Қонақтарға сөз

Тәрбие сағаты

«Нашақорлық — ғасыр дерті»

Бұл материал — 8 «Д» сыныбында өткізілетін ашық тәрбие сағатының мазмұны. Мақсаты — нашақорлықтың адам денсаулығына, мінез-құлқына және қоғамға тигізетін зардаптарын түсіндіру, зиянды әдеттерден аулақ болуға үндеу, адамгершілік және құқықтық тәрбие беру, салауатты өмір салтын насихаттау.

Сабақтың түрі

Дөңгелек үстел

Шақырылған қонақтар

Мектеп медбикесі, мектеп инспекторы

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап, ой қозғау, әңгімелесу, кері байланыс, суретпен жұмыс, үй тапсырмасы

Көрнекіліктер

Интерактивті тақта, оқушылардың суреттері, кітап-журнал көрмесі, доп, бейнебаян

I. Кіріспе

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Сәлеметсіздер ме, құрметті оқушылар және бүгінгі кештің қонақтары! 19 қараша — дүниежүзілік шылым шегуге қарсы күрес күні. Осыған орай, 8 «Д» сыныбы «Нашақорлық — ғасыр дерті» тақырыбындағы ашық тәрбие сағатын ұсынады.

Адам өмірі әрқашан қымбат. Ал өмірге қауіп төндіретін жағдайларға соғыс, ашаршылық, экологиялық мәселелер және адам ағзасын аздыратын зиянды әрекеттер жатады. Ендеше, зиянды әрекеттер мен зиянды заттарға нелер кіреді?

Оқушылардың жауаптары

  • Темекі шегу
  • Шылымқорлық
  • Алкогольдік ішімдіктер
  • Нашақорлық
  • Насыбай қолдану және басқа да зиянды әдеттер

Сабақтың бағыты

Бүгін біз зиянды әрекеттер туралы, әсіресе есірткі жөнінде әңгіме қозғап, одан сақтану жолдарын қарастырамыз. Сонымен қатар, осы жиынға шақырылған қонақтарымыздың пікірін тыңдаймыз.

II. Ой қозғау

Есірткіні күнделікті өмірде серік еткен адамдар туралы бейнероликті тамашалаймыз («Нашақорлық»).

Талқылау сұрақтары

  1. Есірткі дегеніміз не?
  2. Есірткінің қандай түрлері бар?
  3. Есірткінің адам ағзасына әсері қандай?
  4. Есірткіге тәуелділік (құмарлық) дегеніміз не?
  5. Нашақорлар есірткіге ақша табудың қандай жолдарын қолданады?
  6. Нашақорлықпен ауыратын адамдардың қандай құқықтары бар?

1) Есірткі дегеніміз не?

Есірткі сөзі гректің «narkosis» — «ұйықтату, ұйқымен ұмыттыру, жансыздандыру» деген мағыналарымен байланыстырылады. Есірткі — көңіл күйді, сана-сезімді және мінез-құлықты бұзатын, заңмен тыйым салынған қауіпті химиялық зат. Ол адамды тәуелділікке ұшыратып, сезімдерді бәсеңдетеді, кей жағдайда толықтай жансыздандыратындай әсер береді.

2) Есірткінің қандай түрлері бар?

  • Медицинада ауырсынуды басу мақсатында қолданылатын кейбір заттар: морфин, кофеин, метадон, көкнәр өнімдері және т.б.
  • Сора өнімдері: гашиш, анаша, марихуана және т.б.
  • Қолдан жасалған заттар (эфедрин тектес, синтетикалық дәрілер және т.б.).
  • Өндірістік және тұрмыстық химиялық заттар: бензин, бензол, толуол және т.б. (көбіне иіскеу арқылы қолданылады).

Адам ағзасына ең қауіпті әрі жиі кездесетін түрлердің бірі — анаша.

3) Есірткіні қолданудың жолдары

Есірткіні қабылдаудың бірнеше жолы бар: егу (шаншу), иіскеу, шайнау. Егу арқылы қабылдау ең қауіпті тәсілдердің бірі, өйткені зат қан арқылы миға өте тез жетеді. Тікелей тамырға жіберу қан айналымын бұзып, денсаулыққа ауыр зардап әкелуі мүмкін.

4) Есірткінің адам ағзасына әсері

Есірткі қан арқылы бүкіл ағзаға таралып, ішкі мүшелердің қызметін бұзады және уландырады. Алғаш рет қолданған адамның басы қатты ауырып, әлсіздік басуы мүмкін.

  • Іші өтуі, асқазанның ауыруы
  • Тәбеттің төмендеуі, жиі құсу
  • Аяқ-қол сіңірінің тартылуы
  • Тері жұқпалы ауруларына бейімділіктің артуы
  • Жиі шөлдеу, көз жанарының солғындауы

Есірткіні жиі қабылдау мидың қалыпты жұмысын әлсіретіп, зейін қою қабілетін төмендетеді.

5) Есірткіге тәуелділік (құмарлық) дегеніміз не?

Тәуелділік кезінде адамның ойы мен әрекеті есірткіге байланып қалады: ол есірткісіз өзін басқара алмайтындай күйге түседі. Аз мөлшерде болса да есірткі табу — ең басты мәселеге айналады. Есірткі бастапқыда «рахат» сезімін бергендей көрінгенімен, уақыт өте келе адамды әлеуметтік өмірден алыстатып, сананы тұмандандырып, адамгершілік қағидаларды әлсіретеді.

6) Нашақорлар ақша табудың қандай жолдарын қолданады?

Есірткіге тұрақты түрде ақша керек. Жұмыс істемейтін адам үшін күнделікті аз көрінген соманың өзі үлкен мәселеге айналады. Осы себепті тәуелді адамдар көбіне қылмысқа барады.

  1. Достарынан, туған-туыстарынан, ата-анасынан қарыз сұрау
  2. Үйден ұрлау: тұрмыстық техника, бағалы заттар, әшекейлерді сату
  3. Көрші-қолаңнан, дүкеннен ұрлық жасау
  4. Есірткіні дайындау және сату сияқты заңсыз әрекеттер

7) Нашақорлықпен ауыратын адамдардың құқықтары

Нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалтуға қатысты құқықтық нормалар бар. Негізгі құқықтар:

  • Білікті медициналық-санитарлық көмек алу
  • Наркологиялық мекемелер мен ұйымдарды таңдау
  • Өзінің наркологиялық дертке шалдыққаны туралы ақпарат алу

III. Пікір алмасу: қонақтарға сөз

Оқушылар есірткі туралы негізгі мәліметтермен бөліскеннен кейін, мектеп медбикесі мен мектеп инспекторы қысқаша түсіндірме жасап, оқушылардың сұрақтарына жауап береді.

Қойылатын сұрақтар

  1. Есірткі пайдаланған адам емделе ала ма?
  2. Психотропты заттар дегеніміз не?
  3. Балалар есірткіге қай жастан бастап тәуелді болуы мүмкін?
  4. Есірткі пайдаланғанда адам қайтыс болуы мүмкін бе?
  5. Ақтау қаласында есірткі тарататын немесе сататын адамдар бар ма?
  6. Заң алдында есірткі өсіретін адамдар қалай жазаланады?
  7. Есірткі пайдаланған адамды қалай байқауға болады? Сау адамнан қалай ажыратуға болады?
  8. Ақтау қаласында нашақорлықпен ауыратын адамдарды емдейтін мекемелер бар ма?

IV. Кері байланыс: «Суреттер сөйлейді»

Оқушылар үй тапсырмасы ретінде салауатты өмір салты тақырыбында сурет салып келеді. Әр оқушы өз жұмысының идеясын түсіндіріп, ойымен бөліседі. Сыныпта шағын сурет көрмесі ұйымдастырылады.

Кітапхана бұрышы

Мектеп кітапханасында «Нашақорлық — ғасыр індеті» атты ақпараттық бұрыш ұйымдастырылады. Республика баспаларынан шығатын ақпараттық-публицистикалық басылымдармен танысу ұсынылады (мысалы: «Наркопост», «Есірткісіз болашақ», «ҚР мектептеріндегі зиянды заттарды қолданудың алдын алу» және т.б.).

V. Рефлексия: «Шаттық шеңбері»

Мұғалім оқушыларға допты көрсетіп, оның нені білдіретінін сұрайды. Оқушылар доптың спорттың белгісі екенін айтады. Спорт — денсаулық кепілі. Допты бір-біріне беру арқылы әр оқушы сыныптастарына бір жақсы тілек айтады.

VI. Қорытынды

Нашақорлық — қоғам дерті. Онымен күресу бір адамның ғана қолынан келмейді. Ата-ана, мектеп және әрбір Қазақстан азаматы бірігіп әрекет еткенде ғана нәтиже болады.

Ортақ ұран

Біз салауатты өмір салтын қолдаймыз!
Біз нашақорлыққа жоқ дейміз!

Қатысқан қонақтарға және белсенділік танытқан оқушыларға алғыс білдіріліп, тәрбие сағаты жабық деп жарияланады.