Түбінде Мұхтардың мұхтарлығы дәл осы далаға деген сағынышта жататын шығар
Даланы сағыну
Автор: Зейнолла Қабдолов
Қызуы азайған дала күні қала жақта көлденең сұлап жатқан көксұр белге төніп, аспанның арғы шалғайына өрт жібергендей, батыс көкжиек әлдебір оқыс лап еткен алкүрең шұғыламен арайланады.
Жайлауда ауыл-ауыл болып жағалай қонған, Көктөбенің іргесін көмкере ойдым-ойдым қотандасып тігілген ақбоз үйлер; үйден үйге кіріп қарбаласқан, ауылдан ауылға бара жатқан үлкенді-кішілі әйел-еркектер, қыз-келіншектер; ауыл сыртына алтыбақан орнатып, әлпеншек тепкен, ән салып, күй тартқан, мың бұралып би билеген көңілді жастар; одан әрі сонау сарқырама бұлақ бойында, мынау көк айдын, қоғалы көл жағасында ат ойнатқан, ит жүгіртіп, құс салған шабандоз сері жігіттер; бәрінен аулақ ошарылып, бірақ жайлау шетін тегіс басқан, түгел жапқан қара-құрым мал, ауыл адамдарының әніне үн қоса жамыраған жас төл: боздаған бота, маңыраған қозы, кісінеген құлын...
Бәрін ертегідей мұнарта кіреукелеген торғын шымылдық тәрізді жұқа қызғылт нұр...
Осынау жан тебірентер әсем көрініске қыр үстінен қызыға, сүйсіне қараған Мұхтар ойдағы жайлау көркінен көпке дейін көз ала алмады. Көңілі көтеріңкі. Ойы өрбіп, қиялы сергіп, алысқа алып қашқандай.
Сондықтан Мұхтар бүгінде қалада жүріп даланы сағынады. Түбінде Мұхтардың мұхтарлығы дәл осы далаға деген сағынышта жататын шығар. «Отан отбасынан басталады» дегендей, Мұхтардың отбасы да осы далада, демек отаны да осы дала.
Тірі адам жыл өткен сайын ілгерілейді, өседі десек, Мұхтарды ілгерілететін, өсіретін де — осы далаға деген сағыныш болса керек. Даласын сағынып өсіп келеді Мұхтар...
Сабақ барысы
-
1) Ұйымдастыру кезеңіОқушылармен амандасу, түгелдеу, зейінді шоғырландыру. Тақтаға бүгінгі күнді жазу.
-
2) Диктантты орындауМәтін бір рет оқылады. Оқушылар тыңдап отырып, тыныс белгілерін дұрыс қояды және сауатты жазады.
Үй тапсырмасы
Қайталау.
Ескерту: Диктант кезінде сөйлем құрылымына, тыныс белгілеріне және сөздердің дұрыс жазылуына ерекше мән беріңіз.