Бірыңғай мүшелерді тауып, астын сызу

Сабақ туралы

Тақырыбы

Бірыңғай мүшелер

Сабақтың түрі

Қайталау сабағы

Мақсаты

  • Оқушылардың бірыңғай мүшелер туралы білімін пысықтау және тиянақтау.
  • Сын тұрғысынан ойлауына ықпал ету, шығармашылық қабілетін дамыту.
  • Ауызша және жазбаша тілін, сөздік қорын, байланыстырып сөйлеу дағдысын жетілдіру.

Пәнаралық байланыс

Дүниетану, бейнелеу өнері

Көрнекілігі

Тірек сызбалар, сөзжұмбақ, кесте

Әдістері

Сұрақ-жауап, шығармашылық жұмыс, өз бетінше жұмыс

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру

Сәлемдесу, сыныптың дайындығын тексеру, сабақ мақсатын нақтылау.

2) Үй тапсырмасын тексеру

181-жаттығу: бірыңғай мүшелерді тауып, соңғы сөзіндегі жалғауға назар аудару.

3) «Ғажайып тоғыздық» ойыны

Өткен тақырыптарды жүйелеуге арналған сұрақтар:

  1. 5: Сөз таптарын ата.
  2. 10: Зат есім дегеніміз не? Қандай сұрақтарға жауап береді?
  3. 15: Түбір сөз дегеніміз не?
  4. 20: Қосымша дегеніміз не? Қосымшалар нешеге бөлінеді?
  5. 25: Жалқы есім дегеніміз не?
  6. 30: Болымсыз етістік қалай жасалады?
  7. 35: Сөйлемнің дара мүшесі дегеніміз не?
  8. 40: Сөйлемнің бірыңғай мүшелері дегеніміз не?
  9. 45: Сөйлемдегі бірыңғай мүшелердің арасына қандай тыныс белгісі қойылады?

4) Ой қозғау

183-жаттығу.

Тақтамен жұмыс: мәтінді оқып, бірыңғай мүшелерді тауып, астын сызу.

Бекежан ауылдан келген немере інісі Сапарды хайуанаттар бағына алып барды. Сапар неше түрлі аңдар мен құстарды көріп, қайран қалды. Оған, әсіресе, түйеқұс, қолтырауын, піл, маймылдар қатты әсер етті. Өзендер мен көлдер — елдің, жердің берекесі.

  • Бірыңғай мүшелерді тауып, астын сызу.
  • Соңғы бірыңғай мүшедегі жалғауды қалған мүшелерге жалғап көру.
  • Әр бірыңғай мүшені өзі қатысты сөйлем мүшесімен жеке-жеке байланыстырып оқу.

5) Ережені қорыту

Мағыналық белгісі

Барлығы бір ғана сұраққа жауап береді.

Қызметі

Сөйлемде бір ғана мүшенің қызметін атқарады.

Тұлғалық белгісі

Көбіне бір сөз табынан болады.

Қорытынды: қосымшалар бірыңғай мүшелердің әрқайсысына да, не тек соңғы сөзіне ғана жалғануы мүмкін.

6) Шығармашылық жұмыс

Сөзжұмбақ: ортадағы топтау сөз — «ағаштар».

  • Бос торкөздерге жеке ағаш және құс атауларын жазып, толтыру.
  • Осы сөздерді қатыстырып бірнеше сөйлем құрау.
  • Сөйлемдерден қысқаша мәтін құрастыру.
  • Әр сөйлемдегі бірыңғай мүшелердің астын сызу.

7) Бекіту

185-жаттығу: мәтінді түсініп оқып, сөз тіркесінен жасалған бірыңғай мүшелерді табу.

Сондай да бір кездер болған. Үш жүзден астам түйесі бар керуен иен далаға, құмайт далаға іліккен. Көш басшысы — орта бойлы, сұлу мұртты, шымыр денелі, былғары күртешелі, басына елтірі тымақ киген Әліби Жангелдин. Сейтек оның сөйлеген сөзіне, әскери мінезіне қызығады. Жұрттан естуі: бұл кісі сонау Торғай жақтағы Амангелді батырға, оның сарбаздарына қару-жарақ, оқ-дәрі апара жатыр.

Тірек сөздер: керуен, құмайт.

8) Қорытынды (тест)

  1. Сөйлемде бір сұраққа жауап беріп, бірдей тұлғада айтылған сөздер қалай аталады?

    A) Сөйлемнің бірыңғай мүшелері
    Ә) Сөйлемнің дара мүшесі
    Б) Сөз таптары
  2. Сөйлемдегі бірыңғай мүшелердің арасына қандай тыныс белгісі қойылады?

    A) Нүкте
    Ә) Сызықша
    Б) Үтір
  3. Дұрыс жазылған бірыңғай мүшені тап.

    A) Саматпен Қанат
    Ә) Кітап қағаз
    Б) Кітап, дәптер

Бағалау

Оқушылардың жауаптары мен жұмыстарына қарай бағалау жүргізіледі.

Үй тапсырмасы

Келесі сабаққа бірыңғай мүшелерге қатысты тапсырмаларға дайындалып келу.