Қанатты тіл
Кіріспе
Нағыз дарын өз заманының шындығын шығармасының арқауына айналдырып, халық жүрегіне ұялата алса, ол мұра мәңгі жасайды. Халық сеніміне ие болу — өткенді көрсете отырып, болашаққа сыр шертіп, келешектің жарқын сәулесімен нұрландыра түсу — сирек бақыт. Мұны Мұқағали Мақатаев поэзиясынан анық тануға болады.
Ақын шығармаларындағы диалог сөздер өмір шындығын ашуға, көркем құндылықты айқындауға және оқырман санасында жаңа көзқарас қалыптастыруға қызмет етеді. Диалогтың ұтымды қолданылуы — қаламгер шеберлігінің айқын белгісі.
Өзектілігі
Кейіпкер бейнесі, мінезі, ішкі сезімі мен ар-намысы көбіне тілдесу арқылы терең ашылады. Диалог әдеби тілдің байып, жетілуіне де ықпал етеді.
Ғылыми жаңалығы
Мұқағали шығармашылығындағы диалог сөздер арнайы нысан ретінде бұрын дербес зерттелмеген. Бұл жұмыс диалогтың қызметін жүйелі түрде талдауға бағытталды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері
Зерттеудің басты мақсаты — М. Мақатаев шығармаларындағы көркемдік жүйені талдай отырып, диалог сөздердің қолданылу ерекшелігіне терең үңілу және нақты мысалдар арқылы Мұқағали поэзиясын ғылыми саралау.
Негізгі міндеттер
- Диалог сөздердің ақын поэзиясының құндылығы мен шынайылығын арттырудағы рөлін ғылыми тұрғыдан дәйектеу және әдеби тіліміздің жетілуіне қосқан үлесін саралау.
- Мұқағали поэзиясының қуат-күшіне сыйып тұрған көркем жұмбақтарға жетелейтін тілдік тетіктерді анықтау.
- Өмір шындығының көркем шындыққа ұласуында диалогтың адам бейнесін ашудағы шеберлік қызметін талдау.
Зерттеу нысаны
Негізгі материал ретінде М. Мақатаевтың өлеңдері, толғаулары мен поэмалары алынды.
Күтілетін нәтиже
Тақырып бойынша іздеу, табу, синтездеу, талдау, зерттеу сияқты әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы білім сапасын арттыру, саналы тәрбие алу және шешендік дағдыны дамыту.
Диалогтың көркемдік қызметі: мысалдар арқылы талдау
Мұқағали шығармаларын оқи отырып, диалогтың сан алуан түрін кездестіруге болады. Ақын диалог арқылы кейіпкер мінезін даралайды, жағдайдың мән-жайын ширатып, эмоциялық әсерді күшейтеді.
1) Таныстыруға құрылған диалог («Менің анкетам»)
— Туған жерің? — Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың.
— Туған жылың? — 1931. Құрдасымын Шәмілдің.
— Жынысың кім? — Еркекпін ғой, еркекпін! Және-дағы тәуірмін!
Бұл үлгіде өмірбаяндық дерек сұрақ-жауаппен беріледі. Екінші дауыс поэтикалық ырғақты жеделдетіп, мәтіннің өңін кіргізеді.
2) Амандасу және жөн сұрасу диалогы («Райымбек, Райымбек!»)
— Армысың, ата! — Бар бол, балам, аман ба?
— Жолыңыз болсын? — Жолдың несін сұрайсың мына соқыр заманда.
Қайда барсаң, Қорқыт көрі қазулы тұр адамға...
Мұнда «ата», «балам» қаратпа сөздері жақындықты аңғартады. «Жолыңыз болсын?» тіркесі тілек емес, қазақы жөн сұрасудың қалыптасқан үлгісі ретінде қолданылған («Қайда барасың?» демей, «Жол болсын?» деу).
3) Мінездеу және ой ауқымын ашатын диалог
— Нешедесің? Кімнің сен тұқымысың, құлыным?
— Хангелдіден тараған бір тұғырдың ұлымын.
— Осыншама ақылды кімнен, балам, үйрендің?
— Ішіндегі шалдардан, анау қараша үйлердің.
Сұрақ-жауаптың көмегімен кейіпкер тегі, танымы, мақсаты айқындалады; Райымбек тұлғасын ашуда диалог оқиғаға серпін береді.
4) Сезім диалогы: шынайы сүйіспеншілік
— Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?
— Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
— Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?
— Күл боп бірге соңынан кетер едім.
— Бұлдырасам сағымдай, не етер едің?
— Жел боп қуып, ақыры жетер едім.
— Қайғы әкелсем басыңа, не етер едің?
— Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін...
Бұл диалог қыз бен жігіт айтысына ұқсас өріліп, жігіттің қайсарлығын, қыздың нәзік еркелігін қатар танытады. Ең бастысы — шын сүйген, сенген адамға кедергі жоқ деген ой эмоциялық қуатпен беріледі.
5) Реніш пен таңданыс диалогы («Адасқандар»)
— Біздер әлі тіріміз бе, ей? — Тіріміз.
Жөнсіз босқа қырта бермей жүріңіз!
— Мені ұнатпай келесің-ақ, бастауышым,
Түсінбеймін, не болады күніміз?
— Не болушы еді, қорқатұғын несі бар?
Өле кетсек, өлгендердің біріміз!...
Қорықпаңыз, біз әзірге тіріміз...
«Қырта» — ауызекі тілге тән сөз. Осы тұста ол кейіпкердің күйзелісті, іштей тітіркенген қалпын дәл береді де, диалогтың табиғи үнін күшейтеді.
6) Өтініш пен тілек реңкі («Болашақтан болашаққа» поэмасы, «Намыс пен Муза»)
— Тентек, сен отыр, атыңды тұса, аттанба,
Тас жуа теріп келейін ана шатқалдан.
— Дем алсаң нетті, несіне сонша желіктің...
— Тентегім менің, түсінесің бе, жерікпін.
7) Тартыс диалогы: ашу-ыза, қарғысқа дейінгі өрлеу («Райымбек, Райымбек!»)
— Қарадай жерге қаратып кетті-ау қағынды,
Уатып кетті-ау, уатып кетті-ау тауымды!
— Қарадай неге түңіле қалдың, байғұс-ау,
Басыңда үйің, бауырыңда қазан, не қылды?
— Не қылушы еді! Күшігің жерге қаратты!
Күлкі етіп мені күшігендерге талатты...
— Түңіле бермей, туралап айтшы мән-жайды,
Білейін мен де, естиейін мен де, аңдайын.
— Білесің әлі, атаңның басын аңдайсың,
Ұл емес маған жын таптың десем нанбайсың.
Ер орнына екесі ұлды туғанша,
Белгілі неге бедеу боп, қубас қалмайсың?
Диалогтың қызу динамикасы әкенің көңіл құлазуының реніштен ашуға, ызадан қарғысқа дейін өрлеуін көрсетеді. «Жерге қарату», «күшігендерге талату», «тауы шағылу» сияқты фразеологизмдер эмоциялық салмақты күшейтеді.
8) Әке мен бала диалогы: ұрпақ санасы және намыс («Айбармен әңгіме»)
Айбар келіп састырды кеше мені:
— Әке, соғыс жылы нешеде едің?
— Он жастамын.
— Неге сен соғыспадың, қорғаспaдың?
Батыр ғой он жастағы жолдастарың...
Онда мен де он жаста едім, он жаста едім,
Өзімді өзім қорғадым. Қорғасты елім.
Өзін өзі он жастар қорғамаса,
Сен сияқты Айбарлар болмас та еді,
Намысыма тимегін, жолдас менің.
Әке сөзінде ішкі бітім, ой, намыс, өмірлік тәжірибе тұтас көрінеді. Диалог кейіпкерді бір мезетте әрі даралап, әрі тереңдетеді.
Диалог түрлері (жинақтау)
- таныстыру
- амандасу
- жөн сұрау
- өтініш
- тілек
- мінездеу
- көңіл-күй
- тартыс
Өлең жолында осындай диалог түрлерін табиғи әрі ырғақты жасау — ақын шеберлігінің бір қыры. Мұқағали диалогтары кедір-бұдырға ұрынбай, өлеңнің өзімен тұтасып, «қамшының өріміндей» шымыр келеді.
Қорытынды
Мұқағали мұрасы — ұлттық қазынаға қосылған асыл байлық. Қысқа ғұмырында ол әдебиет игілігіне мол дүние қалдырды. Ақын өмір шындығын көркем түйіндеп, тарихи-қоғамдық болмысты құр баяндап қана қоймай, оқырманға ләззат сыйларлық деңгейде жеткізе білді.
Шығармаларының тақырып ауқымының кеңдігі, идеялық мақсатының тереңдігі, ұлттық психология мен ұлттық болмысты бейнелеудегі шеберлік — диалог құруда ерекше байқалады. Ақын халқынан алды, халқына бере білді. Ендігі міндет — оның «Сыр сандығын» ақтарып, өсу мен өркендеудің ұлағатты үрдісіне сай пайдалану. Мұқағали мұрасына берілген баға әлі де толық емес: алда ашылар құнды дүниелер аз емес.
Мұқағалиды дәріптеу — қазақ әдебиетін, күллі ұлттық өнерді және құндылықтарды санамызда сақтау мен қадіріне жетудің маңызды бір жолы.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Х. Кәрімов. Қанатты тіл.
- К. Еңсебаева. Қазіргі көркем әдебиеттегі кейіпкер тілінің стильдік қызметі. Филология ғылымдарының кандидаты диссертациясы. Алматы, 1995.
- М. Мақатаев. Өлеңдер жинағы.
Аннотация
Зерттеу жұмысының басты мақсаты — М. Мақатаев шығармаларындағы көркемдік жүйені талдай отырып, диалог сөздердің қолданылу ерекшелігіне терең үңілу. Нақты мысалдар арқылы Мұқағали поэзиясын ғылыми саралау көзделді.
- Диалогтың поэзия құндылығы мен шынайылығын арттырудағы орнын дәйектеу және әдеби тілді байытуға қосқан үлесін саралау.
- Өмір шындығының көркем шындыққа ұласуында адам бейнесін ашып көрсетудегі диалог шеберлігін талдау.
Мұқағали шығармашылығындағы диалог сөздер арнайы зерттеу нысаны ретінде бұрын кең көлемде қарастырылмаған. Осы жұмыстың жаңалығы — тақырыптың мәнділігі мен көкейкестілігін нақты мәтіндік талдаумен айқындауында.