Мамандық таңдау - болашағыңды айқындаудың өлшемі
Мамандық таңдау мәселелері: дөңгелек үстел
Мамандық таңдау — ертеңді ойлау, өз болашағыңды саналы түрде айқындау. Бұл тақырыптағы дөңгелек үстелдің өзегі — оқушының өзін тануы, қызығуы мен қабілетін дұрыс бағалауы, алға қойған мақсатына табандылықпен жетуі.
Мақсаты
- Білім шыңына ұмтылу үшін қандай қасиеттер қажет екенін талқылау, ой бөлісу.
- Жеке тұлғалық сапаларды дамытып, кәсіптік бағдар беру арқылы өзін-өзі тану аясын кеңейту.
- Терең білім алуға жетелейтін үздіксіз еңбек пен еңбекқорлыққа тәрбиелеу.
Кіріспе ойлар
Негізгі ұстаным: «Сен де бір кірпіш дүниеге — кетігін тап та, бар қалан».
Өз орныңды табу — өзіңе де, қоғамға да пайдаңды тигізетін бағытты дәл анықтау деген сөз.
- «Қандай мамандық иесі бола аламын?» атты шағын тренинг.
- «Кім болам?» сұрақтары арқылы мақсат пен қызығуды нақтылау.
- Мамандықтың табыс көзі ғана емес, өмірлік мұрат екені туралы талқылау.
Мамандық топтары
Мамандықтар әртүрлі ортаға, қабілетке және қызмет сипатына қарай топтастырылады. Бұл жіктеу өзіңе жақын бағытты табуға көмектеседі.
Адам – адам
Педагог, дәрігер, психолог және т.б.
Адам – табиғат
Агроном, бағбан, диқан және т.б.
Адам – техника
Ұшқыш, жүргізуші, тігінші және т.б.
Адам – жануар
Ветеринар, атбегі, шопан және т.б.
Адам – белгілік жүйе
Программист, оператор және т.б.
Адам – өнер
Актер, суретші, сазгер және т.б.
Адам – зерттеушілік
Ғылыми ізденіс пен талдауға бағытталған мамандықтар.
Адам – экономика
Басқару, қаржы, талдау, жоспарлау салалары.
Адам – саясат
Қоғамдық басқару, құқық, азаматтық бастамалар.
«Мамандық» дегеніміз не?
Профессия — «мамандық» дегенді білдіреді. Мамандық — өмір сүру көзі болып табылатын әрі белгілі бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметі.
Біреулер үшін мамандық — арманның орындалуы немесе отбасы дәстүрін жалғастыру; енді біреулер үшін — жаңалыққа ұмтылу мен дербестік; ал кейбірі үшін — «әйтеуір бір мамандық алу керек» деген қажеттілік. Қалай болғанда да, мамандық таңдау — тағдырыңды таңдау.
Өзіңе қоятын сұрақтар
- Мен кіммін?
- Осы өмірдегі менің орным қандай?
- Қалай өмір сүргім келеді?
Негізгі өлшемдер
Мамандық таңдауда қызығушылыққа, қабілетке, бейімділікке және жеке қалауына сүйенген дұрыс. Сонымен бірге еңбек нарығындағы сұраныс та маңызды фактор.
Сұранысы тұрақты және өзекті салалар
Сұранысы тұрақты мамандықтарға дәрігер, мұғалім, құрылысшы секілді салалар жатады. Өзекті бағыттар қатарына жоғары технология, байланыс, коммуникация, экономиканы басқару және еңбек нарығында пайда болған жаңа кәсіптер кіреді.
Мамандық түрі көп, таңдау оңай емес. Ең бастысы — еңбекке қабілеттілік, зейін, табандылық және өз ісіне сенім. Дұрыс таңдау жасаған адам ғана тұрақты жетістікке жақындайды.
Талқылау бөлімдері мен тапсырмалар
1) «Білеміз бе?» зерттеу тапсырмасы
Қандай мамандықтарды білетінімізді, естігенімізді және көргенімізді үш бағытта жинақтап жазамыз, мысалмен дәлелдейміз:
- Қазіргі уақытта жойылып кеткен мамандықтар
- ХХ ғасырда пайда болған мамандықтар
- Соңғы 10 жылда пайда болған мамандықтар
2) Пікірталас: қай тұжырыммен келіспейсің?
Әр оқушы келіспейтін тұжырымдарын таңдап, дәлел келтіреді.
Мамандық бір-ақ рет, біржола таңдалады.
Мамандық таңдау қалтаның қалың болуына байланысты.
Отбасы мен достың ақылына сүйеніп мамандық таңдауға болады.
Қартайғанда да мамандық таңдауға болады.
Жақсы білім алу үшін қымбат оқу орнына түсу керек.
Ақша болса, мамандық қажет емес.
Мамандық таңдауда психологтың көмегі қажет.
Басты өлшем — қызығу мен қоғамдық сұраныстың сәйкестігі.
Таңдайтын мамандығымды ақшам анықтайды.
Мамандық таңдау — тек күнкөріс қамы.
3) Оқушыларға арналған сұрақтар
- 1. Мамандық таңдауда ең бастысы не: қабілет пе, дарын ба, әлде қоғамдағы бедел ме?
- 2. Ауыл экономикасын көтеру үшін ауылға ең алдымен қандай мамандықтар қажет?
- 3. Белгілі бір кәсіп иесі болу үшін міндетті түрде жоғары білім керек пе?
- 4. Бақытты болу, тоқшылықта өмір сүру үшін адам не істеуі керек?
- 5. Еңбек нарығындағы бәсеке туралы не білесің? Таңдаған мамандығың бәсекеге төтеп бере ала ма?
- 6. Өмірде өз орныңды табу үшін жаныңа жақын кәсіпті меңгеру қаншалық маңызды?
- 7. Мамандық таңдағанда нені басшылыққа алу керек?
- 8. Жақсы маман болу үшін адам нені білуі және қандай дағдыларды үйренуі керек?
- 9. Сен қандай маман болуды армандайсың?
- 10. Белгілі бір мамандыққа қашан және қалай дайындалған дұрыс?
- 11. Бірнеше мамандықты меңгерсе, адамның өмірі қалай өзгеруі мүмкін?
- 12. Адам қай уақытта өз еңбегінің жемісін көреді?
Ойындар мен белсенді әдістер
«Бір-бірімізді жақсы тани аламыз ба?»
Қатысушылар ақ қағаздан ұшақ жасап, оған бір-біріне арнаған тілек пен арманын жазады. Ұшақтар бір бұрышқа қарай ұшырылады. Әр топтан бір оқушы шығып, авторын табуға тырысады.
«Мамандықты тап» сергіту сәті
Жұмбақтардың жауабын табамыз, жауап сурет арқылы да көрсетіледі.
Жұмбақ
Үлгілерге қараймын, үй іргесін қараймын. Өрнектерді оямын, терезесін қоямын.
Жауап: Құрылысшы
Жұмбақ
Елде сақтап амандық, емдеп жұртты аман қып. Қуантады қашан да, мамандық...
Жауап: Дәрігер
Жұмбақ
Өндіріске көптеген өрісі мол ток берген. ГРЭС, ГЭС-тер жұмысын мен арқылы өткерген.
Жауап: Инженер
Жұмбақ
Ізгілік үшін бар ғұмырын арнап, ойлаумен жүр басқалардың қамын.
Жауап: Полиция қызметкері
Жұмбақ
Елім деп соғады жүрегім, Ұлы Отанның түлегі. Ол ел қорғаны, тыным таппай жүреді.
Жауап: Сақшы
Жұмбақ
Жақсылық хабар әкеліп, алыс-жақын туыстан қуантып келеді.
Жауап: Пошташы
Жұмбақ
Оқу-білім арнасы, кім ол — оның анасы. Дамытады ол адамның ақыл-ойын, санасын.
Жауап: Ұстаз
Жағдаяттық сұрақтар
- 1. Сен ұнатқан мамандықты таңдадың, бірақ ата-анаң қарсы. Не істер едің?
- 2. Ата-анаң саған мамандық таңдады, бірақ саған ұнамады. Қарсы боласың ба? Неге?
- 3. Өзің үшін қандай қорытынды жасадың? Ойландыратын жағдай болды ма? Болса, қандай қадам жасар едің?
«Ең жақсы мамандық» ойыны
Командалар ұсынылған сипаттамаларға сәйкес келетін мамандықтарды атап, таңдауларын негіздейді:
Қорытынды: болашақты айқындау
Мамандық таңдау — болашағыңды айқындау. Ол үшін алдымен нақты мақсат қоя білу керек. Мақсатқа жету міндеттер арқылы орындалады: білімді тереңдету, дағды қалыптастыру, тәжірибе жинау, өз мүмкіндігіңді дұрыс бағалау.
Дөңгелек үстелден кейін әр оқушы таңдаған мамандығы туралы слайд дайындап, қорғайды. Бұл қадам ойды жүйелеуге, дәлелдеуге және өз ұстанымын қалыптастыруға көмектеседі.
Оқушылар пікірталқысы
- Алдыңа қойған мақсатың бар ма?
- Оған жету үшін қандай қадам жасайсың?
- Осы кездесуден қандай ой түйдің?
- Дұрыс таңдауда қандай қателіктер болуы мүмкін?
Маңызды ескерту
Мамандық таңдаудағы салғырттық пен немқұрайдылық — кешірілмейтін қателік. Бұл — өз болашағыңа жауапкершіліксіз қарау. Сондықтан шешім қабылдарда асықпай, жан-жақты ойланған жөн.
Рефлексия: «Тілектер ағашы»
Сабақтың түйіні ретінде алма мен жапырақ стикерлеріне алған әсеріңді, болашақ жоспарларыңды, алға қойған мақсаттарыңды және бір-біріңе тілектеріңді жазып, «тілектер ағашына» ілесіңдер.
Мұғалімнің қорытынды сөзі
Жарқын болашақтың кепілі — жаныңа жақын кәсіп таңдау. Қарқынды дамып келе жатқан өзгермелі қоғамда икемді, өзін-өзі жүзеге асыруға дайын, бәсекеге қабілетті тұлға болу талап етіледі. Сондықтан бүгіннен бастап өзіңді және бір-біріңді танып, қабілет пен икемділігіңді дамыт. Соған сай болашақ мамандығыңды таңда.
Ел сеніміне кіретін абыройлы маман иесі боламын десең — білім алуға барлық күш-жігеріңді жұмса. Егемен еліміздің ертеңі — сендер, болашақ мамандар.
Ешпанова Лиза Шынәліқызы
Қызылорда қаласы, Қалтай Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназиясының технология пәні мұғалімі