа сенемін.
Абыройлы ақ ниет —
Адамдыққа сенемін.

16-оқушы

Еңбек етсең ертеңгі —
Бақытыма сенемін.
Мақсатыма жеткізер —
Бақытыма сенемін.
Достық іспен қастықты да
Жеңеріме сенемін.

17-оқушы

Арманым болып аңсаған,
Мәңгілік қалдың мекендеп.
Өзіңе арнап ән салам,
Ардақтап сені өтем деп.

18-оқушы

Нәріңді беріп құрғатпай,
Сусаған шөлді қандырған.
Сәулеңді шашып жүрекке,
Жанымның отын жандырдың.

19-оқушы

Нағыз білім — ырыс, бақ,
Дүниені нық ұстап.
Енді біздер сабаққа
Кірісеміз дұрыстап.

20-оқушы

Білім — аққан сел дейді,
Бірақ оңай келмейді.
Ала білсең — білім көп,
Ақыл-ойға кен дейді.

21-оқушы

Мәре болған білімге
Мән көп ана тілінде.
Сөз беремін алдымен —
Сүйкімді біздің тілімізге.

Қорытынды ой

Балалар, ата-аналарың сендердің сапалы білім алуларың үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Сондықтан ел алдындағы да, аға ұрпақ алдындағы да жауапкершілікті ұмытпайық. Ерінбей, жалықпай білім алайық. Ел болашағы — сендердің қолдарыңда.