Наурызды қалай түсінесің
Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні!
Наурыз мерекесіне арналған ертеңгілік сценарийі
Мақсаты: балалардың Наурыз мерекесі туралы білгенін тереңдету, мерекедегі ұлағатты салт-дәстүрді дәріптеу және құрметтеуге тәрбиелеу.
Жүргізушінің құттықтауы
Ассалаумағалейкүм, ағайын! Ынтымақ пен ырыстың басы — әз Наурыз құтты болсын!
Ұлағатты ұстаздар, ардақты ата-аналар, құрметті қонақтар, бүгінгі күн — біз үшін дүбірлі күн! Ұлыстың ұлы күні Наурыз баршамызға бақ-берекесімен келсін!
Бұл — араздасқан ағайын татуласатын, табысатын күн. Барша түркі халықтары бір-бірімен амандасып, қауышатын күн. Дәл осы күні біз де сіздермен Қашар ауылында Наурыз мерекесінің дастарханында қауышып отырмыз!
Қатысушылар мен көрініс
- Ортада қазақы оюлы көрпешенің үстіне әр топтан 2 анадан отырады.
- Ата-аналар мен жүргізуші ұлттық киіммен шығады.
- Ән: «Наурыз — думан». Ортаға «Балапан» тобының бүлдіршіндері шақырылады.
Үш ауыл, үш топ
Наурыз тойын тойлауға біз үш ауыл болып жиналдық. Үш топ: «Бәйшешек», «Қызғалдақ», «Түймедақ». Ендеше, әр топтың Наурыз тойына арнаған құттықтауларын тыңдайық.
1
Наурыз тойы — тамаша,
Наурыз тойы — жаңаша.
Табиғат та тамаша,
Тамылжып тұр жараса.
2
Жылдың басы — Наурыз,
Жердің басы — Наурыз.
Мерекеге арналсын
Бүгінгі жыр-әніміз.
3
Жыл басы — Наурыз мереке,
Ақ нұрға әлем боялды.
Наурыз тойы — береке,
Тіршілік жаңа оянды.
4
Күн мейрамы ежелден,
Құтты болсын Наурыз!
Наурыз — береке,
Құтты болсын мереке!
5
Жарасып, жаңғырып
Құлпырды жер мен көк.
Әр жүректен ән тарап,
Шаттанады шартарап.
6
Наурыз тойым, Наурыз тойым,
Құтты болсын, халайық!
Қане, достар, қане, достар,
Шырқап әнге салайық.
7
Уа, ағайын, халайық,
Мұнда назар салайық!
Мерекесі халықтың —
Наурыз тойын бастайық!
8
Наурыз келді еліме,
Наурыз келді жеріме.
Байлық, бақыт тілеймін
Бүкіл қазақ еліне!
9
Келді, келді Наурыз айы —
Ән салайық бәріміз.
Келді, келді Наурыз айы —
Би билейік бәріміз!
10
Бұл — мұсылман жаңа жылы,
Қуануда даламыз.
Бұл — мұсылман жаңа жылы,
Шырқап әнге саламыз!
Сұрақ-жауап бөлімі
1-топ
Наурызды қалай түсінесің?
Күтілетін жауап: Наурыз — жаңа күн, жыл басы, Ұлыстың ұлы күні; халыққа молшылық тілеу; өкпе-назды ұмыту.
Наурыз көже неден жасалады?
Күтілетін жауап: ет, сүт, тұз, кеспе және басқа да дәмдер.
2-топ
Ұлттық киімдерді ата.
Күтілетін жауап: камзол, мәсі, тақия, көкірекше, сәукеле, шапан, кимешек және т.б.
Ұлттық ойындарды білесіңдер ме?
Күтілетін жауап: сақина салу, арқан тарту, асық ойнау, бәйге, ақсүйек, аударыспақ, орамал тастау, қазақша күрес, қыз қуу және т.б.
3-топ
Қазақ халқына тән тойларды ата.
Күтілетін жауап: бесік тойы, сүндет тойы, тіл ашар, беташар, қыз ұзату, үйлену тойы және т.б.
Наурыз қай мезгілде келеді және қандай ерекшеліктері бар?
Күтілетін жауап: көктемде; күн жылынады, жаңбыр жауады; Наурыз тойы тойланады; күн мен түн теңеледі.
Енді әр ауылдан келген қыздарымызды биге шақырайық! Би: «Қамажай»
Ұлттық ойындар
-
Ойын: «Тақия алу»
Шапшаңдық пен ептілікті шыңдайтын көңілді ойын.
-
Ойын: «Сақина салу»
Ата-аналармен бірге ойналады.
-
Ойын: «Арқан тарту»
Бірлік пен командалық рухты күшейтеді.
Сөзжұмбақ
Жүргізуші сөзжұмбақты ата-аналар мен балаларға жасырады. Соңында дұрыс жауаптар көрсетіліп, тексеріледі.
Сұрақтар
- Наурыз көжені немен ішесің?
- Наурыз айында, осы мерекеге дейін қандай мерекені тойладық?
- Әр мерекені немен безендіреміз?
- Әжемнің орамалының түсі қандай?
- Балабақшаға кімдер барады?
Жауаптар
- Қасық
- Аналар
- Шар
- Ақ
- Балалар
Жалпы би: «Қара жорға»
Қорытынды
Осымен Наурыз мерекесіне арналған ертеңгілігіміз аяқталды. Ендеше, «Балапан» тобымен бірге Наурыз көжеден дәм татайық.