Оқушылардың сөзінен хабар сөзіне түсінік беру

Сабақтың тақырыбы

Әліппе: Х х дыбысы мен әрпі

Білімділік

  • Хх дыбысы мен әрпін таныстыру.
  • Х әрпі бар сөздерді дұрыс оқуға және сауатты жазуға үйрету.
  • Кітап туралы ойларын, хат тасушы мамандығы жайлы түсініктерін кеңейту.

Дамытушылық

  • Ой-өрісін кеңейту.
  • Тіл байлығын арттыру.
  • Тапқырлық қабілетін дамыту.

Тәрбиелік

  • Кітапты күтіп ұстауға баулу.
  • Кітапханашы мен пошташы еңбегін бағалауға тәрбиелеу.

Сабақтың сипаттамасы

Ұйымдастыру

Сабақтың типі
Жаңа сабақ
Сабақ түрі
Дамытпалы
Сабақ әдістері
Сұрақ-жауап, жеке, жұптық, ұжымдық жұмыс, талдау-жинақтау

Қосымша мәлімет

Пәнаралық байланыс
Дүниетану, математика, өмірмен байланыс
Көрнекіліктер
Теледидар, компьютер, суреттер, кеспе әріптер

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түгендеу.
  • Сабаққа назарын аудару.

II. Үй тапсырмасын тексеру

Сабақты қайталаудан бастаймыз. Ол үшін «үйдің тұрғындарын» атап өтеміз: Я және Ю.

Талқылау сұрақтары

  • Бұл дыбыстар туралы не білеміз? (Қосарлы дауысты дыбыстар; жеке тұрғанда буын құрайды.)
  • «Жарыс» сөзіне қатысты қандай тапсырма берілді? («Жарыс» мәтінін оқу.)

Қорытындылау сұрақтары тірек сөздер арқылы жүргізіледі. Одан кейін сергіту сәті орындалады: теледидардан жаңалық тыңдау (№2 мектептің ашылуы, қаламызға цирктің келуі).

III. Жаңа сабақ

Теледидардан не көрдік?

  1. Оқушылардың жауабына сүйене отырып, «хабар» сөзіне түсінік беріледі.
  2. Х х дыбысына тоқталу: ол — дауыссыз дыбыс, араб-парсы тілдерінен енген әріп.
  3. Әріптің жазылуы мен баспа түрі таныстырылады.

Жұмбақ

Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жүрмей тұғын жолы жоқ.

Жауабы: хат

Осы кезде мектеп хатшысы хат әкеледі. Оқушылар хаттың не екенін, хатты немен жазатынымызды талқылайды: қаламмен, сондай-ақ компьютер арқылы да жазуға болады, интернет арқылы жіберуге болады.

Пошташы мамандығы

Хат тасушы адам пошташы деп аталады. Пошташылар күн сайын мыңдаған адамға хат жеткізеді; олар суыққа да, ыстыққа да қарамай, елдің хат-хабарын тасиды. Біздің сыныпқа да хат келді — енді сол хаттың тапсырмаларымен жұмыс жасаймыз.

Х әрпі бар сөздермен жұмыс (жарыс түрінде)

1-қатар

Тақтадағы сөздерді оқиды да, буын санына сәйкес «пойызға» орналастырады: 1 терезе — 1 буын, 2 терезе — 2 буын, 3 терезе — 3 буын.

2-қатар

Сызбаға (торкөздерге) сөздерді орналастырады: сөзде неше әріп болса, сонша торкөзге жазылады.

3-қатар

«Саяхат» сөзіне дыбыстық талдау жүргізеді: дауысты-дауыссыз дыбыстарды анықтайды, буынға бөледі және буын түрлерін ажыратады.

Ұжымдық жұмыс

Топтастыру және сөз мағынасын түсіндіру:

ем дәрі шебер асхана әжет дәм ұста кітап

Жұмыстар тексеріліп, бағаланады.

Кітапхана және кітап мәдениеті

Мектебімізде кітапхана бар. Кітапханада жұмыс істейтін қызметкер кітапханашы деп аталады.

Сабаққа қонақ ретінде кітапханашылар — Алтыншаш және Ұлдана апайлар шақырылады. Олар кітапты жаздырып алу тәртібін және кітапты сақтаудың ережелерін түсіндіреді.

Мәтінмен жұмыс

  • Мұғалім мәтінді мәнерлеп оқиды.
  • Оқушылар тізбектей оқиды.
  • Сөздік жұмысы: кітапханашы — кітапхана қызметкері.
  • Тірек сөздер: кітапхана, кітап.
  • Сұрақ-жауап: кітап туралы не білеміз, кітап не үшін керек, кітап туралы мақал-мәтелдер.

Дәптермен жұмыс (жұптық)

Оқушылар Х х әрпінің жазылуын ауада жазу арқылы көрсетеді. Кейін оқулықтағы сөйлемді дәптерге жазады және өзара тексереді:

Үлгі

Х х. Мен кітапханаға бардым.

IV. Қорытынды

Ойын: «Кім тапқыр?»

Шарты: сынып оқушылары қонақтардың ішінен «х» дыбысы бар есімдерді атайды.

Бүгін қандай дыбыспен таныстық?

Бүгін Х х дыбысы мен әрпімен таныстық.

V. Үй тапсырмасы

  • «Кітапхана» мәтінін оқу.
  • Ата-әжелеріңе хат жазып келу.