Мектеп деген тәрбиеші адамға, Мектеп деген даналардың мекені
Бастауышпен қоштасу кешінің мазмұны
Төрт жыл бойы жүрекке жылу құйып, білімнің іргетасын қалаған бастауышпен қоштасу — әр бала үшін ерекше белес. Бұл мәтін мерекелік кештің ашылу сәтінен бастап, құттықтау, таныстыру, өлең-жыр мен өнер көрсетілімдеріне дейінгі рухани арқауын жинақтайды.
Тақырыбы
«Сарқылмас ұлылықтың бастауысың, Саған мәңгі бас ием, Бастауышым!»
Көрнекілігі
- «Шуағын төккен 4 жыл» фотомонтажы
- Слайдтар
- Қанатты сөздер мен тақырыптық безендіру
Мақсаты
- Білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын, бастауышта алған білімнің берік негіз болып қалатынын ұғындыру.
- Алғаш қолына қалам ұстатқан ұстазымен және бастауыш сыныбымен қоштаса отырып, орта буында дәріс беретін мұғалімдермен таныстыру; әр баланың ерекшелігін ескеріп, ақ жол тілеу.
- Білім ордасы — мектеп пен ұстазды құрметтеуге тәрбиелеу, білімге құштарлықты арттыру; Отанын сүйетін адал ұл-қыз болып қалыптасуына ықпал ету.
Ашылуы
Құстар биі
Кеш шымылдығы нәзік те серпінді би қимылдарымен ашылып, балалықтың ерке көңілі мен жаңа белеске қадам басқан ұландардың шаттығын сезіндіреді.
Кіріспе сөз
Армысыздар, мұғалімдер — әз жандар,
Білім іздеп инемен құдық қазғандар.
Сан ұрпақты тәрбиелеп, оқытқан,
Өмір деген ұзақ жолда тарландар!
Бүгін, міне, бастауышпен қоштасады балбұлақ,
Әні менен жырына, тарландарым, сал құлақ.
Кеше сәби, бүгін — жас ұлан,
Лаулап жансын болашағың, шамшырақ!
Кеше ғана тарыдай болып кіріп, ақыл-ойы толысып, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттеріміздің ұйымдастыруымен №86 киелі шаңырақта өтетін «Сарқылмас ұлылықтың бастауысың, Саған мәңгі бас ием, Бастауышым!» атты мерекелік кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!
Ерекше күннің мәні
Құрметті ата-аналар, қымбатты әріптестер, оқушылар! Бүгін — ерекше күн. Төрт жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған балаларымыз бастауышта білім алып, қанаттарын қатайтып, енді бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр.
Білім бізді қызғалдақтай гүлдетті,
Бастауышты тәмамдайтын күн жетті.
Қошеметпен шақырамыз ортаға,
Қадам басқан шәкірттерін құрметті!
Ендеше бастауыш сыныпты тәмамдаушы түлектерімізді ортаға шақырайық!
Түлектерді қарсы алу
Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да,
Мұндай күй болған шығар қаншаңызда.
Қол соғып, қошеметтеп қарсы алайық —
4 «Б» сыныбын ортамызға!
Музыка әуенімен бастауыш түлектері ортаға келеді.
Құттықтау сөз
Ажырамай мектеппен бір елі сіз,
Жақсылыққа жаралған жүрегіңіз.
Сөз берелік құрметпен өзіңізге,
Түлектерге арналсын тілегіңіз.
Мерекелік кешімізді ашу үшін сөз білім ордамыздың басшысы Бақдәулет Сайтмұратовқа беріледі.
Өнер бөлімі
Түрік биі
Төрт жыл бұрын алты жасар бала болған оқушылар бүгін есейіп, бастауышпен қоштасады. Олар ұстаздары мен ата-аналарына өз өнерлерін арнауға дайын.
Жүргізушілерді шақыру
Олай болса, кеш тізгінін ұстайтын жүргізушілерімізді ортаға шақырайық!
Жүргізушілер сөзі
Әлібек
Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты.
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар, ұстаздарым қымбатты!
Айсенім
Армысыздар, әжелер мен аналар,
Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.
Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,
Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар.
Әлібек
Армысыздар, өр тұлғалы әкелер,
Қыран құстай балапанын мәпелер.
Бүгін, міне, бастауышпен қоштасады,
Азамат боп кешегі сәби еркелер.
Айсенім
Армысың сен, алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр-алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мектебіме арналады бұл әнім.
Әлібек: Дұрыс айтасың, Айсенім! Бұл мектептен қаншама адам тәлім алған десеңші. Менің атам да, әжем де, әкем де, анам да — енді міне, мен де осы мектептен тәлім алып келемін.
Айсенім: Олай болса, Әлібек! Алтын ұя мектебімізге арнап Бота Бисенова апамыздың «Мектебім» әнін шырқайық!
Әлібек: Иә, мектебімізге қандай жыр арнасаң да жарасады. Ендеше сыныптастарымыздың мектепке арнаған жырларын тыңдайық.
Мектепке арналған жырлар
Мадина
Мектеп деген — білім кені, жыр кені,
Мектеп деген — ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген — тәрбиеші адамға,
Мектеп деген — даналардың мекені.
Рамазан
Мектебім — білім берер алтын ұям,
Ер жетіп, өстім сенде, артты санам.
Баулыған төрт жыл бойы ата-анамдай,
Әрқашан қасиетті атың маған.
Арадан өтсе дағы дүркіреп жыр,
Әр күні балалықтай — біл жүрек бұл.
Өзіңе борыштармын өмір бойы,
Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.
Жасұлан
Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға — киелі.
Қанат қаққан білім алып өзіңнен,
Күллі шәкірт саған басын иеді.
Елік
Мектебім, алтын ұяң — нұрың жарық,
Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.
Сүйкімді сенің күміс қоңырауың,
Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.