Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас

Сабақ тақырыбы мен мақсаты

Пән / сынып

Қазақ тілі, 8-сынып

Тақырып

Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас

Нәтиже

Оқушылар қарсылықты бағыныңқылы сабақтастың белгілерін, жасалу жолдарын танып, сөйлем құрастырып қолданады.

І кезең: ұйымдастыру және қайталау (5–7 минут)

Мұғалім әрекеті

  • Ұйымдастыру сәтін өткізеді.
  • Өткен тақырып бойынша деңгейлік тапсырмалардың үйде орындалуын тексереді.
  • Төмендегі «Көпір тапсырмаларын» алдымен жеке, кейін фронтальді түрде тексереді.

«Көпір» тапсырмалары (қайталай отырып жаңа тақырыпқа өту)

Тапсырма: сұрақтарға жауап беріп, қажет сөздерді орнына қой.

1) Сабақтас құрмалас сөйлемнің жасалу ерекшелігі қандай?

Жауап: құрамындағы жай сөйлемдерінің алғашқысы тиянақсыз болып, соңғысына бағына байланысатын құрмалас сөйлем түрі.

2) Мағыналық қарым-қатынасқа қарай сабақтас құрмаластың неше түрі бар?

Жауап: 6 мағыналық түрі бар:

  • Шартты бағыныңқылы сабақтас
  • Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас
  • Мезгіл бағыныңқылы сабақтас
  • Себеп бағыныңқылы сабақтас
  • Қимыл-сын бағыныңқылы сабақтас
  • Мақсат бағыныңқылы сабақтас

3) Сурет арқылы ой қозғау

Мұғалім суретке сүйене отырып, қарама-қарсылық мағынасының мәтіндегі/сөйлемдегі көрінісін әңгімелетеді және жаңа тақырыпқа жетелейді.

ІІ кезең: жаңа сабақты меңгерту (топтық жұмыс)

Жұмыс форматы

  • Оқушылар «Білу – Түсіну – Талдау – Жинақтау» тәсілдері бойынша тапсырмаларды өздері орындайды (10 минут).
  • Жауаптары мұғаліммен бірге талданады (10 минут).
  • Нәтижесі ауызша марапатталады.

1-қадам: «Білу» (теория)

Тапсырма: бос орынға қажетті сөздерді қой.

1) Басыңқыдағы іске бағыныңқыда айтылған іс қарсы қойыла айтылатын сабақтасты қарсылықты бағыныңқылы сабақтас дейміз.

2) Қарсылықты бағыныңқы сөйлем баяндауышының жасалу жолдары:

  • Шартты райлы етістікке да/де шылауының тіркесуі арқылы.
  • Шартты райдың болымсыз түрі арқылы (-ма + са).
  • Есімшеге көмектес септік жалғауының қосылуы арқылы (-мен).
  • Есімшеге -ша/-ше жұрнағының жалғануы арқылы.
  • -а/-е/-й жұрнақты көсемше түрі арқылы.
  • Келер шақ есімшенің болымсыз түріне шығыс септік жалғауының жалғануы арқылы (-тан/-тен).

2-қадам: «Түсіну» (неге қарсылықты?)

Тапсырма: төмендегі сөйлемдерді неліктен қарсылықты бағыныңқылы сабақтас дейміз?

1) Май құйған шам сөнсе де, үмітің сөнбес дүниеде.

2) Жастар білім жағынан артық болғанына қарамастан, тәжірибелі жұмысшылардың жәрдеміне мұқтаж болады екен.

3) Жетпіс жыл өмір сүре тұра, аз секілді білгенім.

Жауап (негіздеме):

  • Бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы тиянақсыз келеді.
  • Екі сөйлемдегі ойлар бір-біріне қарама-қарсы мәнде айтылады.
  • Құрылымы қарсылықты бағыныңқылы сабақтастың жасалу үлгілеріне сәйкес келеді.

3-қадам: «Талдау» (салыстыру арқылы ажырату)

Қарсылықты салалас құрмалас

Мысал: Өлеңімен жүрегіңді жылытқан ақынның бәрін де жақсы көресің, бірақ соның ішінде өзгелерден ыстық боп танылатыны болады.

  • Бірінші жай сөйлемнің баяндауышы тиянақты, салаласа байланысады.
  • Қарсылық мәні жалғаулық шылаулар арқылы беріледі.

Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас

Мысал: Көп балалы үйдің шаң-шұңы көп болғанымен, іші бауырмалдық пен қарапайымдылыққа толы.

  • Бірінші жай сөйлемнің баяндауышы тиянақсыз келеді.
  • Екі жай сөйлемнің бірі екіншісіне бағына, сабақтаса байланысады.

Ортақ белгілері

  • Екеуі де күрделі ойды білдіреді.
  • Екеуінде де қарама-қарсылық мағына бар.

Тақырыптың басты идеясы

  • Екі құрылым да құрмалас сөйлем және екеуінде де қарама-қарсылық мағына кездеседі.
  • Салаласта баяндауыш тиянақты болып, сөйлемдер салаласа байланысады.
  • Сабақтаста бағыныңқы баяндауыш тиянақсыз болып, сөйлемдер сабақтаса байланысады.

4-қадам: «Жинақтау» (тірек-сызба)

Тапсырма: «Қарсылықты бағыныңқылы сабақтас» туралы білгеніңді жасалу жолдары бойынша жинақта.

Жасалу жолдары

  • Шартты райлы етістікке (-са/-се) да/де шылауының тіркесуі.
  • Шартты райдың болымсыз түрі (-ма + са).
  • Есімшеге көмектес септік (-мен), кейде да/де шылауының қосылуы.
  • Есімшеге -ша/-ше жұрнағының жалғануы (мыс.: -ған + ша).
  • -а/-е/-й жұрнақты көсемше тұлғасы.
  • Келер шақ есімшенің болымсыз түріне шығыс септігінің жалғануы (-тан/-тен).

Оқулықпен жұмыс (5 минут)

«Қолдану» және «Баға беру» тәсілдеріне сәйкес практикалық тапсырмалар орындалады (рефлексия, эссе, сөйлем құрастыру). Нәтижесі ауызша марапатталады.

5-қадам: «Қолдану» (практика)

Тапсырма: берілген үлгілер негізінде қарсылықты бағыныңқылы құрмалас сөйлем құрастыр.

1) Жас болсам да, көп ізденуді мұрат еттім.

2) Таң алдында бір сағат мызғығаны болмаса, Абай бұл түнді ұйқысыз өткізді.

3) Талабы күшті бола тұра, жемісті еңбекке еңбекқорлық жетелейді.

4) Әлгі түсімді қайта-қайта көргім келгендей көзімді жұмғаныммен, ұйқым келмеді.

6-қадам: «Баға беру» (рефлексия)

Сұрақ: қарсылықты бағыныңқылы сабақтасты сабақтастың басқа мағыналық түрлерінен қалай ажыратуға болады?

Жауап: қарсылықты бағыныңқылы сабақтасты құрамындағы жай сөйлемдердің мағыналары бір-біріне қарама-қарсы келуінен тануға болады. Сонымен бірге оны жасалу жолдары арқылы да ажыратамыз.